
Несиеге ет жесең,сүйегі ішегіңді жыртар
Қазір елімізде жұмысқа жарамды әрбір үшінші кісінің мойнында ең аз дегенде екі несиесі бар.Ал мемлекеттік қызметкерлердің 70% - банкке берешегі барлар.
Қай банкке бас сұқсаң да бар құжатын арқалап, несие алудың әлегінде жүрген қазақты көресің. “Кедейге өлең айтқан да- шығын”деген, “қызды ұзатамын,ұлды үйлендіремін,құданың қолына су құяйын,немере сүйдім,жиенге бесік аламын,қарызға болса да парызымнан құтылайын” деп жүргендердің әжетіне жарап тұрған ақшалы мекемеге не дерсің. Баспаналы болуды,жаңа көлік мінуді арман еткен жастардың да бойына сіңді бұл әдет. Жоғары өсімін айтпағанда , күмәнді тұсы көп келісім-шартына еріксіз қол қоя салатын тәуекелшіл қарашаның қарасы азаймай отыр . Бар мүлкінен айырылып,бір қарызын екінші қарызбен жауып ,былыққа белшесінен батып ,үйінен безіп,өзіне қол жұмсауға дейін баратын жағдайлар ешкімге сабақ болатын емес. Жүз миллиардттан астам сыртқы қарызы бар, банктен несие алып жылдық бюджетін бекітетін мемлекетте өмір сүрген соң “осылай болу керек те шығар” деп қаласың.
Ұлттық қоры мен зейнетақы қорын жаратып ,жарымай отырса да керексіз жиын-тойдан бас тартпайтын бүгінгі билік халқына кедейліктің қамытын кигізе бастады.Теңгені де, жанармайы да, азық- түлікті де еркін “жүздіріп” қойды.”Жетемін “деп соңынан жүзгендердің қолтықтары жыртылып кетпесе жарар еді,өмір сүріп жүргендер емес, өлместің күйін кешіп жүргендер,әрине.
Жуанның жіңішкеріп,жіңішкенің үзілер кезі жақындап қалды ма дейсің осындайда, “қалтасында тиыны жоқ түйенің тісін ашып көредінің”кері енді келгендей.Айтпақшы,қарызға алынған бесікте өскен бала ертең өскен соң ел басқарса,елдің бәрін қарызға батыратын шығар,сірә.Тіліміз тасқа ,ырымшыл халық емеспіз бе,олай болмасын деп тілейік.
Қысқасы, Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде “Бақара” сүресінің 275 аятында ” өсімді харам етті”, ал халық мақалы ”несиеге ет жесең, сүйегі ішегіңді жыртады ”деп ескертеді.
Жас Алаш №92(16070)19 қараша,бейсенбі 2015ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇