file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  21.04.2025
  247


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

Түтін

 


 


        Ары-бері дөңбекшіп ұйықтай алмаған Гүлзия әжейдің :


-Қуып шығайын өздерін,-деген сөзіне үнсіз үһілеп  жатқан шалы:


-Қой,қызып алған бәлелердің тілі тиіп кетіп жүрер,ертең сөйлесермін өзімен,-деді.


     «Өзімен»  деп отырғаны жалғыз ұлы- Қаныбек. Сол Қаныбектің   бойында  Келдібек қарттың  тамшы  қаны болғанда  тағдыры  бұлай болмас па  еді? Ұрлық жасап  түрмеге екі рет  жатып шықты.Келгеніне  апта болған  жоқ, міне  бүгін  сыйқы келіспеген  жолдастарын  ертіп кеп ескі әдетіне  қайта басты.


      Қаныбек ұйқыдан сәске ауа  бір-ақ  тұрды.Келдібек  тамақтанып отырған  ұлының  қасына келіп отырды да:


-Кешегілерің кім? -Жауап  болмаған соң,-О,бағы күйген,неге сонша  сормаңдай  болдың,  ана күні айтқан  ақылымыз не болды? Ой  тоқтатар кез келді ғой,-деді наза болып.


-Жастайынан  тура  жолдың  торабын  ұсынып келеміз,  осы күнге дейін  сол жолды баспай енді басыпты,-деп анасы  сөзге килікті.


      Түні бойы ішкен  арақтың  уыты тарқамағандықтан  тұла бойы  тырысып отырған Қаныбек  ата-ана  сөзін  бақайынан келтірмеді.


-Керек емес,керегі жоқ ақылдың,өзім   білем  не істерімді,-деп  ішіп отырған тамағын  ысырып жіберді.


         Біраз үнсіздіктен кейін , түк болмағандай:


-Маған ақша  керек,-деді әкесіне қарап.


-Оны қайтейін деп едің?-деді  әкесі білтесі бітуге  таяп қалған  шамдай,баяу  үнмен.


-Бала-шағамды  әкелемін,енді  өзгеремін,-деді  Қаныбек  бұрынғы  дағдысы  бойынша.


-Бұл сөзіңді  неше айттың,келінді қинап қайтесің, алдымен өзіңді  түзеп  ал,  тәуір жағыңды  көрсет,өзі-ақ келеді,-деді Келдібек.


-Ақша бересің бе,жоқ па?!-деді  Қаныбек көр кеудесіне нан пісіп.


-Жоқ,-деді әкесі де  ашуға мініп , әке сұсына  қаймыға  ма деп  еді,Қаныбектің темір  тордың  ар жағында  жүргенде  туған  мейірімсіздігі  өршіп  кетті.Орнынан  тез тұрды, бұл  кезде  оның  түк басқан  қара жүзі тіпті  қорқынышты еді.


     Қаныбек әкесінің  әкелік абыройын  мінәсіп  көрмей,  оқыс қылық  көрсетті.


-Бермейсің  ғой,ә?!- деді де  әкесінің жағасынан ала түсті.Отырған әкесін тұрғызып  алып  дуалға  соғып-соғып  алды да,  буындыра берді.Анасы ажыратып  қолына жабысып  болмаған соң ,әкесін  итеріп жіберді  де,тысқа шығып кетті.


        Мұндай жайды күтпеген Келдібек қарттың меселі қайтып,     өзін ретке келтіріп  орнына отырды да:


-Тфу,- деп түкірінді.Күйінгенде осылай ететін.Көзінен ыршып  түскен  жас сақалын жуды.


-Әй,атаңа  нәлет, «жетім  қозы асырасаң аузы-мұрныңды май етеді, жетім  бала  асырасаң аузы-мұрныңды  қан етеді» дегені осы екен  да,-деді де,  тіл астына  насыбай тастап  үнсіз  қалды.


     Онсыз да кәріліктен  аласарып  кеткен  бойы енді  тіпті  шөгіп кеткендей.Жасы  болса  жетпіске  таяды.  Осы күнге дейін  не  қызық  көрді, жастайынан жоқшылық , оқу-тоқудан қалып, өмірі ауыр жұмыспен  өтті,оған  қорланбады  да.


    Әйелі бір қыздан  кейін етегі  қанамады.


    Бәйбішесінің айтуымен тоқал алды, онысы көшеде біткен  шаранасымен келді.Осы Қаныбекті туып  берді де ,ізім-қайым жоқ болды.


-Бір  жерің ауырып  қалмады  ма?-деп ебелектеп  жүрген кемпіріне  Келдібек  үміті сөнген  көзімен  мөлие қарады да:


-Таза киімдерімді әкел ,-деді. Үйден  шығарында  ренжіген жас баладай :


-Қызыма барам,-деді.


Көшенің басына  жеткенде  артына  бұрылып  биік  үйлердің  арасынан отыз  жылдан  бері өзгеріссіз  тұрған  үйінің  мұржасынан шығып  жатқан  әлсіз  түтінге  ұзақ  қарады. Жалынсыз  көздері   «Шынымен-ақ  сөнгенің  бе, ә,қу  өмір  зайғы  өткенің  бе?» дегендей еді. Келдібек  қызының  үйіне  жеткенде  кеуде  тұсының  шанши  бастағанын сезді. Дәм де  тата  алмай  өкпесі  сырылдап,  тынысы  ауырлай  берді. Жедел  жәрдем  жеткенше ішке  толған  қасірет  - күйік  қалжыраған ,өксікті, шерлі  жүрегін  тұншықтырып  тастаған еді.


 


                                                                                                 2002 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу