
Министрдің мазағы- мұғалімнің азабы
« Балалардың білім деңгейін көтереміз» деген желеумен жасалған сансыз реформалар мұғалімдерді титықтатып бітті. Бір бағдарламаның байыбына енді бара бергенде тағы бір өзгеріс дайын тұрады. Министр «қағазбастылықтан құтыласыздар,шығармашылықпен айналысуға уақыттарыңыз болады» дегенде, ішінен бір күліп алған екен-ау...
Білім және ғылым министрлігінің көздегені оқытушылардың жүйкесін жүндей түтіп,мейлінше мазақ ету болса керек.Әйтпесе тұрлауы жоқ бағдарламаларды бірінен соң бірін енгізер ме еді?! Қазір үш тілде « білім» алып жатқан 1–сыныптағы бүлдіршіндерден ағылшынша бірдеңе сұрасаң,орысша жауап береді. Ағылшын мен орысты ұлт деп танып үлгермеген ұрпаққа олардың тілін үйрету келеке ету емей ,немене . Білім берудің жаңа мазмұнына көшкен 5-7-сыныптарға сабақ беретін мұғалімдерді біреулер «әмбебап» деп мазақтап жүр. Қайтсін -ай ,қазақ тілі пәінің мұңалімі ауа райы,көшпенділік, достық,музыка, ғаламтор,денсаулық,тамақтану жайында сабақ өтіп жүр.Жаратылыстану бағытында сабақ беретін мұғалімдер тілдерін ағылшыншаға сындыра алмай әуре.
«Деңгейлік оқу», «Бес күндік оқу», «Электронды күнделік» сияқты жаңалықтың баршасы төрт түлігі түгел ,дамыған мемлекеттерден алынған көшірме. Ол жақтың мұғалімдері біздегідей қосымша табыс көзін іздеп сабылмайды. Косметика ,киім -кешек cатпайды, «таксовать» етпейді , айлығы шайлығынан артылады.Мектептерінде әр кабинетте компьютер, интернет,интерактивті тақтасы тағы бар. Кредитке ноутбук,принтер алмайды.Электронды журналды тегін толтырмайды.ҰБТ -ға оқушыларды тегін дайындап,апта сайын білім бөлімінің бұйрығымен байқау сынағын алып,әр баладан тест кітапшасына ақша жинап ата-анаға сұрқия көрінбейді.
Ұстаздың кәсіби деңгейі қанша жерден жоғары болғанымен, мектептің материалдық базасы заманауи жабдықталмаса, заманауи сабақ өтіледі деу бекер .Дегенмен, «жайымызды жасаңыздар,содан кейін жұмыс сұраңыздар» деп бас көтерген ешкімді көрмедік. «Қарсы сөйлесек қызметтен кетіп, мазақ болармыз»дейтін болар. «Елбасының әр жолдауынан 20-30 мың күтіп отыра бермей, депутаттар сияқты неге жалақыларын миллионға бір-ақ көтеріп алмайды екен осы ұстаздар?» -деп келемеждейтіндер де табылып жүр.Техникалық хатшы, директор жанындағы кеңес хатшысы, әдістемелік бірлестік жетекшісі, кабинет меңгерушісі, көше аралап, мөлтекауданы бойынша бала санын түгендеу,сайлау кезіндегі үгіттеу секілді ақысыз , қағазбасты жұмыстарын көріп жаны ашитын шығар . Оған министрліктің статистикалық бақылауы ,мектептер арасындағы рейтингтік жарыс пен білім бөлімінің тексерулері жағадан алып , берекесін қашырып отыратынын қосыңыз.
Қысқасы, «Қытай тілін оқуымыз керек», «Қазақ әдебиеті пәнін ағылшынша оқытсақ...»-дейтін Д.Назарбаева мен З. Балиевалар аман болса , мұғалімдер әлі талай мазақ болары анық.
Жас Алаш №18 (16308) 8 наурыз,бейсенбі 2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇