Әңгімелер ✍️

Сарғайған сағыныш
– Түскi асқа келiңiздер, – деп шақырған күтушi қыздың даусын естiген Әлия әжей елең ете қалды. Немересi Жазираның даусына ұқсатты. Елден бұрын бөлмеден шығып күтушi қыздың жанына жетiп барды. “Жазираш” деп қалғанын да бiлмей қалды. Ол еместiгiне көзi жеткенде ғана керi қайтты. Жапырлап асханаға жөнелген қарт аналарға iлеспей, өз бөлмесiне барып қайта жайғасты. Бiраздан берi сөзi жарасып құрбысына айналған Вераның: – Не болды? Жүрсеңшi, – деп қиылғанына мән бермей отыра бердi. Терезеге телмiрiп үнсiз қалды. Көңiлi торығулы Әлия әжейдiң көзiнен үзiлген құсалы сағыныштың моншақтары әжiмдi бетiн жуып жатты. “Бұл күйге қалай түстiм, қай тұстан қате жiбердiм?..” – деп өткенге ой жүгiрттi.
Ата-анадан ерте айырылды, тұрмысқа шықты. Бiрiншi күйеуiнен етегi қанамай ажырасып кеттi. Екiншi рет тұрмыс құрды. Құдай жарылқап отыз бесiнде ұлды болды. Есiмiн Құдайберген қойды. Көп ұзамай сүйген жары жазылмас дертке шалдығып қаза тапты. Жамандық атаулы жалғызды жағалайтынын бiлетiн. Тағдырдың ызғарлы желiне тоңбайын деп әрекет еттi. Жары да, өзi де атадан жалғыз едi. Ендiгi жалғыз ұлын жеткiзейiн деп барынша тыраштанып бақты. Белгiлi мамандығы болмай, қара жұмысқа жегiлдi. Алаңсыз бiлiм алсын деп баласын қаладағы интернат-мектепке бердi. Алматыға жоғары оқу орнына түсiрдi. Бiлдей инженер мамандығын алып шыққан ұлы қызметке тұрды. Үйлендi, балалы болды. “Ауылдағы үйдi сатамыз, қаладан екi бөлмелi пәтер алайық” дегенiне көндi. Ұлының қызметi өстi, ерте кетiп кеш оралады.
Ес бiлгелi ұлының ана жанынан жырақта өсiп тасбауыр, безбүйрек болып кеткенiн, қазақы тәрбиеден ада, қалада тұрып, дара жүрiп үйренiп қалғанын кеш бiлдi. Қауырт, асығыс өткен өмiрiнде ұлымен бетпе-бет отырып аналы-бала боп сырласқан күнiн есiне түсiре алмады.
Келiннiң кем-кетiгiн түзеймiн деп басталған ене мен келiн керiсiнiң соңы келiннiң жеңiсiмен аяқталғанын да кеш түсiндi.
Соңғы кездерi буын ауруы жабысып аяғын бастырмай қоятынды шығарған. Ұлы мен келiнi “бiр апта емделесiз” деп әкелген ауруханасы қарттар үйi екен, оны да кейiн бiлдi. “Жетпiске келiп жеткен жерiм осы екен” деп iштей тынған. Сенгiсi келмей бiр жетiден соң үйiне телефон шалған. “Үй иелерi Астанаға көшкен, бiз пәтердi жалдап тұрып жатырмыз” деген бөгде бiреудiң даусын естiп... не болғанын өзi де түсiне алмай, ес-түссiз бiраз жатқан. Ақыры үмiтiн үздi. Бiрақ жасылы кетiп сарғайған жапырақтай жаралы жүрегi бауырына басып әлпештеп өсiрген Жазирашының бiр келерiн сезедi.
Әлия әжей ауыр ойдан арылып айналаға көз жүгiрттi. Көше сыпырушы жiгiттен жөн сұрап тұрған бойжеткендi көзi шалды.
Кейуананың кеудесiнде дүлей дауыл ұйытқып, сарғайған сағынышы жанарынан жас боп үзiлiп жатты.
– Жазирашым келдi, айттым ғой сендерге келедi деп, сезiп ем, – дей бердi төменге қарай қолын бұлғап.
Жас Алаш 2015 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇