file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  21.04.2025
  19


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

                                         Әйелдiң әлегi

              


 


 


    Сәкен ауылға кеш бата жеттi. Ешкiмнiң көзiне түспеу­ге тырысып, тез-тез адымдап, үйiне жеткенше асықты.


– Жетер, осы күлкi болғаным да, – деп күбiрлеп ке­ледi. Жадырамен құрылысқа бiрге кеткен жерлестерiне де, Жадыраның әлдебiр еркекпен әуейi болғанын тегiс бiлетiн ауылдастарына да ренжулi.


Кенет тасадан:


– Сәлем, Сәкен! Келуiң­мен! – деген көршiсi Бекболдың даусын танып, ұяттан өртенiп кете жаздады. Ес­тiмеген сыңай танытып жүре бердi. “Сен де бiлесiң, сыртымнан күлiп, мысқылдап жүрген шығарсың, ә?” деп ойлады.


Анасымен де салқын амандасты. “Жан досым – анам” деп түсiнетiн Сәкен анасына да қапалы едi. “Әкелеп” алдынан шыққан ұл-қыздарына да қабағы жазыла қоймады. Өз бөлмесiне кiрiп кеттi. Жер бауырлап жатып алды. Жанына анасы келiп жайғасты да, баласының басынан сипап:


– У-у-ф-ф, – деп терең күрсiнiп алды да, – бес баласынан бас тартып қаңғырған әйел ендi саған жар болып жарытпас, күдерiңдi үз, – дедi.


– Жiбермеуiм керек едi.


– Сен ерсiң ғой, шыдап бақ, құлыным.


– Ер болсам бұлай болмас едi! Сүйгендiктен, сый­лағандықтан,сенгендiктен таңдауына ерiк берiп ем. Апа, менi оңаша қалдыршы...


Сәкен телефонынан көз алмай жата бердi. Әлi де болса сенгiсi жоқ, телефон шалып қалар, тым болмағанда “кешiршi, бәрiн қайта бас­тайық” деген сынды хабарлама жiберер деп күттi. Астанаға барған сапарын тағы бiр есiне алды.


    Сәкен пойыздан түсе сала Жадыраның жұмыс кеңсесiне тартты. “Әне барамын, мiне барамынмен” ауылға алты ай бойы ат iзiн салмаған әйелi­не деген сағынышы мен күдiгiн жарыстыра жүрiп тапты-ау, әйтеуiр. Түрiктердiң құрылыс фирмасы екен. Кү­зетшiсiнен өте алмай бiраз тосылды. Күзетшiсi елудi ең­серген қазақ екен. Жөн сұрас­қан соң Жадыраны танитын болып шықты.


– Сен оның күйеуiмiсiң? – дедi күзетшi.


– Иә.


Күзетшi басын шайқап,қол сағатына қарады да:


– Бәрi түскi үзiлiсте, қазiр келiп қалар – дедi .


Сәкен биiк үйлерге көз жүгiртiп тұрғанда, алдына шетелдiң қымбат көлiгi келiп тоқтады.


Iшiнен орта жастағы түрiк еркек түстi, қасында өзiнiң сүйген жары – Жадырасы. Екеуi қолтықтасып кеңсеге қарай беттедi. “Жадыра!” деп қалай айқайлап жiбер­генiн өзi де сезбей қалды. Сәкендi iздеп келер деп ойламаса керек, алғашында Жадыра оны танымады. Жалт қарады да жүре бердi...


Он екi жыл отасқан ерлi-зайыптылар санаулы секундтар ғана көзбен тiлдесе алды.


– Мен саған сенiп ем? Бала-шаға ше?


– Мен осы өмiрдi қаладым.


 Сәкен тас мүсiндей қатып қалды.


“Екеуiнiң де әкесiн танытсам ба екен” деп бiр ойлады. Бiрақ момын мiнезi ол райынан қайтарды ма, жарының жалт еткен жат әрi суық жанарынан суыды ма, ала жiптен аттай алмаған күшiктей шарасыз күй кештi. Күзетшi:


– Ащы да болса айтайын, Жадыраң “полевая жена” шефа, – деп арқасынан қақты.


...Түн жарымында Сәкен балалар бөлмесiне кiрiп, бәрiнiң маңдайынан иiскеп, бiр-бiр сүйдi де тысқа шықты. Қой қораға кiрiп тас жiптен өрiлген арқанды тауып алды. Телефонына қарады да, сөн­дiрiп тастай салды. Бұл оның мына қу тiрлiктегi соңғы қимылы едi.


 


        Жас Алаш,2016 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу