Әңгімелер ✍️

Бала күлкісі
Шынар Алматыдан келгелі тым томаға тұйық болып алды. Жүдеп те кетті. Күлмейді, ашылып ешкіммен сөйлеспейді де. Мектепте сабағын өтіп келеді де, үйіне қамалып алады. Жатса –тұрса мазалайтыны бір сұрақ «не жаздым, не кінәм бар?» Балалары да анасының қас-қабағына қарап ақырын басып, асыр салып ойнап-күлмейді де. Төрт жасар қызы да сезетін тәрізді «әкем қашан келеді?» деп сұрамайтын да болған.
Қуанышына да қайғысына да «жұрт не дейді ?» деп өмір сүретін ауыл адамдарының қатарында Шынар жоқ еді. «Жақсы әйел болса, күйеуі кетпес еді», «өзінде бірдеңе бар» дейтін өсекші елдің сөзін елемеуге тырысатын. Тек екі ұл, екі қызымен жарты жолда қалдырған Жарқынбектің сатқындығына түсінбейді. Өзінен сұлу жас қызбен шатасса мейлі, екі баласы бар қырықтағы қатынға байланғанына таң.
Осындай мазасыз күндерден құралған жылдың соңғы күні еді. Шынар жаңа жылдық іс-шараларға қатыспай жұмыстан ерте қайтқан. Қашанғы әдеті бойынша өз бөлмесіне кіріп, бәрін басынан есіне алды.
Жарқынбек: «Сенің айлығыңа қарап отырам ба? Алматыға барып жұмыс істеп келейін.» деген соң Шынар келісімін берген. Алғашында айына бір рет, одан екі-үш айда бір келіп жүрді. Уақыт өте «жұмыстан шыға алмаймын» деп араға жарты жыл салып келетінді шығарды. Шағын ауылда сөз жата ма, «Жарқынбек тоқал алыпты» деген суық сөз тез тарады . Соңғы келгенінде Шынар Жарқынбектің телефонын ақтарып отырып «сағындым, сүйдім» сияқты хабарламаны оқып есі шыққан. Сонда Жарқынбек шынын айтқан:
-Иә, мен оған үйлендім, енді сонымен тұрамын.-деп.
Шынар егіліп жылады, «Мен ше? Ата-енеме еткен қызметім ше? Он жыл бірге өткізген тәтті күндеріміз қайда қалды? Балаларымыз ше?» деген.
Сол кеткеннен Жарқынбек үйіне қайта оралмады. Артынан барған ата-анасының да «қайтарамыз» деген ойы жүзеге аспаған. Шынар жазғы демалыста Жарқынбектің ерекше сүйетін бір төбе қызы мен ұлын ертіп Алматыға барған. Жұмыс істейтін базарын тауып Жарқынбекке жолыққан. Өз күйеуін танымады, алмастырып қойғандай. Тіпті балаларының бетінен де сүюге жарамады.
-Неге келдің? Кет!-деп әкіреңдеді.
-Жанұямыздың сиқын бұзған сайқалдың көзіне қарауға келдім,-деді Шынар көзіне жас алып.
Біржолата суысын деді ме:
-Оның аяғы ауыр, үйде. Енді кет!-деп, дүңгіршегінің есігін жауып ,көлігіне мінді де кетіп қалды.
Әбден ызасы келген Шынар дүңгіршектің әйнектерін жалаң қолымен қиратып тастады. Нәзік қолдары қан болды. Түнеріп тұрған аспанның көбесі сөгіліп, мұздай жауын құйып кетті. Күзетшілер Шынарды базардан шығарып жіберді.
-Кеш те болса бір келерсің, сол кезде есік қайта ашылмас, мен кешсем де балаларың кешірмейді.-деп жылай беріпті.
Шынардың ойын ортаншы қызының:
-Анашым, аяз –ата жүр көшеде, шақырайықшы үйге,-деген сөзі бөліп жіберді. Қызының көзінен жасырынған күлкі мен шаттықты көрді, сұранып тұрғандай. Қызын аяп кетті .Құшақтап алып «өз басымды ойлап жүре беріппін, енді сендер үшін өмір сүремін, бәрі басқаша болады ,жандарым менің» деп басқа балаларын да құшағына шақырды.
Лезде дастархан әзірлеп, көрші үйде отырған аяз-атаны шақырды. Анасының жадыраған жүзін көріп балалары да қуанды, би билеп, ән салып, мәз-мейрам болды. Балаларының күлкісін көріп «бала күлкісінен асқан бақыт жоқ екен» деп түйді Шынар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇