21.04.2025
  161


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

                   Некесiз отбасы, тұрақсыз отағасы көбейдi

              


 


 


       Күмiс тойын, алтын тойын жасаған кешегiнiң өнегелi ата-әжелерiне қарап қызығушы едiк. Шаңырақ көтергеннiң баршасы жұбы жазылмай, тату-тәттi күн кешiп, ұл-қыз өсiрiп, келер ұрпаққа тәлiм бере жүрiп, бiрге қартаяды деушi едiк.


     Бұл күнi қазақ отбасының қазаны қайнамай отыр, бере­кесi қашты. Отау құрып, үй болудың қадiр-қасиетiн төмен­детiп алдық. “Қашқын әке”, “көкек ана”, “тексiз ұл” сынды сөз тiркестерiне құлағымыз үйрендi. Бала-шағаны тастап, екiншiсiне үйленiп кете беретiн болдық. Ол аз болса “азаматтық некеге” әуес жеңiлтек қыздарымыз бен жауапсыз жiгiттерiмiз көбейдi. Үлкеннiң алдынан өтiп, заңды түрде Алланың ризалығы үшiн неке қидырып барып, жарасымды жұп құруға болатынын заман ағыны терiске шығарғандай. Батыстың “азаматтық некесi” қазақы тәрбиенi аттап өтiп, дәстүрлi үрдiсiмiздi алмастырып, қалыпты жайға айналғанын байқамай да қалдық. Отбасынан басталатын Отанның отын өшiруге бағытталған, жетiм мен жесiрдi жылатуға негiзделген жат елдiң жат қылығын қанша жерден жатырқасақ та, өз жемiсiн берiп жатқаны тағы шындық. Ресми дерек бо­йынша, осы жылы елiмiзде жал­ғызбасты әйел саны – 442 000-ға, некесiз туылған бала саны 32 000-ға жеткен.


      Қырғыз ағайындарда жаңа үйленген жас отбасыға жер телiмi мен қаржылай көмек берiледi екен. Әзiрге бiздiң үкiметтен ондай қамқорлық түгiлi, жастарға қатысты жүйелi саясаты та жоқ. “Жастар кiнә­лi” деп бiржақты қарауға үйрен­­ген­бiз ғой. Негiзiнде бәрiне күнкөрiс қамы, жұмыс бабы деп бiрi Алматы, бiрi Астана кетiп, көшiп-қонып жүрiп, отбасының шырқын бұзып алған, ұсақ санап, ұқсата алмай тыраштанып жүрiп, бала тәрбие­сiне бас ауыртпайтын ата-ана кiнәлi. Жаңа үйленген жас отбасыға қатысты денi дұрыс мемлекеттiк бағдарламасы жоқ бүгiнгi қаперсiз билiк кiнәлi. Бұлай iштен iри берсек, аз ғана қазақтың тоз-тозы шығып, iргесi берiк мемлекет боп қалуымыз қиын шығар...


 


Жас Алаш №83 (15749) 18 қазан, бейсенбі 2012


 


 


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу