Әңгімелер ✍️

Даудың басы - Абылғазының ала сиыры
Абылғазы қолына бір миллион теңге тиген күні беймаза күй кешті.Көптен бері көп қаржы қолына ұстап көрмеген басы шыр айналды.Өзін байып кеткендей сезініп, патша көңілі таси берді.
Жасы отыз беске келіп, сыр бойдақ атанған үлкен ұлы Айнабекті үйлендіріп,алыс-жақын туыс-жекжаттарды шақырып, «елде болмаған той жасасам ба екен?» деп ойлады.Бірақ қыздың қалың-малы миллионнан асты,оның үстіне баланың өз әрекеті болмаған соң, ол ойынан тез қайтты. Сексенінші жылғы аудиін сатып, жаңалауын алсам ба екен деп бір түйді. Қазіргі шарықтап тұрған көлік бағасы есіне түскенде, бір күрсініп қойды. Әр нәрсені бір ойлап әбден басы қатты.Баласына несие алдырарда айтқанын ұмытып кеткендей.
Абылғазы теледидардан жаңалық тыңдап отырып,Елбасының «екі сиыр алсаң,тұрмысың түзеліп,шаруаңды дөңгелетесің,» дегенін естіп алып,мектепте мұғалім боп жұмыс істейтін Айнабектің атына банктен несие алған.
Абылғазының өмірлік жолдасы,Ақнәзік сегіз жыл бұрын жаман дертке шалдығып, дүниеден озған.Содан бері үйленуді де ойламапты.Үш ұл бір қыз тірбиелеп,жеткізсем деп жүре беріпті.Қызын тұрмысқа беріп, екі үлын үйлендірді.Тек Айнабектің жолы ашылмай-ақ қойды.
Ақнәзіктің қазасынан соң, Айнабегі күйзеліске түсті ме, ішуді әдетке айналдырып, бей-берекет күн кешкен .Қай жерде ұрыс-төбелес сол жерден табылып, абыройдан жұрдай болған. Ол ішіп алғанда, көзі қанталап, алдынан кездескеннің берекесін алатын.Әкесін ауылда бас көтеріп жүре алмайтын күйге жеткізгендей еді.Ақыр соңында дос-жаран, ағайын-туыс одан теріс айналды. Осылай жалғаса берер ма еді, мектеп директоры үш айға жұмыстан шеттетпегенде.
Айнабек мектепке ішіп алып,аяғын әрең басып келген күннің ертесіне мектеп директоры Гүлмария кабинетіне шақырып алып:
-Сен, ұстазсың,бұл жүрісің қай жүріс? Мектеп-бала тәрбиелейтін орын.Жұмыстан шығасың! –деді.Кешегі мастығы тарай қоймаған Айнабек алая қарап:
-Не үшін?! Менде осы жұмыстан басқа ештеме қалмады,- аз үнсіздіктен кейін, -Кешіріңізші мені,енді қайталанбайды,менің кінәм жоқ. Бәрін бастаған аналар,-дей беріп еді,мектеп басшысы айтарға сөз таппағандай қолымен иегін тіреп, басын шайқап:
-Сен мойындамайды екенсің,үнемі осылай! Бұл нешінші рет білесің бе? Марқұм анаң ұзақ жыл абыроймен осы мектепте ұстаздық етті,сол кісінің аруағын сыйлап мен саған тағы да бір мүмкіндік беремін.Бірақ, ішуді қоясың! Әзірге үш айға жұмыстан шеттетілдің, осылай бұйрық шығарамын! -деген.
Ерік –жігері мықты ма,әлде намысқа тырысты ма Айнабек ішуді түбегейлі қойып кетті. Міне үш жыл болды татып алмайды. Сонда да жора–жолдастарымен дұрыс араласпайды.Үй-ішімен де емен-жарқын сөйлеспейді.Бір түрлі томаға-тұйық жүріп-тұрды. Тек әріптестерінің арасында ғана ашылып сөйлейтін болды. Уайым-қайғысын да солармен бөліседі. «Пәлен кітапты оқыдым» деп,жоқты бардай,өтірікті шындай қылып айтып, өзінікін дұрысқа шығарып,мақалдап,ешкімге жеңістік бермей сөйлеуді әдетке айналдырды.Бір айтқанын келесіде түрлендіріп,қайта айтып, жұртты күлкіге қарқ қылып,өзінің сайқымазаққа айналып бара жатқанын сезбей де қалды.Сабақ арасында үзіліске шыққан қылжақшыл әріптестері оны шақырып алып, бір тақырыпты бастап бергенде,ол дүбірге қосылған жүйріктей шаба жөнеледі. Жұртты күлдіріп,көптің назарын аудартқаны өзіне ұнайтын да секілді.Ақыл айтып, жөнге шақырған жанашырларына:
-Білем, олар мені «есалаң,әумесер» деп ойлайды,қайтем, олай өзіме тарпасам мен тіптен жалғыз қаламын ғой. Күннен-күнге көп сөйлейтін болып барамын. Үйлену керек маған.Жалғыздықтан бәрі,амал жоқ,-дейді де қояды.
Айнабек өзінің атынан алынған несиені өзі төлейтінін малданып, әкесіне :
-Әке,биыл алпысқа толдыңыз,мерейлі тойыңызды жасайық!-деп ой тастады.Әкесі:
-Ойбай,балам-ау екі сиыр аламыз деп едік қой,
-Елбасыға есеп бермейсіз ғой,бұзаулы сиыр алсақ,екеу болмай ма?-деп бір күліп алған. Абылғазы қолында тұратын кіші ұлы мен келінінің пікірін сұрап отырмады.Тойға дайындықты бастап кетті.Қоңыр тірліктен шаршап жүрген келіні миллион келген күннен бастап үйге қажетті тұрмыстық техникалардың жоқтығын алға тартып жүрген.Оны естіген ешкім болмады.
Несие алып,той жасаудан жарысқан қоғам үшін Абылғазының алпыс жылдық тойы - заманынан қалмаудың бір белгісіндей еді. Той екі сағатта өтті де кетті. Ертесіне Абылғазы базарға барып бес жүз мыңға бұзаулы сиыр алып келді.
Келіні таңертең ерте тұрып,сиыр сауып, таңғы ас дайындап, балаларын бала-бақшаға жеткізіп, жұмысқа кетеді.Абылғазы қалаға шығып таксилік етеді.Күзетші боп істейтін кіші ұлы да үйде болмайды.Айнабек қана түске дейін сабағын өтіп келеді. Сиырды бағып-қағу өзіне қалғанын Айнабек сезсе де мойны жар бермей жүрді. «Менің ақшама алынды,басқалары қарасын» дегендей.
Ала сиыр екі аптада қабырғасы ырсиып,сүті азайып кетті. Мөңірейді де тұрады. «Сен саларда мен салар,атқа жемді кім салардың» кері анық келді. «Сиырға неге су бермегенсіңдер? Шөпті неге салмағансыңдар? Бұзау неге еміп қойған?» деген сұрақтар отбасындағы даудың басы болды.
Жексенбі күні Айнабек түскі асты дайындап отырған келініне жұмыс киімін жудыруға бермек болып асханаға беттеді.Осы кезде ала сиыр мөңіреп қоя берді. Ащы дауыстан келіннің миы шыңылдап,жыны келді.Илеп отырған қамырын қоя салып,сиырға су бермек боп сыртқа шықпакшы болып еді, қайын ағасы кіріп келді.Келін талайдан бері көкейінде жүрген ойын айтып салды:
-Ана сиырды бақпасаңыз неге алдыңыз? Күн ыстықта суды екі мезгіл бермек болар. Одан да кір жуғыш машина алмадыңыз ба? Қабырғасы қақырап тұрған үй мынау,-деді.
Мұндайды келіннен естимін деген Айнабек па,есі шығып келінге дүрсе қоя берді :
-Сиыр менің ақшама алынды,оған қай кезде су беруді де өзім білемін!-деп келініне жақындап қалғанын байқамай да қалды.Қаhарлы жүзінен қаймықты ма келіні қолындағы оқтаумен қайын ағасының иығынан салып қалды.Сол-ақ екен ашуға мінген қайын аға келінін жұдырықтың астына алды.
Есінен танып қалған келінді жедел жәрдем келіп алып кетті.
Бүкіл ауыл: «Айнабек қайта ішіп кетіпті,сау адам келініне қол көтеруші ма еді,» десті. Бір аптадан соң мектеп басшысын білім бөлімі шақыртты.Айнабектің мәселесімен. «Жұмысшыңыздың атына арыз бар.Педагогикалық этиканы сақтай алмайтын мұғалімді жұмыстан алыңыз!» деді.
Мектеп диреторының :
-Неге мұндай әрекетке бардың? Бұл педагогқа жараспайтын теріс қылық қой,-дегеніне, Айнабек:
-Бәріне өзі кінәлі,енді қайталамаймын,кешіріңізші,-деп жауап берді.
Әдеп кеңесінің мүшелері күліп жіберді. Бірі: « Б.Соқбақбаев тірі болғанда тағы бір романға басты кейіпкер болатындай екенсің,» деп қалды.
-Бұл күлетін жағдай емес,кешірімді менен емес келініңнен,құдаңнан сұра,немесе жұмыстан кетесің!-деді директор.
Сол күні Айнабек құдасының үйіне кешірім сұрауға барды.Құда баласымен төбелесті,құда-құдағиы да жабыла ұрды.Оңбай таяқ жеді.Екі жақ та бір-біріне арыз жазды, жағдай әбден ушықты.
Келіні ауруханадан шыққан соң жүгін жинап, төркініне кетіп қалды.Күйеуі кетіп бара жатқан бала –шағасына бір,өскен ұясы-қара шаңыраққа бір қарап, еріксіз әйелінің соңынан ілесті.
Біраз уақыт өтіп, ашуынан қайтқан екі құда ымыраға келісті.Кешірім алуға келген Абылғазыға құдасы:
-Бес жүз мың теңге бересің,келінің мен балаңа жұмсаймыз,жер телімі бар екен, там соғуды бастайды.Қызым сенің үйіңе енді аяқ баспайды,-деді.
Ертесіне ала сиыр сатылды.Екі жақ татуласып,соттағы іс жабылды.
Айнабек жұмысында қалды.Ала сиырмен келген дау ала сиырмен кетті. Айнабекке миллионның әлегі сабақ болмаған сияқты.Ескі әдетіне басып,түк болмағандай әріптестеріне қисық әңгімесін соғып тұр:
-Банктен күнде қоңырау соғады, «24 пайыз үстемемен, бес миллион теңге несие береміз,» дейді, не қылсам екен ,ә?-деп сұрап қояды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇