21.04.2025
  32


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

Бұйырмаған махаббат

 


                                                      


                                                      Махаббатты өлтіру – адамзаттың соңғы күні.                                                                                                                                              


                                                                                                                        Р.Браунинг


                                                                                                                                                              


                                                                                                                                                         


      Қоңыр күз еді.Түн әлеті.Ақ жауын сібірлеп жауып тұрды.Көлік әйнектері буланып,жасырын жолыққан екеуді жасырып тұрғандай.Тысырлап жауған  жаңбыр тамшылары өзгеше бір романтикалық әуен сыйлап, Айкүмістің  жүрегін бір сәт тыныштандырғандай еді.


     Айкүміс Арсенмен әр кездескенде жүрегі қатты соғып кететінін өзі де байқаған.Бірақ бүгін өзін еркін ұстады. Арсеннің құшағына кіре түсіп:


 -Сіз менің бұйырмаған бақытымсыз.Білесіз  бе ең жаман жалғыздық - жүректің жалғыздығы екен.Сізді кезіктірген тағдырыма шексіз ризамын. «Махаббат – өмір сүруге құштарлық» дегені рас екен,-деді.              


   -Неге жалғызсың? Ұл-қызың бар.Әкең , бауырларың бар емес пе?-деді Арсен Айкүмістің әлгінде жаңбыр жуған бұйра шашын тарамдап отырып.    Айкүміс Арсеннің қолын қыса түсіп:


-Осы ата-ана бақытсыздығы  балаларына ауысады дегені рас-ау,сірә. Мен он бірге толғанда хәл үстінде жатқан анам мені жанына шақырып алып,мен күтпеген өмірінің құпиясын ашты.


  Анам бойжетіп Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына оқуға түскен.Бірінші курста оқып жүргенде  зоотехникалық-малдәрігерлік институтында екінші курста оқитын әкеммен танысқан.Екеуі бір-бірін құлай сүйген. Анам Ақтөбенің тумасы еді.Екеуі қыз бен жігіт болып екі жыл кездесіпті.


     Екеуі алдағы жазда «үйленейік» деп сөз байласқан. «Жер арасы шалғай» деп ата-аналары да қарсы болмапты.Сол жылы қысқы сессиясын тапсырып екеуі ауылдарына қайтқан.


     Анам кешкісін поездан түсе ауылына баратын таксиге мінген.Жолай отырған екі жігіттің бірін таныған.Туыстығы жағынан алыстау құдасының  баласы екен.Жас шамасы өзімен қатарлас.Сол кеште құда баласының жоспары іске асқан.Күштеп алып қашқан.Қазіргідей екінің бірінің қолынан табылатын смартфон жоқ ол кезде.Көрші жатқан туған ауылына хабар бере алмай қор болады.Қорғансыздың күйін кешіп, сол үйдің сарайына үш күн қамалып шықпай қойған.Төртінші күні есін жиса, үй ішінде жатыр екен. «Есік көрген қыз » атанғысы келмей  ақ жаулықты аналардың қолын қақпай, жабылған  орамалдың астында жылап қала берген.


      Жаңбырдың жуыр маңда толастар түрі жоқ.Көпқабатты үйдің шамдары бірінен соң бірі өше бастады. Айкүміс:


   -Сен бүгінгі түніңді маған арнайсың-ау,- деп үзді әңгімесін.


Арсен  Айкүмісті құшағынан босатып,бір керіліп алды да:


-Арнаймын,несі бар,-деді.


Айкүміс жеңіл күрсініп алды да:


- Әкем қысқы демалыстан Алматыға оралған бетінде ЖенПИ-дің жатақханасына барады.Анамның құрбыларынан бар жайды естіп бапсы айналып, есінен тана жаздайды. Екеуі кездесетін паркке барып, талай сыр шертіскен орындықта отырып бірнеше кештерді жалғыз өтізеді. Ойлана келе, өз еркімен бармағанына сенімді болған әкем Ақтөбеге жол тартады.


  Анамның келін боп түскен үйіне ел жата барған әкем баса көктеп кіріп, алдынан шыққан күйеуін  құлақ шекеден  бір ұрып, талдырып тастапты.


 Ай-шайға қарамай анамды жетектеп алып кеткен. Екеуі Алматыда қалып шаңырақ құрады. Тоғыз айға толар толмас мен дүниеге келіппін.Одан кейін он жыл құрсақ көтере алмапты.Мен он бірге толғанда інілі болдым.Қуанышымыз көпке созылмады.Анам бір жетіден соң дүниеден озды.Менің биологиялық әкем басқа екенін айтып кетті.Мойныма жауапкершілік  пен ауыр жүк артып кете барды.Сол күннен бастап бақытты балалық шағымның тас-талқаны шықты. Әкем көпке дейін үйленбеді.Інімді әлпештеп өзім өсірдім.Ұйқысыз өткен түндерім-ай.Бесікке сүйеніп, жылаған  ініме қосыла жылап ұйықтап кетуші ем.Тағдыр тауқыметі мені ерте есейтіп жіберді.Мәпелеп баққан бауырым мектеп оқушылары арасында болған жаппай төбелесте соққыға жығылып,небәрі он бес жасында ажал құшты.Мен осылай жалғыз қалдым.Әкемнің кейінгі әйелінен бауырларым бар,әрине.Бірақ,түптеп келгенде қаным бөлек қой.Ешкімге сыр бермесем де іштей бөлектеніп,желініп жүретін кезім көп.-деп сөзін аяқтады Айкүміс.Мойылдай көздері боталап білдірмей  жылап отыр екен.Арсен Айкүмістің көзінен аққан жасын қолымен сүртіп,құшағына қысты.


 -Бүгінге осы да жетер, «жазмыштан озмыш жоқ» деген, қанша бұлқынғаныңмен тағдырдан оза алмайсың.


-Жоқ,мен бүгін айтамын. Есімде сақал-мұрты ұқыпты қырылған,шашы таралған,қыр мұрынды,аққұба жүзі алаулап тұрған сізді көргенде,жүрегім  дір ете қалған.Ақ көйлек, қара галстук тағып, аяғыңызды кербездене басып   қолыңыңызды ұсынғанда,аңсаған бақытым сәлем беріп жатқандай болды. Қолыңызды ұстағанымда жүрегім тоқтап қала жаздаған.Сөзімнен жаңылып «ашу үшін қандай құжат  керек еді?» дей беріппін ғой сонда.Сіз де «не ашу үшін?» деп күлімдеп тұра бердіңіз. «ИП-ма?» деп аузыма сөз салсаңыз болар еді ғой, –деп бір күліп алды.Қосыла күлген Арсен:


-ИП ашумен айналысатын жауапты маманға ертіп апарғанымда «сіз ашып беріңізші» деп өтінгенің қалай кетті,-деді Айкүмісті одан сайын күлдіріп.


Айкүміс күлкісін тиып, басын сәл төмен түсіріп,бір нүктеге қадалған қалпы:


-Күйеуім  бола тұра сізбен бұлай кездесіп жүргенім- ар-ұяттан аттағаным.Ер мен әйел арасында достық болмайтынын да білемін.Ол мені танысқан күні–ақ алып қашты.Еріксіз аттаған босағада қалып қойдым.Анамның қателігін қайталағым келмеген шығар.Екі ұл,бір қыз туып бердім.Жұмыс бабымен Астанаға барып-келіп жүретін. Ақыры басқаға үйленіп сонда қалды. Әр кезде келіп,екі-үш күн балаларының жанында болады.Қаржылай көмегін аяған емес.Міне жеті жылдың жүзі болды біз бірге емеспіз.


   Жаңбыр басылды.Ағараңдап атқан таң көлік ішіндегі екеудің сұлбасын анық көрсете бастады.Айкүміс шашын буып,үсті-басын ретке келтіріп,Арсенге тура қарады да:


      -Ешкімге иілмеген басым сіздің алдыңызда иілді. Сіз мені бірден баурап алдыңыз. Сізбен тілдескеннің өзі мен үшін бір бақыт. Әйелдік намысты ұмытып, жеңіл жүрісті әйелге ұқсап кездесуге де өзім шақырдым.Жаман ойым болған жоқ, тек махаббаттың балдай дәмін сезінгім келді. Көз көрмес,құлақ естімес бір жаққа кетіп-ақ қалғым келетін.Бұрын жалғыз қалғанды,үнсіздікті ұнататынмын.Бәрін өзгерттіңіз. «Махаббат – екінші рет дүниеге келу» дейді ғой,мен қайта дүниеге келгендеймін. Сізге рақмет айтуға тиіспін.Құшағыңызға енгенмен, жаныңызда қала алмаймын.Сізді сүйгенмен, сүйіктіңіз бола алмаймын,ол-ақиқат .


   Сіз енді келмеңіз.Күн өткен сайын мен сізге бауыр басып барам.Бәлкім,мені аяған шығарсыз.Отбасыңызға барыңыз. Сізді жақсы көріп жүрудің өзі- мені өмірге жетелейді.Сізден кеткеніммен, махаббатымды өлтірмеймін.  Мейлі ол- бұйырмаған махаббат болсын,-деді де көліктен түсіп, кете барды.Үнсіз қалған Арсен Айкүмісті үйіне кіріп кеткенше көзбен ұзатып салды.


 


 


 


 


 


    


 


 


 


 


 


 



 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу