Әңгімелер ✍️

Қызғаныш
Аспан күркіреп ,алғашқы тамшылар Гауһардың бөлмесіндегі терезе әйнегін ұрды. Гауһар сағатқа қарады да терезеге үңілді.
-Жаңбыр,-деді өкпелі үнмен, төменде ешкім көрінбеген соң. Кейде Санжар ұсақ тастарды әйнекке дәлдеп лақтырушы еді. Подъезді басына көтеріп ысқырмайтын. Міне, сонда Гауһар терезеден жалт қарап, әйнекке саусағымен «сүйемін» деп жазатын. Төменде тұрған Санжар да ауаға саусағын нұсқап жазатын. Бірнеше мезеттен соң, екеуі жолыққан сәтте Гауһар Санжардан:
-Жаңа не жаздың, түсінбедім?-дейді қуланып, түсінсе де әйтеуір сол сөзді сәт сайын естуге ынтық. Гауһар Санжармен қызықты сәттерді еске алып, терезе жанына орындық қойып жайғасқанын білмей қалды. Найзағай жарқ еткенде селк етті.
Самат ГауҺармен бір аулада көрші тұрған. Жастайынан тай-құлындай жарысып, бірге өскен досы. Бірге өткен балалық шағында ГауҺардың қорғаушысы да, жақтаушысы да бола білген. Бірақ, есейе келе екеуінің арасы өткен уақытпен бірге алыстай берді. Самат Гауһар мен Санжар арасындағы махаббатты қабылдағысы келмейді.
Тұтасқан қап-қара аспан қала үстін тұмшалап тұр. Санжар ГауҺармен кездесуге асығып келеді. Гауһар тұратын үйге жете бергенде алдынан бір топ жігіт шығып, жолын кес-кестеді.Арасында Самат та бар екен.Самат Санжарға кіжініп сөйледі:
-Мен саған мұнда келме дедім ғой!
-Әйтпесе не болады? –деді Санжар да қырсығып.
-Жаман болады! - деді Самат жұдырығын түйіп. Араздық соңы төбелеске ұласты.Терезе алдында отырған Гауһардың құлағына дабырлап сөйлеген дауыстар естілді. Жүрегі бір қауіпті сезгендей, киінді де, тысқа шықты.
Алғашқыда үш жігітке бой бермеген Санжар әлсірей бастады. Жүгіріп жеткен Гауһар да осы кезде төбелестің ішінде жүр еді.Санжардан ауыр соққы жеген Саматтың көзіне қан толып, төс қалтасынан пышақ алды. Қызғаныш, ызаға булығып, Санжарға тұра ұмтылғанда,оқталған пышағын Гауһардың жүрек тұсына сұғып алды. Гауһардың әлсіз шыққан нәзік үні «мама» деді, бұл ақырғы үні еді.
Қолы қанға малынған Самат қаша жөнелді. Санжар тізерлей жүріп жансыз жатқан Гауһардың басын көтеріп, өкіріп жылады.
Қара бұлттың көбесі сөгіліп,қара нөсер шелектеп жауды.
Оңтүстік Қазақстан №86 (17 562) 22.07.2003
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇