Әңгімелер ✍️

Жігіттің жақсысы-нағашыдан
Анасы төркінінен көңілсіз оралды, Арман сиыр жайып келіп, кіреберісте тұратын қолжуғышқа қол шайып жатқан еді. Әбден күн ұрған басына салқын су тигізген сайын рақаттанып барады. Екі аттам жерде тап- шанда дастархан басында анасының әкесіне айтқан әңгімесін құлағы шалып қалып, біртүрлі күйге енді. Жандарына барса, әңгіме үзіліп қалардай беті-қолын сумен сипап, тұра берді. Анасы:
-Райымбек ұрлық жасапты, енді сотталатын болды,-деді де, еңіреп жылап қоя берді.
-Оған не жетпейді ,ә? Қап, кеше ғана ғой әскерден келгені, есіл өмірін қор қылып. «Жалғызым» деп жағдайын жасағандағы қайтарымы осы ма? «Саяқ жүрген таяқ жейді» деген осы болар. Біраздан соң анасы:
-Арманды апам қолыма бер деп отыр, үй ісіне қолғабыс болсын дейді ,-деді көзінің жасын сүртіп. Арманның жүрегі су ете қалды, ет жақындарынан ажырап қайда барам деп ойлады, айына-жылына анасына еріп барып жүрген нағашы жұртын жатсынып. Бұның пікірін әрине ешкім сұрап отырмады да. Әкесі :
- Ертең нағашы атаңның үйіне барамыз. Атаңа бала боласың,-деді де қойды. Арман жанары жасқа толған анасына да ,қабағы қатулы әкесіне де назын айтып отырмады.
Арман үйдің үлкені .Сабақтан келген соң үш сиырын өріске айдап, көбіне жалғыз ойнап, өз алдына бірдеңелерді ойлап, томаға-тұйық жүретін. Биыл төртінші сыныпты тауысып, жазғы демалысқа шыққан шағы. Әліппені орысша таныған оны тек «ол жақта орысша оқимын ба?» деген ой мазалады. Сиыр бағудан да құтылатын болдым деп ойлады. Аптап ыстықта сиыр жаю да оңай емес. Өріске қанша су алып барса да таусылып қала беретінін айтсайшы. Ындыны кеуіп, шөл қысқанда, арықтағы тұрып қалған суды кепкісімен сүзіп ішу ауыл баласының қашанғы әдеті. Қырсық сиырдың аңдығаны мақта алқабы, күні соны қорумен өтеді. Ойын баласы қанша дегенмен, кеш бата от қуып кеткен сиырларынан көз жазып қала береді. Сол күйі жоқ боп кетердей: «Е, Құдай ,сиырым табылсыншы,» деп безектеп, жан ұшыра жүгірген сәттері есіне түссе, бойы тітіркенеді. Сол ойымен:
-Көке, атамның сиыры бар ма? -деді.
- Енді қайдағы сиыр, бәрін сатады дағы, жоқ,-дей салды әкесі.
* * *
Райымбек -орта бойлы, қара торы сұлу жігіт. Қалың қасы қосылған, қою шашты , сән -салтанатын келістіріп жүретін сәнқой жігіт. Бетін қақпай өсіргенге еркінсіп, үнемі өзім білемге салатын. Әскерден келгелі ата-анасының ескертпелеріне құлақ аса бермейтін болып алған. Қатарластары арасында жылдам жүрісті шетелдік «Ява» деген мотоцикл Райымбекте ғана болды. Түннің жарымына дейін қыдыратынды шығарды, жора-жолдастары да көбейді. Бір күні мотоциклмен трактордың астына кіріп, періштесі қағып аман қалды. Сол оқиғадан соң Бөрібек ұлына қатты ұрысты:
- Сал-серідей серуен жүрісіңді тоқтат! Жұрттың баласы құсап е оқу оқымадың. Мына үйді жаңартып, үйленіп адам болуды ойлайсың ба? Жұмысқа кіріп, адал еңбекпен мал тап.
Ол кезде әкесі ұлының мал табудың жеңіл жолын әдетке айналдырғанын әлі білмеген еді.
* * *
Арман қала маңындағы «Қызыл жұлдыз» совхозында тұратын нағашысының үйіне әкесімен келген. Әкесі кетерінде:
-Нағашың сияқты болма, жақсы бала бол, жарай ма?-деді басынан сипап. Соңынан қарап қалған Арман «әлемдегі ең жақсы бала боламын, көке» деді ішінен, кеудесіне өксік тығылып .
Арман нағашы атасының мал қорасынан құлағы қалқиып күйіс қайтарып тұрған ала сиырды көріп:
-Түу, -деп кейді де, анадайда жатқан шыбықты алып, кінәсіз хайуанды салып қалды.
Әжесі Разия Арманды өзіне тез баурап алды. Отырса -тұрса айналып, толғанып жүрді.
Арман әжесі орыс пешке піскен ыстық бөлке нанға бірде қол майын, бірде сепараторға тартылған қаймақты жағып бергенде, дүниеде одан асқан дәм болмайды деп ойлайтын .
Бөрібек - орта бойлы, ат жақты, қырма сақал, келісті кісі. Артық сөзі жоқ момын жан.
Разия -ақшыл сары, ет жеңді сұлу әйел.
Бөрібек те , Разия да ата-анадан ерте қалып, жетімдіктің қасіретін бір адамдай тартқан. Бір-бірін ұнатып қосылды. Разия қанша құрсақ көтерсе де, көрер жарығы болмай, шетінеп кете берді. Арманның анасының көрер жарығы бар екен. Есімін ұлға бай болсын, ұлдардың биі болсын деп Ұлбибі қойған. Осыдан кейін денсаулығы нашарлап бала көтермеді. Тек жатса-тұрса шалының тұяқсыз қалатыны, қызының жалғыз өсетіні жанына батты.
Көп ойланып Бөрібекке өзі айтты:
-Менің көңіліме қарама, жазмыштан озмыш жоқ ,саған қиянат жасамайын, ұрпағыңды көбейтер біреуді тауып, некелі жар ет, апалы-сіңлідей боп тұра береміз,-деді. Бөрібек мырс етті де:
-Жүрген қара жұмысшы болсам, мына заманда тоқал боп кім тие қояды дейсің. Қой, қайдағыны айтпай,-деген. Ерінің өздігінен мұндай қадамға бармасын білген Разия іске өзі кіріскен. Таныстары арқылы қалада күйеуінен ажырап, бір жасар қызымен барарға жер таппай жүрген Заринамен танысады. Шымкент жақтың қызы екен ,арғысын зерттеп отырмады. Келісім бергеніне қуанып үйіне ертіп келе беріпті. Сегіз ай өткенде ай-күні жетіп Райымбекті босанды да бір жетіден соң, қызы Райханды да тастап, оңтайлы сәтті пайдаланып ,ештеме айтпастан кетіп қалыпты.
* * *
Райымбекке үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. «Басқалардың әкесі ұқсап ақша беріп, алып қалмадың» деп әкесіне қатты кіжінді. Бөрібек ел көзіне көрінуден қалды. Жұмысқа таң сәріде кетіп қалатын. Кешкісін ащы суды ішіп келетін болды. Жүк түсіруші болып жұмыс істеді.
Қыркүйек келіп, оқу жылы басталған кез .Арманды мектепке атасы ертіп барды. Жаңа ортаға тез үйренді. Домбыра ,күрес үйірмелеріне жазылды. Аптада бір өзінен төрт жас үлкен әпкесі Әселге еріп клубқа, үнді фильм көруге барады.
Әсел- Бөрібектің төртінші перзенті. Арман Әселдің жанында жүргенде ,елдің бәрі екеуін бір анадан туған деп ойлаушы еді. Аққұба жүздері ,көкшіл көздері ,қара қоңыр шаштарына дейін ұқсайтын.
Разия Бөрібекпен отасқанда, көп балалы отбасы боламыз деп ойлаушы еді. Бірақ тағдырдың тартуы басқаша болды. Разия Заринаның біржолата кеткенін біліп, Райхан мен Райымбекті бауырына басты.
Бірі жетіге, бірі алтыға толғанда, Жаратқан Разияның шексіз аналық махаббатына, риясыз мейіріміне тағы бір сынақ салды. Қаладан келіп көршісінің үйінде пәтер жалдап тұрып жатқан бір бойжеткеннің жасырын босанған қызын сол күні-ақ үйіне алып келген. Ана бақытынан басы айналған Разияның шешіміне сәби иісін сағынған Бөрібек те қарсы болмады.
* * *
Райымбек жазасын өтеп елге оралды. Енді адам болам десті. Жұмысқа кірді, совхоздың тракторын айдады. Үйленді, бала сүйді. Тапқан табысын ата- анасына ұстатуды білмеді. Арман нағашысын сирек көретін, ерте кетіп кеш оралатын. Райханды да, Әселді де мектепті бітірген жылы-ақ алып қашып кетті. Көз салып жүрген талай жігіт сан соғып қалды. Екеуі де қыз біткеннің сұлуы еді.
Колхоз ,совхоздар тарағанда, Райымбек жұмыссыз қалды. Бұл кезде Бөрібек алпысты алқымдап ,автобазада бағбан болып жұмыс істеп жүрген. Мекеменің қос қапталындағы алма бағын күтіп, баптау Арман мен атасының мойнында. Райымбек үй шаруасына қараспайды да .Сәскеге дейін ұйқысын қандырып, сәнденіп шығып кетеді. Қымбат көлік мінген достарымен түн жарымына дейін жоғалады. Арман үйде күнара болатын ұрыс-керістен соң, бірде әжесінің, бірде жеңгесінің жылап отыратынын талай көретін. Райымбектің карта ойнайтынын, бар табысын сонда құртып жүргенін, ішімдікке де үйірсек болғанын сол кезде білген. Бөрібек ұлынан күдерін үзгелі қашан. Заринаның ішіндегі бір айлық шаранасымен келгенін сол кезде-ақ білгенімен, туғанда іші жылып, өз баласындай көріп кетті. Жас күніндегі теріс қылықтарына көз жұма қарады. Шыбық ала жүгіретін Разияны қақпайлап, жалғызын жанына алатын. Сол кезде қате жібергенін кеш түсінді. Күйігі ішінде, мал жинау, шалқып ғұмыр кешу, тамыр-таныс арттыру сынды пенделікке салынбады. Арманды ертіп алып, бақтан алма теріп, шөбін тазартады. Екеуі базарға барып алма сатады, содан түскен ақшаға азық-түлік алып қайтады. Көп сөйлемейді, тек терең күрсіне беретініне Арман түсінбейтін, шаршайтын шығар дейтін. Біреу « кімнің баласысың?» десе, «Бөрібектің » дейді Арман, «руың не?» десе атасының руын айтқанда, атасы балаша қуанып, мәз болатын.
Райымбектің суыт жүрісінің соңы тағы да ұрлық жасаумен бітті. Бөрібек мен Разия сотқа да бармады, қай бетімен барсын, не деп барады. Тура жолға саламыз деп қанша тырысып баққанымен болмады. Әйелі жүгін жинап, төркініне кетіп тынды.
* * *
Дауысы жуандап, мұрты тебіндеп жігіт бола бастаған Арманды атасы мен әжесі қатаң тәрбиенің құрсауында ұстады. Жүріс-тұрысына көп шектеу қойды. Туған күн, би кештеріне сұранғанда, «нағашыңа ұқсап...» деп айта бастағаннан қоя қоятын. «Ит қорыған жеріне өш» дегендей оныншыны оқитын бозбала Арман қатарластарына ермей тұра алмады. Бір күні кластастары: «бүгін кешке темекі тарту мен шарап ішуді үйренеміз, кел, келмесең , топқа қоспаймыз» десті. Арман ұрланып шығып, уәделескен жерге барған. Көп ішпесе де мас болып қалғанын сезіп ,ерте қайтып кетті. Бүкіл дүние астаң-кестең, басы айналып барады. Қисалаңдап үйіне әрең жетті. Өз бөлмесіне кіріп, кереуетіне сұлай кетті. Қиыс кетіп шалқасынан жығылды. Қанша талпынса да гүрс-гүрс етіп еденге құлай беріпті.
Кешірім қабылданбады, бір мүмкіндік те берілмеді. Ертесіне -ақ анасын шақыртып «алып кет» деді. Алты жыл жақсы боп жүргені, еткен қызметі бір тиын болды. «Мектеп бітуіне бір ай қалды ,тым болмаса достарыммен қоштасуға мұрша беріңдер, енді қайталанбайды,» деп айтқысы-ақ келді, бірдеңе айтуға бет бар ма бірақ . «Өл, нағашыңа ұқсамай,» деді анасы. Анасын жерге қаратқанына қатты қысылды.
Арман өз үйіне оралғанымен, өзі жоқта дүниеге келген інілерін көріп жатырқап жүрді. Тіпті әке-шешесіне де мейірімі ояна қоймады. Бәрі бөтен секілді. Құсаланып, мазасыз күй кешті. Ес білгелі балалық шағының ең бір сәулелі кезеңдері өткен мекенді сағынды, қайта сұранып көріп еді, болмады. Арман «енді ең жаман бала боламын, » деп шешті.
Мектепті бітіргенше біраз бұзық атанып, кейіннен балалық сертін ұмытып та кетті. Осы күні «жігіттің жақсысы-нағашыдан» дегенді естігенде төменшіктемейтін болған. Ақ пейіл, адал бейнетімен, ер мінезімен жадында қалған Бөрібекті үлгі тұтады. Ақжүрек нағашы атасының жарқын бейнесі көз алдынан көлбеңдеп бір кетпейді. Оның шаңырағында өткізген балалық шағын сағынышпен еске алады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇