file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  21.04.2025
  32


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

                                   Ана мен бала махаббаты

 


        Мейірлене «анашым» деп   жүгірген баланың жанарындағы қуанышты, «балапаным» деп  еміреніп  құшағын ашқан  ананың жүзінен төгілген нұрды көргенде жүрегің жылып,жаның жадырап қоя береді. Бауырына  қапсыра  қысып, елжірей еркелеткен ананың құшағына тұншығып сағынышын басқан балаға қарап еріксіз жымиясың,көңілің қуанады.Іші-бауырыңды елжіретер мұндай сәтті  сөзбен жеткізу екіталай,тек  сүйсініп қарау ғана қалады. Дәл осы бір көріністен артық сүйкімді  сюжет мен үшін жоқтың қасы. Дүниеде ана мен бала арасындағы махаббаттан асқан махаббат  жоқ-ау   дейсің осындайда. Адам баласына осындай бақытты бұйыртқан Жаратқанның  құдіреті шексіз,әрине. Бақыттың қүшағында тұрған бұл екі жанды ешқашан айырмаса екен  деген дұғада қаласың.Ананы  бала,баланы ана жоғалтудан  өткен  қасірет бар ма?


      Ана мен бала  жарасымы  баланың көңілі  далаға ауғанда барып бұзылады . Қолың аузыңа жете бере ана  махаббатына  қиянат жасап қойғаныңды аңғармайсың. Өмір атты ағысқа ілескен шағыңда жағада қалып  тілеуіңді тілеген жанның бағдар  бергенін елемей, кей-кейде жаттай  көріп қырсығатының бар.Оны қаламасаң  да  жастықтың  қызығына алданып, шын жанашырдан тым алыстап кеткеніңді  байқамай да қаласың. Білегің ауырса жүрегі ауыратын ай-күнің-анаңнан мезгілсіз айырылғанда ғана өзге дүниенің көк тиындық құны жоғын байқайсың. Қолда бар алтынның қадірін кеш білегеніңді кеш кірген ақылыңнан көресің сосын.Өкініш өзекті қанша өртегенмен өткен дәурен қайта келмейтіні тағы ақиқат. Бір өмір жүрегің  қансыраумен болады. «Үмітін  ақтай  алмадым-ау» деген күдік жаралы жүрегіңе тұздай басылып отырады.Ана жайлы ән тыңдасаң,әлдебіреудің  анасымен  телефонда еркелеп сөйлескенін  естігенде,анасын аялап төбесіне көтерген құрбы-құрдасыңды  көргенде  кеудеңді өксік қысып,бетіңді  жас жуады.


       Талайсыз  тағдыр  баласының маңдайынан иіскеп, құшақтап сүйген ананың  суретін көлденең тартқан сайын  анаңды  сағына түсесің.Сол баланың орнында бір сәт өзіңді қойғың-ақ келеді,әттең –ай...


 


   


    




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу