Әңгімелер ✍️

Адасқан ұлдардың ақыры
(әңгіме)
Көктем .Көк шығып, Майтөбенің көркіне көз тоятын кез. Арықтан су ағып, қалың өскен тал-терек алыстан көз тартады. Туған жерге топ-тобымен ұшып келген жыл құстары ән салып даланың сәнін келтіреді. Саршұнақтар да індерінен жер бетіне шығып, жүндес томаршадай қаздиып тұр . Қызғалдағы кілемдей жайылып, бау-бақшасы гүлдеп, жұмаққа бергісіз ауылдың отыз түтіні әр жерге шашырай орналасқан.
Күн сәскеге таяғанда оянған Серік ас бөлмеде шай ішіп отыр еді. Мал жайғап келген Қалқан ұлының жанына жайғасты да:
- Ішіп алып көлік айдағанды қашан қоясың?-деді.
- Қойшы, көке, ауыл арасы, жас бала емеспін ғой енді,-деді Серік шамданып.
- Гәп сол жас бала еместігіңде. Ертең біреуді соғып мүгедек етесің, немесе өзің мертігесің. Естіп-көріп жүрген жол апаттары аз ба саған?
- Сен бе айтқан ?! – деді Серік шай құйып отырған келіншегі Айданаға алара қарап.
- Жоқ, - деді Айдана жаны қалмай.
- Келінде нең бар, түнде миын жегенің жетпей ме?
Ас қайырып, тұрмаққа оқталған Серік:
- Бірінші жыл емес көлік тізгінінде жүргенім, қорықпаңыз, - деп жақтырмай қарады.
- Отыр! – деді Қалқан да ашуға мініп.
- Шөлмек мың күн сынбас, бір күн сынар. Бұл жүрісіңді марқұм анаңның көрмегені дұрыс болды, – деді де көзіне келіп қалған жасты іркіп:
- Алдағы жұма анаңның жылдық асын беретінімізді ұмытпаған шығарсың? Ағаларыңмен хабарлас. Дайындығымызды көре берейік,– деді.
Қалқан бөлмеде оңаша қалғанда, өткен өміріне көз жүгірткендей болды.
Әкеден жалғыз туып, ерке өссе де әке сөзіне тоқтаушы еді. Алматыға барып ауыл - шаруашылық институтын бітіргенде де қара шаңырақты ойлап, елге оралды. Сол жылы педучилищені бітіріп, Майтөбенің мектебіне мұғалім боп көрші ауылдан келген Ғалияға үйленген. Сол Ғалиясы отыз бес жыл ұстаздық етіп, талай жастың сауатын ашып, білімі мен білігінің арқасында ауылдың үлкен-кішісіне сыйлы «Ғалия апай» атанып еді-ау. Бала тәрбиесіне де, үй шаруасына да үлгеретін. Қалқан «совхоз жұмысы» деп ертеден қара кешке дейін үй бетін көрмейтін. Көктемде трактормен жер жыртып, күзде комбайнмен мақта терді. Осылай басталған еңбек жолы оны совхоз директорлығына жетелеп әкелді.
Жаңағы ұлымен болған әңгімеден соң Қалқанның қам көңілі босап, қырау шалған сақалын жас жуды.
Көлігін қыздырып тұрған Серік қасына келген Айдананы байқамай қалды. Селк етті де:
- Не болды?-деді.
-Атаға қалай сөйлейсің? Ішкеніңді қашан қоясың?
-Сендерге не болған өзі бүгін? Отасқанымызға бес жыл болды, ұл туып бер маған, сол кезде қоямын,– деді де көлігіне отырып кетіп қалды. Бұл сөз Айдананың жарасын тырнап өтті. Мүсәпір міскінде қала берді.
Серік әкесінен аумайды. Ұзын бойлы, аққұба, ат жақты жігіт. Үйдің кенжесі. Колледжді бітірген соң, мектепте екі жылдай мұғалім боп жұмыс істеді де «қағазбастылығы, тексеруі көп, айлығы аз» деп шығып кетті. Содан бері әкесінің ескі «жигулиін» жүргізіп, қала мен ауыл арасына адам тасиды. Анасы дүниеден өткелі күнара мас боп келетінді шығарған.
Қалқанның ойын «Әй, Қалқан барсың ба?» деген дауыс бөліп жіберді. Бойын түзеп қарап еді қашанғы әдеті бойынша шахмат тақтасын құшақтап келе жатқан Шарын екен. Шарын осы ауылдың көзі, құлағы. Түннің жарымында ауылға кім келіп-кетті, кімнің үйінде не болып жатқанынан хабардар болып жүретін қырағы жан. Өмірі ештемеге көңілі толмаған, бетің бар демей турасын айтатын, жұрттың бәрін сынап, сыбап жүретін қытымыр шал. Бұл ауылда Қалқанның Шарыннан басқа замандасы қалмаған. Мінездері шығыспаса да зейнетке шыққалы екеуінің де ермегі – шахмат ойнау.
-Ассалаумағалейкум! – деді Шарын ас бөлмеге кіре беріп.
-Уағалейкумассалам, қалайсыз, Шаке? Жоғалып кеттіңіз ғой,-деді Қалқан. Шарын жайғаса беріп:
-Қыдырып қайттым, - Қалқанға анықтап қарап алды да:
-Көзің қызарып кетіпті ғой, қан қысымың дұрыс па? – деді.
Қалқан:
-Бәрі дұрыс, бастайық, - дей салды еріксіз езу тартып. Фигуралар орындарына қойылып
болған соң, Шарын ойын үстінде әңгіменің түймесін ағытты.
-Үлкен қызымның үйіне бардым, Алматыға. Ой, қала әбден өзгеріпті, баяғы Алматы жоқ. Шах! Тоқташы, сен өзі дұрыс ойнамай отырсың. Не болды, не ойлап отырсың?
-Шаке -ай сізден ештеңе жасыра алмайсың. Баланың күйігі да, ішкенін қоймай жүр?
-Түнде сенің «жигулиің» екен да көшеде жыландай ирелеңдеп жүрген, әй, сау емес-ау деп ем. Гарде, жүрсейші-ей. Ішпей қайтеді, дүкенге кірсе көздің жауын алар әдемі жапсырмасы бар арақ пен шарап, көз тартар түрлі-түсті шөлмектегі сыраның неше түрі менмұндалап тұр. Иманы әлсіздің шайтанның арбауына түсуі қиын емес қазір. Намаз оқу керек балаңа.
-Намаз оқығанынан да көріп отырмыз.
-Ортаншы ұлыңды айтасың ба ?
-Жүріңіз деймін!
«Мына шалдың білмейтіні жоқ-ау» деді ішінен.
-Сонымен, күйеу баланың көлігімен жүрміз. Құдай-ау, көшеге көлік сыймайды. Кептеліс деген пәле жүргізбейді, осы көліктен түсіп, жаяу жүріп кеткім-ақ келеді. Оны қойшы, әсем ғимараттар да біраз бой көтерген екен. Бірақ бар ғой жанармай құятын бекеті, көлік жөндейтіні, жуатыны тағы бар бейберекет салына беріпті. Ал кафе, сауна дегендерден аяқ алып жүре алмайсың. Жол бойында бір жарнаманы көзім шалды. Шөлмектегі сыраның суретін айнытпай салыпты да астына «алкогольсіз» деп жазыпты.
-Е, ол қайбір жылы ішімдікті жарнамалауға тыйым салған соң шығарған қулығы ғой пысықтардың, - деді Қалқан.
-Бір күні алкогольсіз арақ, қуатсыз героин да шығарар әлі.
Қалқан Шарынның бар ынтасымен беріле, ашына айтқан мына сөзіне бір күліп алды.
-Саған шах және мат! – деді Шарын.
-Әбден күш жиып келіпсіз ғой, - деді Қалқан екінші рет ұтылғанына сенгісі келмей.
Шарынның жүзі жадырап:
-Сенің көңілің алаң, сол үшін ұтылдың, кәні, тағы ойнайық, – деп еді,
-Намаз уақыты болып қалды, ертең сіздің үйде жаластырайық, – деді Қалқан.
Ойынға құмары қанбай қалған Шарын амалсыз үйіне қайтты. Шығаберісте: - Ертең міндетті түрде кел, – деді қимастықпен бір қарап.
Қалқан кешкі ас үстінде Серіктің көзіне тура қарап отырып:
-Берікпен хабарластың ба?-деп еді, Серік жүзін төмен салып:
-«Сайлауалды жұмысым көп, барсам сол күні барамын» деді, Еріктің нөмірі өшірулі.
Жеңгемнен сұрасам «өзім де білмеймін қайда екенін» деп айтты,-деп жауап қатты.
-Қалаға барып естерінен адасқаннан сау ма? – деді Қалқан салы суға кетіп.
Қалқан түн ауғанша көз ілмеді. Таң ата ұйықтады. Түсіне Ғалиясы кірді. Көңілсіз жүр екен, түрі де бір түрлі, бірде жүзі нұрланып әдеміленіп кетсе, бірде сұрланып тұрып алды. Бірдеңе айтқысы келді, айта алмады. Бір кезде көптің арасына сіңіп жоқ болды. Қалқан оны іздей берді, іздей берді.
Күн баласына мейірлене қараған ананың көзіндей нұрын шашып, Майтөбені еркелетіп тұрғандай. Түнде сіркіреп өткен жауынның сызы сезілмейді. Қалқан бес-алты қойы мен жалғыз сиырына шөбін салып, қиын тазалады. Келініне су тасып берді де, еріне басып Шарынның үйіне тартты. Бармаса жас баладай ренжіп қалатынын біледі. Шарын Қалқан келгенде қатты қуанды.
-Кемпір, шай бер бізге, - деді сәлемнен соң. Ойын қызып жатты. Негізінде Шарынның Қалқанды жеңуі сирек. Көбіне Қалқан өзі ұтылады, ойын болсын деп. Бүгін Қалқан ұтылып жатқан Шарынның тыраштанған түріне қарап мырс етті де: «әңгімеге тартайын, қазір жарылып кетер» деген оймен:
- Айтпақшы, жол қалай екен Алматыға дейін? – деді.
-Бұрынғысынан шамалы түзелген, мінгеніміз ескі автобус екен, жайдақ жылқыға мінгендей жамбасым тесіліп кете жаздады. «Бензин қымбат» деп жолкіресі де аспандап кеткен, - деп кейіді Шарын. Ойын баяу жүріп жатты.
-Мен саған бір қызық айтайын, - деді Шарын бір кезде.
-Көп қабатты үйге сыймайды екенсің, зеріккен соң көшеге шықтым. Бірінші қабат бірімен-бірі жалғасқан дүкендер екен. Бірінің маңдайына «одежда на вес» деп жазып қойыпты. Бұнысы несі, киімді де таразыға тарта ма екен, картоп болса мейлі. Сөйтсем ана европалықтардың тозығы жеткен киім-кешегін әкеліп, таразыға тартып тұрып сатады екен.
-Е, Шаке, «бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегенді ұмыттық қой. Жерімізден ядролық отын банкін ашайын деп жатқанда, киіміңіз не ,тәйірі?
-«Бәрібір сасық иіске құмар жаман мұрынсыңдар» деген да, қоқыс жәшігіне айналып біттік десейші.
-Әп, бәрекелді, жақсы ойын болды! – деді Шарын Қалқанның ферзісіне көз алмай қарап.
Қалқан:
-Мен тұрайын, уақыт болды, жұма күні Ғалияның жылдық асын бермекпіз, келіңіздер,- деді де үйіне қайтты. Шарын Қалқанды жібергісі келмегендей соңынан біраз жерге дейін ілесіп барды. Шарын орта бойлы, көсе кісі. Қалқаннан бес жас үлкендігі бар. Жас күндерінде бәлендей араласпаса де екі қария осы күнде сырлас досқа айналған.
Бүгін Майтөбенің жұрты Ғалияның жылдық асына түгел жиналды. Құда-жекжаттың да біразы келді. Ет пісіп, қамыр салынғанда Берік те келді. Төрде отырған Шарын әкесінің жанына отыра берген Берікті қасына шақырып алып:
-Қалқанның осы баласы жарады, облыс әкімінің орынбасары! Ой, айналайын! Үй-іші аман ба? – деді де, шай іше отырып, ойында жүргеннің бәрін айтты:
-Арысы қытай мен түрік, берісі өзбек пен қырғыздың тіккен киімін киіп жүрміз. Үш жүз мың халқы бар біздің аудан мақта өсіретін республикамыздағы ірі ауданның бірі. Қашанғы еккен мақтаны алыпсатардың қалтасын қалыңдатып, шетел асырамыз.
Киім тігетін фабрикаларды қашан саласыңдар, жұмыс іздеп қала безген жастарды ауылға қайтіп қайтарамыз?- Кейбіреулері мақта егуге «субсидия» ала-алмай жүргендерін айтса, кейбірі «биыл мақта бағасы қанша болады екен?» деп сұрап жатты. Ұлының ел азаматы болғанына Қалқан іштей толқып, қуанып отырды.
Ет желініп, сұрақ-жауаптар иелеріне жетіп, біршама тыныштық орнағанда:
-Қалқан, молда қайда? – деді Шарын.
-Молда өзіңіз, - деді Қалқан.
-Сенің ортаншы ұлыңды айтамын.
Жаңа ғана мақтаныштан марқайып отырған Қалқанның көңілі пәсейіп, назарын түсті.
-Кеше хабарласқанмын, Ерік Пәкістанға кетіпті, - деді Берік. Әкімнің орынбасары айтқан соң «онда не істейді, жұмысының аты не?» - деген сұраулар қойылмады.
Ерік былтыр анасының жаназасында ауыл имамымен сөзге келіп, «құран өлілерге емес, тірілерге арналған, ас берілмесін!» деп айды аспанға бір-ақ шығарған.
Жасы отыздан жаңа асса да қаба сақал қойып, әйеліне хиджап кигізіп нағыз тақуа адамдай ұстады өзін. Алғашында ел сөзін елемей жүрген Қалқан кейіннен ұлының алған бетінен қайтпасын шын аңғарды. Қарсы тұра алмады. Ерік ел аяғы сирегенде:
-Көке, шариғатта айтады, «әйелі қайтыс болған ер адам үш күннен кейін үйленуге хақысы бар» деп, жетісі өткен соң әрекетіңізді жасай беріңіз, – деген. Қалқан ақтан тигізіп сөйлетін адам болмаса да, айшықты сөз айтуға тырысып:
-Әй, айналайын, қазақ пен арабтың діні бір болғанмен ділі бөлек. Анам өлді деп қайғырып отырған баланы көріп отырғам жоқ сенен. Дәл қазір бұл сөзді мен сенен естимін деп ойламап ем. Мені тірідей өлтіргің келмесе ана сақалыңды ал, қазаққа ұқсап жүр. Әкесі тірісінде сақал қоймаған қазақ атаң. Айтқаныма көнбейсің бе? Маған қараңды көрсетпе! – деген. Ерік содан кейін ауылға келуді қойған. Бауырларымен де араласпайды.
Ас желініп, құран бағышталған соң, ел үйді-үйіне тарасты. Қалқан Берікпен дұрыстап сөйлесе алмады. «Жұмысым көп, ертең маңызды кездесуім бар» деп кетіп қалды.
Майтөбенің диқаншылары мақтасын егіп, көңілдері жайланған. Бүгінгі шахмат ойыны тартысты өтіп жатты. Әңгіме арасында Шарын Қалқанға көз тоқтатып қарап алып:
-Үйленбейсің бе? – деді. Қалқан үндемей отырды да:
-Пайғамбар жасына келгенде қатын іздеп, қаңғырып қайтемін. Оның үстіне «сен өлсең басқаға үйленбеймін» деп Ғалияға сөз бергенмін, – дей салды.
-Па, шіркін! – деді Шарын басын шайқап.Қалқан әңгіме ауанын басқаға бұрғысы кеп:
-Кеше кешкі жаңалықтарды көрдіңіз бе? – деді.
-Түрік пен кәрістің сериалдарынан босаушы ма еді. Осы зейнетақым қолға тисе, өз бөлмеме теледидар алып қоймасам. Бірақ, қайбір оңған жаңалық бар дейсің қазір, лаңкестік жарылыс, жаға ұстатар қылмыстың неше түрі көрсететіндері, жаның түршігеді.
Осы кезде үйге ентіге жүгіріп Шарынның үлкен немересі кіріп келді де:
-Қалқан ата, үлкен жолда Серік аға соғысыпты, – деді.
Серік қарсы бетке шығып кетіп, біреудің шетелдік қымбат көлігін соғыпты. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Жигулиді сатып, әкесінің жалғыз сиыры мен қойын сатып әрең құтылды. Әкесі ұлына деген ренішін жасыра алмады, көпке дейін сөйлемей қойды.
Күзгі жиын-терім науқаны. Аптап ыстық, қол күші жоқтың қасы. Науқан ұзаққа созылды. Біреулер терімшілерге жүгінсе, енді бірі комбайынмен тергізіп жатыр.
Кешкісін алқаптан қайтқан Қалқан Шарынды кезіктірді.
-Қалайсыз, Шаке? Қырманның берекесін берсін! Сізді комбайынмен терді дейді, табыс қалай? – деді.
=Қайдағы табыс? Жаз бойы кеткен шығынды жаппаған соң несін айтасың. Бес – ақ тонна алдық, он центнерден де түспеді.
-Иә, бағасы анау. Алпыстан өткіздіңіз бе?
- «Жауында қалды» деп сортын төмендетіп елу бестен алды, өзім жиырма теңгеден жинатсам, дәрісі бар, слитрасы бар, сонда не қалды маған?- деді жылармандай болып.
-Бұлай кете берсе, ел мақта егуден қалады-ау, – деді Қалқан да.
Серік үйге қозапая түсіріп, көмір төккен күні кеште әкесіне:
-Мен Алматыға барып жұмыс істеймін, қыс бойы үйде жатамын ба? – деген.
«Шөлмектес достарынан алыс жүрсе, ішкенін қойып кетер» деген оймен «адамға ұқсап жүрсең болды» деп келісімін берген. Бірақ қалаға кеткен жастардың ауылдан суып, жатсынып, оралмай кететінін Қалқан ол кезде жете түсінбеген еді.
Арада үш ай өтті. «Бір айдан соң Айдананы бір аптаға шақыртып қыдыртып жіберемін, ақша жіберіп тұрамын» деген Серіктің сөзі өтірікке шықты. Айдана да қашанғы шыдасын «қаранамын» деп төркініне кетіп қалды. Қалқан қалқиып жалғыз қалды.
Көктем шыға Қалқан ұлдарын жөнге салмақ боп қалаға жол жүрді.
Жол бойы ойға батып, жүрегі сыздады. Бірде жаратқан иесіне, бірде Ғалиясына мұңын шақты. «Ешкімге аза бермеп ем, не жаздым, Құдай? Олардың тәрбиесіне айтарлықтай мән бермедім бе? Әкелік қаталдықты да аз таныттым ба екен? Көбіне Ғалияға артып ертелі-кеш жұмыс деп жүргенім де рас. Қай жерден жіберіп алдық, бізден туған балалар мұндай болмауы керек еді ғой. Ас-суынан, киім-кешектен тарлық көрмесе болды деп ұлдарымның мінезін дұрыс танып, өмір танымына үңіліп қарамай немкеттілік жасадым ба? «Ай-айдың аты басқа, қара сиырдың сүті басқа» дегені рас екен. Бүгінгінің жастары шетінен «эгоист» боп кеткен ба? Әлде біздің балаларымыз ғана ма? Сен барда Қалқан екенмін, ендігі өмірім талқан болмағанда не қалды? Тілімді алмайды бұлар, бетімен кетті. Қадірің өтті-ау, Ғалия» деп аһ ұрды.
Ендігі үміті, тұңғышы - Берікте. Берік – қара торы бағлан жігіт. Берік облыс әкімінің орынбасары болғанда, әкесі қуанышы қойнына сыймай, «тамыр- таныссыз-ақ өз білімімен осы дәрежеге жетті ! »-деп мақтанған.
Қалқан ұлының үйін адасып жүріп әрең тапты. Берік үйде жоқ екен. Келіні көңілсіз жүр екен. Немерелері де асыр салып күліп-ойнамайды. «Мені жатырқап қалған ба бұлар?» деп ойлады Қалқан. Шай дайындап жүрген келініне:
-Берік қайда? – деді.
Келінінің көзінен жас ыршып түсті.
-Қамауда, бес жылға кесті, соты кеше болды, - деді.
Қалқанның жүрегі тулап:
-Бұл қалай болғаны, не үшін? – деді.
-«Бюджеттің қаржысын талан-тараж етті» дейді. Үкіметтің ақшасын жесек, осылай екі бөлмелі пәтерде тұрар ма едік? Айран ішкен құтылды да, тіреуі жоқ Берік тұтылып отыр, – деп көз жасына ерік берді.
-Неге хабар бермедіңдер?
-Құтылып кетермін, көкеме айтпаңдар, – деді.
Жол жүріп шаршағаны бар, жайсыз жаңалық қайғысына қайғы жамап, қан қысымын көтерді. Жүрек тұсы шанши берген соң төсекке жантайды. Уайым-қайғыға салынса да, ренжіп ашуланса да тілден қалатын Қалқан екі күн бойы үнсіз жүрді. Үшінші күні келініне «Серікке телефон соқ» деді. Кешкісін Шымкенттен Алматыға жүріп кетті.
Серік әкесін вокзалдан күтіп алды. Әкесінің қатулы қабағын көріп, тосылып қалды. Құшақтап амандасайын деп еді, әкесі иіле қоймады. Серік әкесін көлігіне мінгізіп, үйіне тартты.
Қалқан жанында отырған ұлына көз қиығымен қарап алды да:
-Көлік кімдікі? – деді.
-Өзімдікі.
-Қай ақшаңа алдың?
Серік жауап қатпады. Әке мен бала бір-біріне бөтен адамдардай үнсіз отырды.
Көлік зәулім үйдің алдына келіп тоқтағанда ғана:
-Мынау біздің үй, - деді Серік.
-Бізің кім? – деді таңғалып.
-Гуля және мен, – деді Серік көзімен жер шұқып. Қалқан мұндай тосын жайды күтпесе керек, салған жерден ештеңенің байыбына бармай состиып, тұрған орнынан қозғалмай тұрып қалды. Әдемі әйел келіп сәлем бергенде ғана бірдеңені түсінгендей болды. Гуля тамақ қамымен жүргенде, Қалқан Серікті сөзге тартып:
-Бұл Гуля дегенің кім?- деді
-Әйелім, әзірге азаматтық некеде тұрып жатырмыз , жазда үйленеміз.
-Өзіңнің жап-жас келіншегіңді мына қатынға айырбастадың ба? Айдана төркінінде емделіп жүр, сенен бала туамын деп. Өз бақытыңды басқа теппе, үйге жүр! Менің төрімнен көрім жақын, шаңыраққа ие бол, балам,-деді жалынғандай болып.
Серік әкесіне тура қарап:
-Бармаймын, көке,-деді.
Қалқан мұндай қысқа жауапты күтпеген еді. Еңгезердей ұлын желкелеп ертіп кете алмасын да білді. Айтқаны көкірегіне кірмеген соң, орынан тұрды да:
-Ата жолын бұздың сен! Еріктің пәтеріне жеткіз мені, одан кейін не істесең де өзің біл,-деді шарасыз үнмен.
-Тамақтанып алайық, көке,-деді Серік.
-Жоқ!-деді Қалқан түтігіп.
Серік әкесіне:
-Ерік жалдамалы пәтерде тұрса да жағдайы жаман емес сияқты, «тоқал аламын» деп жүр дейді. Не істеп жүргені белгісіз, үйінде тұрмайды,-деп арызданды. Қалқан:
-Сүрінгенге жығылған күледі, – деді де қойды.
Қалқан Еріктің пәтеріне келгенде, хиджап киген келіні сәлем берді. Жүзі сынық екен.
-Ерік қайда?-деп еді,
-Апта бұрын ұлттық қауіпсіздіктен келіп, үйді тінтіп кеткен, содан бері жоқ,-деді.
Өз балаларынан басы шырдай болған Қалқан тағдырдың ығына көніп, кешкісін автобусқа отырып, ауылына қайтты.
Қалқан Майтөбеге жетіп, үйіне қарай бет алып келе жатты. Шарынның үйінің тұсына жеткенде, жиналған қарақұрым халықты көріп, жүрегі су ете қалды. «Ой, бауырымдаған» азалы дауысты естігенде:
-Ей, жарықтық, сіз де жүріп кеттіңіз бе? Айымыз асып, күніміз өткен екен да,-деді. Қалқан үйіне зорға жетті. Әл-дәрмені құрып, табалдырыққа отырды да, иығынан дем алды. Бұл жалғаннан көшерін сезіп, иманын үйіргенде, әбден зар жұтқан жүрегі соғысын тоқтатқан еді. Майтөбеліктер бір күнде екі ақсақалынан айырылып, жетімсіреп қалғандай болды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇