
Диктатор-директорлар дәуiрлеп тұр
Қазiр мәдени ошақтардан, кәсiпорын атаулыдан жұрдай болған ауылдарда мектеп директорлары дәуiрлеп тұр. Мұғалiмдердiң әлдiсi де, әмiршiсi де солар болып тұр. Мектеп директорлығына ұзақ жылдық еңбекпен, бiлiмiмен келгендер бар да, он-он бес мың долларын “қыстырып” келгендер де бар. Бiрiншiсi – балалардың бiлiмiн көтеремiн деп келсе, екiншiсi – байымақ, әл-ауқатын жақсартпақ ниетiмен келгендер... Әйтпесе, жылма-жыл жарты миллион теңгесiн алып мұғалiм қабылдамас едi, мектептi резиналы қапқа айналдырмас едi. Басқа өңiрлердi қайдам, Мақтаарал ауданында бұл қалыпты жағдайға айналған.
Оқу жылы басталысымен мектепте жағымпаздар жарысының қорытындысы белгiлi болады. Жағымпаз деп отырғаным – мұғалiмдер, қорытынды шығаратын әдiл қазымыз – мектеп директоры. Байғұс мұғалiмге ең қымбат сый – жүктеме сағатының толық болуы. Жыл бойғы бала-шағасының несiбесi болса қайтедi ендi! Тамыз айының соңғы күндерi уайым басады мұғалiмдердi, отыра қалып ойланады: “өткен жылы қоғамдық жұмыстардың бiрiнен қалмадым, облыс әкiмi келедi деп шаңқай түсте жол бойындағы шөптi де шаптым, мектептi ақтадым, сырладым. Директордың мақтасын тердiм, үйiне барып құрылысын да iстедiм, жыл он екi ай келетiн тексерушiлерге де ләм демей теңгесiн бердiм. “ҰБТ-дан сүрiнсеңдер, көресiңдер” деген соң, тегiннен-тегiн қосымша сабақ та өткiздiм, жиналыстарда қанша әкiреңдесе де, сөз қайтармадым. Не көрiнiптi, ендi биыл сағатқа жаритын шығармын” деп отырғанда, тағы да көңiлi толмас сағатқа ие болады. Сонда ғана бастығының көңiлiнен шықпағанын, қара тiзiмге iлiнгенiн сезедi.
Ерiксiз жағымпаздықтың қамытын киiп жүрген мұғалiмнен тәлiм алып шыққан оқушылардан не күтемiз ертең...
Зейнетке шыққанша жылы орнынан қозғалғысы келмейтiн таққұмар мектеп басшыларына қатысты жаңа реформа қажет-ақ. Ұзақ жыл басшы болу – басшының өзiне де, оның айналасына да терiс әсерiн тигiзетiнiн өмiрдiң өзi көрсетiп отыр. Сондықтан да мектеп директорының мерзiмiн шектеу керек
Жас Алаш №71-72 (15945-46) 11 қыркүйек, бейсенбі 2014
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter