
Мемлекеттiк қызметтiң саудасы қызып тұр
Елiмiзде жоғары оқу орнын бiтiргенiмен, екi қолына бiр күрек таппай сандалған жұмыссыз жастардың саны азаяр емес. Мамандығы бойынша еңбек жолын бастау ниетiмен мемлекеттiк мекемеге бас сұқса, әкесiнiң құнын сұрап басшысы отырады бетiн қайтарып. ҰБТ-дан бағы жанбай, төрт жыл ақылы бөлiмде оқып, ата-анасының қалтасын жұқартқан ұл-қыз ендiгiсiн ар тұтып, қала асып, қара жұмысқа жегiлуден басқа амалы қалмайды, әрине. Ал “ставкасы” жоғары лауазымды қызмет қашанда бай-бақуаттылардың балаларына бұйырған.
Қазiр еден жуушыдан елбасыға дейiнгi әрбiр мемлекеттiк қызмет ашықтан-ашық саудаланып жатыр. Өтiң жарылып кетсе де жұмыс орныңды сақтандыруың шарт, яғни пара беруiң керек. Әулетi мен дәулетiне сенгендер директор да, әкiм де болып жатыр, бiлiмi жетсе де, жетпесе де. Ал тақтан түсiп қалған жағдайда аттан түспей келесi таққа жайғасатыны тағы бар. Осы ретте Қыдыр атаның қолын алып “ғұмыр бойы тақтан түспейсiң” деген кепiлдiк батасын алған ба деген ойда қаласың. Астанадан бөлiнген қаржыны игермесе де, жүктелген жұмысты алып бара алмаса да ескерту алып жүре беретiн шiренген шенеунiктер орынтақтарын қаншамен сақтандырғанын бiлмедiк. Есесiне оңтүстiкте мемлекеттiк қызметке орналасу құнын бес жасар балаға дейiн бiледi. Әсiресе, Мақтаарал сияқты шалғай аудандарда мемлекеттiк қызметтiң саудасы қызып тұр. Төменгi сатыны ғана айтып өтейiн, еден жуушы – 50 мың, балабақша тәрбиешiсi – 200 мың, мектеп мұғалiмi – 450 мыңмен жұмыс орнын сақтандырып жатыр.
Пара алған басшы қоластындағы жұмысшыға талап қоя бiледi дегенге сену қиын. Ақша берiп жұмысты болған дәрiгер аурудан, мұғалiм оқушыдан, МАИ қызметкерi жүргiзушiден бiрдеңе алғысы келiп тұрады.
Шынын айтқанда, бiздiң мемлекеттiк қызметкерлердiң мемлекетке қызмет етiп жүргендерi шамалы.
“Нұр Отан” партиясы түзген “Жемқорлықпен күрес” бағдарламасы “ұсталмаған ұры емес” деп жүргендерге тоқтау болар деген ойдамыз. Себебi мемлекеттiк қызметте жүргендердiң 80 пайызы “нұротандықтар” ғой.
Жас Алаш №97 (15867) 5 желтоқсан, бейсенбі 2013
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇