Әңгімелер ✍️

Әйел бақыты
(әңгіме)
Шын еркекті көргенде,әйел біткен әйел
болғанына қуанады.
Қадыр Мырза Әли
I
Сараның соңғы күндері көрген қорлығы бәрінен асып түсті. Асқардың Астанадан келгеніне бір апта болса, содан бері ұйықтамапты да. Түнде араққа сылқия тойып келеді де таң атқанша төсекке тартып әурелейді. Қанталап кеткен көздері аларып, еңгезердей денесімен астына салып, құмарын баса алмай нәзік денесін езгілеп, тістелей беріпті. Бұның ерік, қалауына қарамай нәпсісін еркіне жіберіп, айуандықпен зорлық көрсете беріпті. Арасында сырасын сыздатып отырып, қызғанған сыңайда:
- Осындай сұлу қатынға қалай ешкім қарамады? Мен жоқта біреумен байланысып жүрген боларсың? Қалай шыдайсың? -деп, ащы тілімен, кекесін сөзімен тергеуге алыпты.
Сара туабітті жуастығынан, ішкен адамнан қорқатындығынан бәлен деп қарсы сөз айтуға дәті бармапты. Тек:
-Қойшы, шаршадым, балалар оянып кетеді,- деп жалынып, жалбарынумен болыпты. Оның аузынан аңқыған арақ иісі қолқасын қауып, жүрегін айнытса да, алдында жылап отыра беріпті. Онымен қарсыласып, ерегестіріп алудан қорқыпты. Қит етсе «сенің біреуің бар» деп айқай салатын долы мінезінен қаймығып, ес біліп қалған қыздары естіп қалар деп көнбістікке салынып, өз абыройын құрбан еткендей. Он бес жылдан бері «ұят болар» деумен жүре беріпті. Аядай үш бөлмелі ғана үйлері бар. Жапсарлас бөлмеде бала-шағасы жатады. Қара шаңырақты кеңейтетін, жөндейтін ер азаматтың түрі мынау. Он жылдан аса Астана асып, жұмыс істесе де үйіне соқыр тиын да алып келмепті. Соңғы он жылда оның сау кезін көрмепті де.
Сәскеде оянған Асқар жуынып-шайынып, жол сөмкесіне киім-кешегін салды да, түк болмағандай:
-Мен кеттім,-деді де, кезекті іссапарына аттанды. Теледидар көріп отырған бес жасар ұлының маңдайынан сүймеді де, үрпиісіп тұрған екі қызының бетіне де қарамады, қайыр-қош да демеді. Теңселе басып, оразасын ашуға көрші үйдің дүкеніне кіріп, бір шөлмек сыра алып жүре берді.
Сара моншаға кіріп, үстіне су құя беріпті, құя беріпті. Қазанда су біткенде ғана отырып, іштегі нала-мұңын шығара алмай көз жасына ерік беріп, өкіріп жылапты. Қанша отырғаны есінде жоқ, жамбасынан сыз өткенде ғана, үйіне кіріп жатты.
Әр келгенінде жарасын тырнап, қайғылы күндерін есіне салып кететін Асқарға ақыл кірмейтініне тағы көзі жетті. Оны ойласа, өне бойын жиіркеніш жайлап, иттің етінен де жек көретінін сезінді. «Ұл-қызымның әкесі ғой, құдай қосқан жарым, әлі де түзелер, ес кірер" деген сенімін біржолата жоғалтқандай. Бір кездері ұнатқандай болған, сүйгендей болған сезімнің бірі де жоқ. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген аяулы ата-анасы, қызғыштай қорыған екі ағасы осындай жаманға қиып бергенін қайдан білсін. «Ақ босағаны пәк болып аттап, адал жар, асыл ана болу бақыты бұйырсын» деп ақ батасын беріп еді-ау. «Қайтіп келген қыз жаман» дегенді құлағына құйып өскен Сара мына үйді әлдеқашан тастап кету керегін енді ұққандай. Бақытты болған сәттерін есіне ала алмады да. Жастыққа тұмсығын тығып, тұншығып тағы да жылады. «Құдай-ау, мен осындай өмірді сұрап па ем! Мен не деген бақытсыз сормаңдай едім,» деп өз-өзін іштей мүжи берді. Сүреңсіз көрініске толы өмірі көз алдына келе берді.
Сара талдырмаш бойлы, аққұбаның әдемісі еді. Іші-бауырыңды баурап алатын жұмсақ дауысты, нәзік жан еді. Шымкенттегі медициналық колледжді бітірер жылы Асқармен танысқан. Асқар өзін барынша жақсы жағынан көрсетіп, жігітпен қыз болып кездесіп көрмеген он тоғызға жаңа толған Сараның жүрегін тез жаулап алды. Баладай аңқау жүрегі «арқа сүйер, тірек болар азаматым осы екен» деп оңбай алданыпты.
Абай ауданына қарасты үлкен ауылға келін боп түсті. Беташар өткен соң ауыл қатындарының өзіне тосырқай, мүсіркей қарап:
-Ойбуй, әп-әдемі қыз екен-ау, маңдайыңның соры бес елі екен ғой,-деп бастарын шайқап кеткенде, түк түсінбеген екен.
Сарадан бұрын бұл босағаны екі қыз аттап үлгеріпті. Алғашқысы бақуатты жердің қызы екен, бұлардың жұпыны үйін көріп, берекесі қашқан отбасы екенін сезіп, анасымен кетіп қалыпты. Екіншісінің әке-шешесі қарапайым, момын жандар екен. Еркінен тыс алып қашып кеткен қыздарын қайта алып кетпеген. Асқар онымен екі жылдай отасып, ажырасып кеткен. Одан тез суып, өзіне тең көрмей, отырса опақ, тұрса сопаққа салыпты. Енесіне не істесе де жақпапты, мін таба беріпті. Аптап ыстықта жас келін демей қара жұмысқа салған. Күнұзақ ауыр бейнеттен, қайырымсыз жанұядан соңында құндақтаулы қызын бауырына басып, қашып құтылған екен.
Асқар ат жақты, қалың ерінді, орта бойлы сары жігіт. Бір үйдің жалғызы. Әке шешесі бетінен қақпай өсірді, Не ішемін, не жеймін демеді, қалағанын жасады. Қиыншылық көрмей өсті. Мектепті бітірген соң, оқуға түспеді, әскерге де бармады. Авто мектепті бітіріп қоя салды. Аудан орталығына барып көлік жуып, тиын-тебен тауып жүрді. Құрылыста да жұмыс істеді. Тапқан табысын есепсіз жұмсап, үйіне құрқол оралатын. Темекі, арақтың дәмін татып, соған үйірсек болды. Іші пысқанда карта ойнаудан басталған құмары оны букмекерлік кеңсеге, казиноға жетеледі. Есіл-дерті қыдыру, ішкілік, карта ойынында болды. Алға жетелейтін басқа мақсаты болмады. Достарымен апталап жоғалып кететінді де шығарды. Бірақ, қымбат киім киіп, үнемі сыптай боп, таза жүреді. Басқаға басын қатырмайды.
Үйдің керек-жарағы, отын-суы зейнет жасына жақындаған әкесінің мойнында. Ол өмір бойы диқаншылықпен айналысқан шаруа кісі еді. Совхоз тарағанда егіншілік жасайтын жерден бұған болмашы ғана үлес тиген. Қызанақ-қияр егіп күнкөріс етеді. Анасы жұмыссыз, үй шаруасында болды. Жасы ұлғайып, денсаулығы сыр бере бастаған екеуінің де бала алдында сөздерінің салмағы түсіп, қадірі кетіп бара жатты. Өбектеп, еркелетіп өсірген жалғыздарының құбыжыққа айналып бара жатқанын кеш түсінді.
Сарамен Асқар үш айдай ғана кездесіп жүрді. Ол кезде Асқар Шымкенттегі көлік жөндейтін орталықта жұмыс жасап жүр еді. Әр барғанында клиенттерінің қымбат көліктерін ауыстырып мініп барып жүрді. «Өзімдікі» деп сендіретін. «Әкем есеп бөлімінің басшысы, анам мұғалім» деп айтатын.
Сол жылы Сараның әкесіне Алматыдағы досы келіп «құда болайық» деп ниеттеніп еді-ау. Сондағы Сараның анасына айтқан жауабы есіне түссе, іші өрттей лаулап қоя береді.
-Апа, менің жүретін жігітім бар, мен соны қалаймын,-деген еді-ау.
Тұңғыш қызын босанып, ол үйдің қорлығына шыдамай, анасына барып, зарын айтқанда, анасы жылап отырып:
-Қайтейін, өз таңдауың, көнесің енді. Келген қыз төркінге сыймайды ғой. Көзге түрткі боласың, әкеңді ойладың ба?-деп қайтарып еді.
Артынан қуып келген ағасы:
-Мына құлағалы тұрған үйде жылылық сезініп тұрғаным жоқ, сенің бақытты боларыңа сенбеймін. Өз қалауыңмен келмеген болсаң, қазір алып кетемін! Жүрші, алып кетемін, кетесің бе?- деп қиылып сұрай берген екен.
Сара беташар өткен соң ғана байқапты, расында да үйдің қабырғасы қақырап, әбден тозған екен. Бөлме арасында тіпті есіктері де болмай шықты. «Жаңа келін келді» деп арнап төсек те дайындамапты. Қалада өскен Сара үшін қыс демей, жаз демей далаға от жағып, қазан-ошаққа ас әзірлеу оңайға соқпады. Тандырға нан жабамын деп қолын күйдіріп ала берген соң, төркініне нан пісіретін тоқ пешкі алдыртып көріп еді. Енесі:
-Мен тандырдың нанын қалаймын,-деп, пешін сатып жіберіпті. «Кедейдің кербезінен сақта» дегені осы шығар.
Енесі өзімен ертіп алып, жас келінді тәрбиелеп үйрету дегенді білмепті де. Ісінен кемшілік іздеп, күн көрсетпепті. Құлдай жұмсапты. Таңғы бестен тұрғызып, үй шаруасын жасатады. Одан соң егістік алқабына жібереді. Күндік жалақыға жұмыс жасайтын ауыл адамдарымен бірге қас қарайғанша күнбағыс орыпты, қырыққабат та жинапты, жүгерінің собығын да қайырыпты. Шаршап-шалдығып келгенде, енесі безірейіп кешкі асты да дайындатады. Ал күйеуі күні бойы қыдырып, мұның ауыр бейнетпен тапқан ақшасын жұмсап, теледидар қарап жатады.
Шыдамы шегіне жеткен күндері жөн айтамын деп күйеуінен талай рет таяқ та жеді. Енесі не істесе де жақтырмай:
-Алдыңғы екі қатының құсап кетіп қала ма, кім білсін? Болатын адам ба болмайтын адам ба?- деп қатал сынға салып, баласын қарсы қоюдан шаршамаған. Сара сонда да әулет үшін, жары үшін жасалатын қасиетті де, киелі міндетін мүлтіксіз атқарып жүре берген. «Мен осының бәріне қалай шыдап жүрмін осы?» деген ой да келмепті. Қазір ойласа қалың тұманның ішінде адасып жүргендей өмірі өте беріпті. Бұл отбасының сырын жақсы білетін қоңсы-қолаңның жаны ашып:
-Осы сені оқып тастамаған ба? Енең емші,балгерлерге көп барады,-дегенін де елемеген. Ата-енесіне бәйек болып, «көңілдеріне қаяу түсірмейін» деп бар жағдайын жасаған. Ерінің ерсі қылықтарына көз жұма қарап, асты-үстіне түсіп елпектеп жүрген. Тағдырым деп танып, бәріне төзген. Екі қыз, бір ұл сүйді.
Екіншісіне аяғы ауыр кезде енесі ауыр дертке шалдығып, төсек тартып қиналып қайтыс болды. Анасы дүниеден озған соң Асқар ішкенін үдете түсті. «Астанада құрылыста жұмыс істеп жатырмын» деп екі үш айлап үй бетін көрмейді. Бар тапқанына карта ойнап, бейберекет жүре берді.
Сара ерге шыққалы бүкіл жас өмірі ауыр еңбекпен өтсе де, ешкімге сырын айтып, налымаған. Тепкінің астында қалып, ауруханаға түссе де төркініне тіс жармаған. Келін боп түскеннен кейін бір жеті өткенде анасына хабарласып:
-Апа, енем «қалың малға екі жүз мың бердік, сен үшін қарыздандық, жұмысқа шығып, ақша тап!» деп жатыр-деген. Анасы сол кезде уайым- қайғыға беріліп қатты ауырып қалды. Алған қалың-малын қайтарып берді. Қызының жасауын да түгендеп беріп кеткен. Одан кейін анасының денсаулығына алаңдап, «бәрі жақсы» деп жүре берген.
Ақ көйлек киіп, аяулы жар атану әрбір қыздың арманы. Бір кездегі ерке, тәкаппар қыз бейне бір сиқырлап қойғандай, қиындыққа мойынсынып, ене әмірін екі етпей орындап жүрді. Құдалық тойға қолы күс-күс болып, егістік алқабында еңбек етіп ақша жинады.
Асқар жұмыс істемей күнде ішіп келіп, жанжал шығарғанда, Сара ата- енесінің бөлмесіне тығылып жатып қалатын. Асқар кейінірек өзінің асыранды бала екенін білгенде, мінез-құлқы тіптен өзгерді. Ата-анасын да адам құрлы көрмейтінді шығарды, көп ренжітіп, қол да көтерді.
Сара кіші баласы үшке толғанда ауылдық емханаға жұмысқа орналасты. Өмірін жұмысқа арнап, адамдармен араласып, пікір алмасудың қандай бақыт екенін сезінді. Алды-артын бағамдай бастады. Отызға тарта қызметкері бар мекемеде өзін-өзі кәсіби жетілдіріп, жақсы қырынан көрініп, басшылық назарына ілікті. Кәрілік жеңіп, сал ауруына шалдыққан атасын бір жыл күтіп-бақты.
Асқардың бір аптаға келіп-кетудегі бір мақсаты-әкесінің жылдық асын беріп, құран бағыштау еді. Әке алдындағы соңғы міндетін, ауылға жеткен бойда ұмытып, бар ақшасын картаға ұттырды. Осының бәрін ойлап жатқан Сараның көзі ілініп кетіпті. Баласы иығынан түртіп оятты.
Мұздаған денесі жылып, бойы сергіп қалыпты. Басын көтеріп бөлмеге көз жүгіртіп еді, төрде екі қызы бір-бірімен сөйлесіп отыр екен.
-Әкемнің кеткені қандай жақсы болды, иә?
-Анашым да көңілді жүреді енді.
-Енді келмесе екен, иә?
-Иә.
II
Асқардың қалаға кеткеніне екі айдың жүзі болды. Күнара хабарласып тұрады, ішіп алған кезінде немесе көк тиынсыз қалғанда. «Бас жазуға ақша сал!» деп әкіреңдейді.
Кейде табысы артқан күндері ел жатқанда қоңырау соғып:
-Сенің бір айда тапқаныңды мен бір-ақ күнде табамын, білесің бе? Сен мені неге сағындым демейсің? Қашан келесің? деп сұрауды да қойдың. Сен қатын өзгеріп жүрсің. Маған мұнда қатын көп. Сенімен ажырасып, басқасын алам керек болса, ей!-деп мазасын алады. Сара соңғы кездері телефонды көтермей қоятын да болды.
Көктем келіп, жер көгеріп, дала жаңа түрге енген. Сараның бұл күндері көңіл-күйі көтеріңкі. Әріптестерімен әзілдесіп, ыңылдап ән айтып та қояды. Күйеуі ауылға келмесе ,қызыл гүлдей құлпырып өз- өзіне келе бастайды.
Бүгін Сара жұмысқа әдеттегіден ертерек барып қойды. Жұмыс бөлмесінің есігін аша бергенінде, бас дәрігердің кабинетінен шыққан бейтаныс кісіні көзі шалып қалды. Ұзын бойлы, қыр мұрынды шашы қалың, қара торы келген жіңішке сұлу кісі екенін байқап үлгерді. Басын изеп сәлемдесті. Ол да басын шұлғыды. Кейіннен білді, емхананың жаңадан тағайындалған бас дәрігері екен. Аудан орталығынан келіп істейді екен.
Сара сол күннен бері қиялға берілетін шағы қайта оралғандай, көңіліне түрлі ойлар келетін болып алды. Бас дәрігердің жалт бұрылып қарағандағы жанары жатса-тұрса бір есінен шықпай қойды. Оны танитын сияқты ма, ренжітіп алып, кешірім сұраудың ретін таппай жүрген бір жақын адамы секілді көріне ме, әйтеуір белгісіз бір күй кешті. Бетпе-бет кездесіп қалғанда ол да арбалған жандай абдырап қалады екен.
Сегізінші наурыз күні ұжымдағы бес жігіт жиырма бес қызға дастарқан жазып, мерекелік кеш өткізді. Бас дәрігер тілек айтқанда Сараның жүрегі селт ете қалды. «Не деген жағымды дауыс, қалай мәдениетті әрі шебер сөйлейді» деп таңғалды. Оның қоңыр дауысы құлаққа жағып елітіп барады. Тым таныс дауыс, жоғалтып алып ұзақ жылдан кейін қайта табысып, өзіне ұмсынған жандай ішін елжіретіп барады.
Құттықтау тілектен соң жігіттер бір-бір құшақ гүлді қыздарға таратып жатқанда, бас дәрігердің өзі келіп гүл ұсынды. Сараның толғанғаннан қолы дірілдеп кетті. Бойын ешқашан сезінбеген бір жалын шарпып өтті. Жүрек түкпірінде қалғып кеткен бір сезім ояна бастағандай.
Мақсат әйелі екеуі аудандық ауруханада жиырма жыл бірге жұмыс істеді. Былтыр әйелі жол апатына түсіп, өз ауруханасында жан тапсырып еді. Мақсат күйзеліске түсіп, есеңгіреп қалды. Ол жерде жұмыс істегісі келмеді. Бір жыл ақысыз демалыс алып, үйінде болды. Ұлы мен қызы университетке оқуға түсіп үлкен қалаға кеткен соң, жалғыз қалды, Өмірге үмітін қайта ояту үшін жұмысқа шықты. Басшылық осы ауылға бас дәрігер етіп жіберді.
Жұмыс уақыты бітіп, емханада ешкім қалмағанда Мақсат та кабинетінен шықты. Есігін құлыптап кете бергенінде Сараның жұмыс бөлмесінде жарық жанып тұрғанын байқады. Есіктен сығалап қарап еді, басын төмен салып, Сара жылап отыр екен. Қасына барып тізерлеп отыра кетті де:
-Саған не болды, Сара? Неге жылайсың?-деп шашынан сипап алғанын өзі де байқамай қалды. Сара емханада ешкім қалмаған деп ойлап еді. Бастығының алдында қатты қысылғанымен, көкірегіндегі өксік көз жасы арқылы шыға берді. Ештеңе айтпаған соң Мақсаттың қам көңілі босап, жүрегі езіліп, қосылып жылады. Баладай егіліп отырған Сараны құшақтап алды. Сара Мақсаттың денесінен шыққан нағыз еркектің өткір иісін құшырлана иіскеп, ыстық құшағына жұтылып бара жатты. Ерінен ешбір сезінбеген ләззаттың тұңғиығына батып бара жатқандай болды. Тек қана сыбырлап:
-Үйге бармаймын,-дей беріпті.
Сол күні Асқар ауылға келген екен. Үйіне бас сұқпастан, карталас серіктеріне кеткен.
Сараның тұрмыста екенін білетін Мақсат бойын тез жиып алды да:
-Сырыңды айтшы, мен тыңдайын,-деді.
Асқар бар қаражатын жаратып қойған соң ,ауылда болудың мәні кетті ме екі күннен соң Астанаға кетіп қалды.
Сара Мақсаттың бетіне көпке дейін қарай алмай жүрді. Бір күні өзі кабинетіне кірді. Терезеге қарап тұрып:
-Мен жынданатын шығармын. Жүрегім өзіме бағынбайды. Ыстық құшағыңыз есімнен кетпейді. Сіздің дауысыңызды естігенде ғашықтықтан қаным қайнап кетеді. Сенесіз бе мен мұндай сезімді басымнан өткерген емеспін. Артық айтсам кешіресіз. Менікі дұрыс емес, әрине. «Бұл неткен бұзық қатын» деп ойлайтын да шығарсыз?-деген.
Асқар Астанаға ерте келгенімен, ештеңеге зауқы соқпады. Жол бойы ішкен арақтың уы ішін күйдіріп, мазасын алды. Пәтеріне барып, жатып алды. Қаладағы мол табыс табуға болатын жиһаз құрастыру орталықтарының бәрінде жұмыс істеді. Бірақ ешқайсысында бір жылдан артық тұрақтамапты. Былтырдан бері құрылыс заттарын сататын дүкенде жүк тиеуші болып жұмыс істеп жүр.
Асқар кеш бата жақын маңдағы дүкеннен сыра алуға шықты. Дүкенде Зарина отыр екен.
Зарина күйеуі қайтыс болған соң, ауылдағы үйін сатып қалаға көшіп келген. Бір ұл бір қызы бар. Бірнеше жылдан бері осы дүкенді дөңгелетіп отыр. Асқармен екі жыл бұрын ас үй жиһазына тапсырыс беруге барғанда танысқан. Асқар әйелімен айырылысып, үй- жайын қалдырып, «далада қалдым» деп , өзін ешкімі жоқ бейшара етіп көрсеткен. Бір жылдай оның үйінде тұрды. Қарызға ақша алып, білдірмей бағалы әшекейлерін үптеген. Оның қыр-сырына қанық болмай жатып үйіне кіргізгеніне Зарина сонда өкінген. Жүкті болып қалып, Асқарға шетін айтқанда :
-Алдырып таста,-дегенін естіп, адамшылығының өлшемін анық байқайды. Ағаларын шақыртып, ертесіне-ақ қуып шығады.
Асқар дүкенге кіріп сөреде тізіліп тұрған арақты көргенде көзі жайнап кетті. Заринамен салқын амандасты да:
-Бір шиша берші, ақшасын ертең берейін,- деді.
-Мен саған мұнда жолаушы болма деп едім ғой!
Өз еркімен бермесін білген Асқар сөреден бір шөлмекті алып, шығып кетті. Ол жерден тезірек кетіп қалғысы келіп асыға басқан Асқар көлік нөпірі көбейген көшені кесіп өтіп бара жатып, сүрініп құлады. Ауыр көліктің жүргізушісі тежегішін басып үлгере алмады, басып өтті.
Сара Мақсатпен хабарлама жазысып жүрді. Бір сезім жан жүйесін мөлдіретіп, кеудесін сағыныштың лебі кернейді. Жазған бір ауыз сөзінің өзі өмірге деген құлшынысын одан ары күшейтеді. Күн өткен сайын бауыр басып бара жатқанын байқайды.
Мақсат күйеуі бар әйелмен көңіл жарастыруды қаламады. Жоқ деп кесіп те тастай алмады. Жан баласына ашпаған сырын айтып жылаған Сараны жұбатқан күні оянған сезімін білдірмеді. Оның тағдырына қаныққан сайын аяй берді. Ыстық ықыласы мен достық ниетін ғана білдіріп жүрді.
Сара:
- Маған сізден ештеңе қажет емес. Бөтен ойға бармаңыз. Мені ата-анам жақсы тәрбиелеген. «Әйел жақсы болып тумайды, оны жақсы еркек тәрбиелейді» дейді ғой, мүмкін маған нағыз ер азаматтың тәрбиесі жетіспейтін шығар. Ақымақтығымды кешіріңіз. Ағалық ақылыңызды айтыңыз. Сіздің айтқаныңызды екі етпеймін. Бірақ мен қазір шексіз бақыттымын. Сізді жақсы көріп жүруіме рұқсат берсеңіз болды. Сізді көрген күн-мен қайта тірілген күн. Өзімнің әйел екенімді сезіне бастадым, -деген.
Асқар есін ауруханада жиды. Жамбас сүйегі сынып, бел омыртқасы зақымданыпты. Сара халін сұрап артынан бара алмады. Екі айдан кейін, сыныптастары ұйымдасып, ұшақпен елге алып келді. Асқар мүгедек арбасына таңылды. Дәрігер «өз аяғыңмен жүру үшін шетелге барып, ота жасату» керек деді.
Асқар ішуді қайта бастады. Сара бұл сынаққа да көнер еді, Асқар масайып алып ауызына келген боқтықты айтып, шаңырағының шырқын бұзып, бала-шағасының берекесін алмағанда. Сараны жазықсыз айыптап:
-Сен біреумен жүресің. Неге мұнша сәнденесің? Мен ауруханада жатқанда іздеп те келмедің. Балаларымды шақырсам, бірі де келмейді. Сен үйретіп қойғансың. Жұмыстан шық, менің жәрдемақым жетеді, жанымда отырасың,-дейді.
Сараның жүйкесі сыр беріп, қанша жыл көкірегінде кептеліп қалған ыза-кегін төгіп салды:
-Осы ұлыңды мен екі жыл аурухана есігін тоздырып, табанымнан тозғанымда, қайда болдың? Кесел жанына батып түнімен жылағанда «біреуге беріп, құртшы осы бәлені» дегенің есіңнен шықты ма? Балаларым ғой деп тым болмаса памперсіне ақша бердің бе? Бауырыңа қысып, мейіріміңді төгіп па ең ?
Сара түн баласында көз ілмей шықты. Он бес жыл жұрын батылы жетпеген қадамға енді баратынына анық көзі жетті.
Таңертең жұмысқа барып, жұмыстан босату туралы өтінішін жазып, Мақсаттың алдына кірді. Сараның еріндері дірілдеп, көзіне мөлтілдеп жас келді. Мақсатты қатты құшақтап, жылағысы келді.
Мақсат ләм демей арызына қол қойып берді. Сара кабинеттен кері шығып бара жатқанда:
-Тоқта-деді. Сара жалт бұрылды. Жанына келіп:
-Қайда барасың ?-деді.
-Шымкентке.
-Мына кісіге хабарлас, жұмысқа қабылдайды,- деп тілдей қағаз ұстатты да:
-Жолың болсы,-деп маңдайынан сүйді.
Сара сол күні ажырасу туралы сотқа арызын беріп кетті. Ұл-қыздарын ертіп, үйінен біржолата кетті. Шымкентте ағасының бос тұрған үйіне орналасты. Орталық емханаға жұмысқа орналасты. Бас дәрігері Мақсаттың курстасы екен.
Сара кеткелі Мақсаттан маза кетті. Таң атқаннан көзі ұйқыға кеткенше бір есінен кетпейді. Сыңарын іздеген аққудай алаңдайтынды шығарды. Олар бір-бірімен телефон арқылы хат-хабар алмасып тұрды.
Мақсат аудан орталығындағы үйін сатып, Шымкентке қоныс аударды. Шымкент қаласындағы клиникалық ауруханаға хирург болып жұмысқа орналасты. Қысқы демалысқа келген ұл-қызына Сарамен бас қосуға ниетті екенін айтты. Олар қарсы болмады.
Мақсат сондай мейірбан, балажанды еді. Сараның балаларын өз балаларындай көрді. Зәулім үйінің ішінен көп ұзамай сәби даусы естілетініне қатты қуанды. «Біреудің бақытты еткенін емес, біреуді бақытты еткісі келетін адамның махаббаты құдіретті!» дейді. Мақсаттың Сараға деген сүйіспеншілігі оны махаббаттың ең биік сатысына шығарды.
«Әйелді уақыт емес, еркек өзгертеді» дегені рас екен. Сара тұрмысқа шыққалы қатты өзгерді. Үнемі ән салып, көңілді жүретін болды. Жүзі нұрланып сұлуланып кетті. Нағыз еркектің кім екенін, қандай болатынын түсінген сайын бақытқа жақындай түсті. Әйелге еркектің жылы сөзі мен ыстық құшағынан өзге бақтың қажеті шамалы екенін ұқты. Ер азаматы тіреу болып, еркелетіп, бағасын біліп, мерейін төмендетпесе одан артық бақыттың керегі де жоқ екенін шын білді.
III
Асқар соттан келгелі бері бөлмесінен шықпай отырып алды.
Дүкенге шығып ас-суы мен күндік ішетін «чекушкасын» да алмады.
Кешкісін ыстық тамақ әкеліп беріп жүрген қоңсысы Жамал апаға да есігін ашпады. Алғашында қарасатын ешкімі болмаған соң, Жамал апа күнде кешкі астан бір кесе беріп жүрген. Кейіннен Асқар ұялды ма жәрдемақысынан айына он-он бес мың теңге беріп тұратын болды.
Әрі-бері қаққанға шықпаған соң Жамал апа есіктің сыртында тұрып:
-Екі күннен бері нәр татпадың ғой. Қайтейін, өзіңе-өзің жасадың емес пе? Сара келін алтын адам еді. Төсек тартып жатқаныңда астыңды тазалап, қасықпен тамақ бергенде де қадіріне жетпедің. «Ұра берсең Құдай да өледі» дейді. Көзіміз көрді ,жар өмірін ит қор еттің. Айналайын ай, енді өмір мұнымен тоқтамайды ғой,-деді. Есік ашылмаған соң, шын абыржыған Жамал апа:
– Өліп қалған жоқ па, сорлы ау?-деп терезесінен сығалап көріп еді, жөткірінген дауысты естіді.
-У-уф, аман болшы, сәби кезіңнен көз алдымда өстің, балам ай,-деп көзіне келіп қалған жасты жаулығымен сүртіп,бір кесе тамағы мен нанын терезе жақтауына қойып кетіп қалды.
Жамал апаның сөзін естіп отырған Асқар егіліп жылап отыр еді. Сот отырысында ұл-қызының өзінен теріс бұрылғаны көз алдынан кетер емес. Сот ішімдікке әуестігін ескеріп, балаларын көріп тұру құқынан да айырғаны да санасынан кетпей қойды. Кешелі бері өзіне қол жұмсамақ болып, қанша оқталғанымен түк шықпады. Шаңырағының ортасына түскенін, ғазиз өмірдің барлық тірегінен айырылғанын енді сезгендей. Асқар мұңды ойдың құшағында жатып, өз қателіктерін саралап түн ауа көзі ілініп кетті.
Асқар ертесіне таза киім киіп, арбасына мініп көшеге шықты. Ішуді қойып, Сараны, бала- шағасын қайтару үшін қолынан келгеннің бәрін жасаймын деп шешті. Аудандық мүгедектер қоғамына барып, жұмыс істегісі келетінін айтты. Ат құйрығын үзіскен сыныптас достарына барып, тәубаға келгенін айтты.
Шағын несие алып, жиһаз жасайтын цех ашты. Жанына ауылда жұмыссыз жүрген жас жігіттерді тартты. Ауыл тұрғындарынан тапсырыс түсе бастады. Кәсібінің тасы өрге домалай бастады.
Үмітке толы бір жыл өте шықты. «Сара Мақсатқа тұрмысқа шығыпты» деген жайсыз жаңалық Асқардың жабырқау жанын жасындай жайратып кетті. Арақ ішуді қайта бастады.
Мақсат өзі басқарған ауыл емханасындағы әріптестерімен байланысын үзбеген, әлі де хабарласып тұрады. Асқардың жай-күйіне әбден қанық еді. Асқардың бейшара халіне өзін кінәлі сезінетіндей. Балалары өзін «әкешім» деген сайын төменшіктеп, жүрек тұсы шым етіп, оның тағдырына алаңдай түседі. Бойындағы жанашырлық сезімнің иненің жасуындай сәулесін сөндіре алмады.
Мақсат бұл күні аурухананың травмотолия бөлімін басқарады. Оны тәжірибе алмасып, қазақстандық күрделі науқастарды емдеуге жәрдемдесу үшін түркиялық дәрігерлер келгелі бір ой мазалай берді. Ол ойын Сараға айтпады. Сара ұл босанып, бала күтімінде отырған. Мақсат Абай ауданының бас дәрігеріне хабарласып, Асқарды Шымкентке жеткізуді сұрады.
Асқар өзіне жасаған отаның басы-қасында кімнің жүргенінен, қосымша ақысын кім төлегенінен әлі хабарсыз еді. Кімнің ықпалымен бір ай ауруханада жатып, емдеу-сауықтыру орталығына барып емін жалғастырғанын да білген жоқ. Мақсатты жүзбе-жүз танымайтын еді.
Асқар өз аяғымен жүре алатынына шын қуанды. Сауықтыру мекемесінен шыққан соң, ота жасаған ауруханаға барды. Дәрігеріне ризашылығын білдіріп, қолын қысып, алғысын айтқысы келді.
Асқар толқыныстан есікті қақпай дәрігердің кабинетіне кіріп келді.
Құшағын ашып:
-Мақсат аға! -деп ілгері адымдай жүре беріп, кілт тоқтады.
Дәрігерге еркелеп, мойнына асылып тұрған әйел көзіне оттай басылды. Төрдегі диванда тәтті ұйқыда жатқан төрт-бес айлық баланы да көзі шалды. Сараны бірден тани қоймады. Алғашында «дәрігердің келіншегі сұлу екен-ау» деген ой қылаң ете қалды. «Ыңғайсыз болды-ау» деп артқа шегіне беріп, бір көз тоқтатқанда, өзіне таңырқай қараған Сараны анық таныды. Есі шығып кете жаздады. Аяғынан әл кетіп, буын-буыны дірілдеп әзер тұрды. Аздан соң тіл қатпай, бөлмеден шығып кетті.
Асқар таксиге отырып ауылына қайтты. Көз алдынан бақытты әйел бейнесі кетер емес. Сараның жанарында бақыт нұры шашылып тұр екен. Іші қызғаныш отына күйіп, жүрегі өртеніп бара жатты.
Асқардың бір жылдай ғана жұмыс жасаған цехы жайына қалғалы қашан. Ол ауылға келген соң, жиһаз жасайтын құрал-жабдықтарын шетінен сатып құртты. Құмар ойынның құрығына тағы да ілікті.
Мақсат пен Сара шаңырақ көтергеніне төрт жыл болыпты. Мақсат-отбасы жылуын сезінген қамқоршы әке, Сара – жанұя ұйтқысы, жылуы, шуағы болды. Еріне еркелеп, оның қолдауын сезініп, бала тәрбиелеу бақытын бөленді.
Бүгін Сара жұмыстан келген соң, кешкі асты әзірлеп жатқан еді. телефонына қоңырау соғылды. Төртінші сыныпта оқитын ұлының жетекшісі екен.
-Алло, сәлеметсіз бе?
-Сәлеметсіз бе?
-Дамир келді ме?-деді бірден.
-Иә, келді, тыныштық па?- деді Сара мұғалімнің қобалжыған үнінен секем алып. Мұғалім сөзін бітіргенше үнсіз тыңдай берді. Сара бұған сенер-сенбесін білмей баласының бөлмесіне кіріп барды. Сөмкесін ақтарып көріп еді, сыныпта жоғалған смартфонды көріп, ұяттан қызған беті өртке шарпылғандай дуылдап кетті. Жұмыстан оралған Мақсат жылаған баланың дауысын естіп, үйге жүгіріп кірді. Сара Дамирды таяқтың астына алып, өзі де қосыла жылап тұр екен. Мақсат екеуін де құшағына алып, кезек-кезек жұбатып, беттерінен сүйді. Дамир өксігін баса алмаған күйі:
-Мама, кешірші, мен тек ойын ойнау үшін алып едім, енді өлсем де ойнамаймын, біреудің затын да алмаймын,-деді.
Сара да Мақсаттың көкірегіне басын қойып, ағыл-тегіл жылап:
-«Қанына тартпай қоймайды», «тегі жібермейді» дегені рас екен ғой. Енді қайтемін?-деді.
Асқар біраздан бері қарызға алып ойнайтын болған. Қарыздан-қарызға кіріп, ақыр соңында үйін сатып, дымсыз қалды. Көктемнің орта кезі. Жаңбыр шелектеп құйып тұрды. Таңғы беске дейін карта ойнап, үйін сатқалы жанынан бір елі шықпай еріп жүрген досымен бірге Шымкентке қарай жол тартты. Екеуі де мас болғанша ішкен. Ескі «аудиді» кезектесіп жүргізіп отырды. Асқар қалың бетін түк басып, әбден азып- тозған. Өңі суық қара торы досының «ақша бермесе қайтеміз?» деген сауалына былшықтанған көздері жымиып, ыржия күліп:
-Өлтіремін оны, мен жоғалтатын ештеңе қалмады, Сарадан, балаларымнан айырған итті кешіреді деп ойлайсың ба? Көзін құртамын бәрібір, қара да тұр,- деп қабағының астымен бір қарады.
Қалаға жиырма шақырым қалғанда рульдегі Асқардың көзі ілініп кетті. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік жолдан шығып кетіп, бірнеше рет аударылып түсті.
Жедел жәрдем Асқарды ауыр халде клиникалық ауруханаға жеткізді. Денесінің сау-тамтығы қалмапты. Өңі суық досының қолы ғана сынып ажалдан аман қалды. Асқарға шұғыл ота жасалды. Отаға қатысқандардың ішінде Мақсат та болды. Отадан дәрігерлер көңілсіз шықты. Іш құрылысы езіліп кетіпті. Бұрыннан бауыры іріп, аз қалған екен. Көпке бармайды, әрі кетсе бір апта өмірі қалды десті.
Екі күннен соң Асқар есін жиып, тілге келді. Медбикеге нұсқау беріп тұрған Мақсатты таныды. Көзін жұмып теріс қарады. Ертесіне Мақсатты шақыртып, кеудесі сырылдап, әзер сөйледі:
-Мақсат, жаным ауырып барады, көпке бармайтынымды да сеземін. Балаларымды алып келші, тым болмаса бақұлдасып қалайын,-деді.
Ертесіне Сара қыздары мен ұлын ертіп келді. Асқардың мүшкіл халін көріп Сара көзіне жас алды. Екі қызы екі жағынан келіп, әкесінің басынан сипады. Дамир де ересек адамдарша әкесінің қолынан қысып:
-Әке, жазылып кетіңіз, неге үйге келмей қойдыңыз? Мен сізді күтіп жүрдім ғой,-деп езіліп жылады. Асқар сөйлеуге мұршасы келмей, ыммен ғана иек қағып жатты . Екі көзінен парлай аққан жас бетін жуып жатты.
Біраздан соң кетуге ыңғайланған балаларының маңдайынан иіскеп «кешіріңдер» деуге ғана шамасы келді. Мақсат пен Сараға «аялдай тұрыңдар» дегендей ишарат білдірді.
Асқар бар күшін жинап, әр сөзін үзіп-үзіп:
-Сара, мені кешір. Жақсы жанды кезіктіргеніңе қуаныштымын. Бақытты болыңдар. Мен саған әйел бақытын сыйлай алмадым. Сені сүйгеніммен сүйдіре алмаппын. Неткен өзімшіл едім. Мен түзеле алмадым. Мені осында жерлеңдерші. Балаларым қабірімнің басына келіп тұрсын. Менің басқа кімім бар, Құдай айдап келген шығар. Көмусіз қалар ем,-деді.
Асқар кеш бата жан тапсырды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇