file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  21.04.2025
  231


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

Тордағы  бозтарғай

           


 


 


      Рафия   әжей төсек  тартқалы  бері  туған  жерін  көп  ойлайтын  болып  жүр. Бірақ: «Мұнда  келіп  не  жаманшылық  көрдім, өндім-өстім,  қатарға  қосылдым»  дейді. Тек  сапырылысқан  өзгерістермен   өткен  заманына  ренжулі  сияқты.


     Отыз  үшінші  жылғы   қырғында  екі  жасқа  толғаны  сол  еді, анасы  бақилық  болды. Отыз   тоғызыншы  жылы  әкесі  әскерге  алынды, одан соғыс. Бауырларымен  бірге  жетімдер  үйінде  болды, аялы  ұялары  соғыс  өршіген жылдары  әскери  дайындық  жүргізушілердің  жатақ  орны  болды  да  ,  ағасы  мен  інісі   басқа  ауданға  ауысты. Бұл  болса  елімен  шекаралас  Қазақстанға  жөнелтілді.


     Соғыс  біткен  соң  Рафияны  іздеп  келген   ешкім  болмады. Бірге өскен  құрбыларымен  Алматыға  келді, балиғатқа  толғанша  сонда  білім  алды. Ең  соңы  мақталы  оңтүстікке  келген. Осында  Сәрсенбекпен  танысқан, тағдырлары  тетелес  екен, екі  жарты  бір  бүтін  болды. Үш  қыз, бір  ұл  өсірді. Заман  түзелген  жылдары  әкесінен  хабар  келіп  төбесі  көкке  жеткен, бауырлары да  аман  екен. Сол  күні-ақ   Сәрсенбек екеуі  Башқұртстанға  жүріп  кеткен. Кейін  де  жиі  барып   тұратын, келе-келе  тірлік  тәш-піші, денсаулығы  көтермеді. Қосағы  дүниеден  өткен  соң  ұлынан  қайран  болмай  үлкен  қызының  қолында  тұрды. Кіндік  қаны  тамған  жерге  ат  ізін  салмағалы  міне  он  бір  жыл...


     Кең   бөлмені  кеңінен  жайлаған  көктемнің  жылы шуағына  балқып  өткен  өмірін  ойша  шолып  жатқан  Рафия  үшіншіде  оқитын  немересі  Нұржанның  үніне  селк  етті.Ә  дегеннен  бұрылып  қарай  алмады. Темірдей  қарысып  қалған  буындары  еркіне  көнбеді.


     -Әже, табыңызшы, мен  не  әкелдім?-деді  Нұржан  арқасына  жасырып  тұрған  затын  тығып. Әжей  Нұржанның  үстіне  жұққан   көк  шөптің  бояуын  көріп  шошып кетті.


    -Жылан  қуғаннан  саумысың?-деді  сұрланып.


    -Таппадыңыз, таппадыңыз!-деді  Нұржан  қуанып, сөйтті  де  ендігі  жасыруын  жөн  көрмегендей  көрсете салды.


         Ақ  сымнан  тоқылған  тордың   ішінде  кәдімгі  бозторғай  .Тарыдай  көзі  жылт-жылт  етеді, жатырқап  тұр.


     -Неге, қинайсың  оны? Босата ғой, жаным,-деді  Рафия  өкпелі  үнмен   жанығып. Мұндайды  күтпеген  Нұржан:


      -Ой, әже ,бұл  сізге  күнде  ән  салып береді ғой, мен  асырап  бағамын, өмірі  жемеген  жемін  беремін.


    -Алтыным, ақылың  бар  еді  ғой, жібере  қойшы,-деді  әжесі  қиылып. Ерке  өскен  Нұржан  құсты  қалай  ұстағанын  айтайын  деген  балалық   мақтаныштың  іске  аспай қалғанына  ызыланды ма, бойына  әлдебір  қайсарлық  бітіп:


    -Босатпаймын, осында  жасайды,-деді де  құсты   сөренің  үстіне  қойып шығып  кетті. Рафия орнынан  тұрайын  деп  ұмтылып көріп  еді, аяқ-қолы  біртүрлі  епке  келмей  қойды. Қызы  жұмыстан  келгенде  айтайын  деген, сүйікті  немересінің  шешіміне қарсы  шыққысы  келмеді.


      Нұржан бұртиып  жүріп  құсына  дән де ,су  да  берді, бозтарғай  нәр  татпады. Терезеден  тысқа  қарап  телміріп  тұрып  алды. Құстың  дәл  мына  тұрысы  Рафияның  сағынышқа  толы  аңсаулы  ділін  жаралап, дертін  асқындырғандай  еді.


      Кешкі  астан  кейін  Нұржан әжесінің  жанына  келіп  отырды да, үлкен  адамша  сөз  бастады.


   -Білемін, сіз  туған  жеріңізді  сағынасыз, әттең ,-деп  қояды  әлдебір   іске  өкінгендей.-Мен  ержеткенде  ұшқыш  боламын, сонда  мына  құстан  да  жылдам  ұшатын  ұшақ  айдаймын. Сізді  Уфаға  апарамын, бауырларыңызбен  қауышасыз,- деді. Рафия  әжей күлімсіреп  немересін  өзіне  тартқандай  болды. Сонда  Нұржан:


   -Әже, ол  жақ  қандай? Айтып  беріңізші?-деді  әжесінің  бауырына  тығылып.


   -Ол  жақта жаңбыр  жиі  жауады, қысы  суық  келеді, айнала  нулы  орман, қыста  ат  шанамен  жүресің,-деп  күрсініп  алды да  ,тордағы  бозторғайға  қарап:


-Ол  жерде де  мынадай  құстар  мекендейді. Бұл  құс  жайлы  ел арасында  аңыз да  бар, қаласаң  айтып  берейін,-деді  Рафия  әжей .


    -Иә, айтыңызшы,-деді  Нұржан  әжесінің  құшағына  кіре  түсіп.


    -Ертеде  бір  кедейдің  жалғыз  қызы болыпты. Түріне  ақылы сай  келбетті  қыз  кереметтей  ән  салады  екен. Бір  күні  ханның  жансыздары  сол  қызды  ұрлап  әкетеді. Хан  оны  сарайда  қамап  ұстайды. Ұяң  қыз  алдында  ән  салуды  жөн  санамайды. Нәр татпайды ,ата-анасының  ,бауырларын, ауылын, күлкіге  толы  еркін  шақтарын  сағынады. Бір  айдың  ішінде  әппақ  қана  реңі  күлгін  тартады.


       Бір  күні  бозарып  атқан таңда  әлгі  қыз  құсқа  айналып  ұшып  кетеді.Ол  құсты  содан  бері  бозторғай  деп  кеткен. Әжей  сөзін  бітіргенде  Нұржан  ұйқыға  кетті. Рафия  әжей  түнімен  ыңырсып  шықты.


     Таңертең  Нұржан  құсты  босатып  жіберді де :


   -Ұш, самға! Сен   даланың  еркін  құсысың, өз  ортаңда  ғана  толық  бақыттысың!- деді. Кешегі  түн  әжесімен  ең  соңғы  сырласу  түні  екенін  Нұржан   әлі  білмеген  еді.


                   


                                                                                               2003 жыл. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу