21.04.2025
  39


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

                            Бесiк жырын ағылшынша айтамыз ба ендi?...

 


   Бiрiншi қыркүйектен бастап 1-сыныпқа қабылданатын балаларымыз ана тiлiмен қоса ағылшын, орыс тiлдерiн оқитын болды. “Үш тұғырлы тiлдiң” көздегенi де – өскелең ұрпақты бiржолата дүбәраға айналдыру. Әйтпесе, балаға бастауыш сыныпты бiтiргенше ана тiлiнде ғана бiлiм беретiн дамыған елдердiң дана дағдысын аттап кетер ме едiк? Оны айтасыз, жапон ұлты өз жеткiншектерiн 12 жасқа дейiн тек жапон тiлiнде ғана оқытады.


   Онсыз да жылда өзгеретiн мектеп бағдарламасы, керексiз пән­дер, жетiспейтiн оқулықтар ата-ананы да, баланы да әбден шаршатқандай. “Мектеп бағдарламасы” дегенiң – министрлердiң мен­шiктi қойын дәптерiндей. Әрқайсысы келiп өзiнше өзгертедi. Кезеңi­мен дамитын баланың миын қытайдың “флешкасындай” көретiн ға­лымдарымыз бүгiнгi бiлiм саласын тәжiрибе алаңына айналдырғандай.


Көзге көрiнiп тұрғаны – өзге ұлт­тың балалары мен өз тiлi шет тiлiн­дей көрiнетiн орыстiлдi отбасында өскен қаракөз балғындарымыз үшiн қазақ тiлi ендi құлықсыз, керексiз пәнге айналатыны.


Шет тiлiн ана тiлiмен қоса мең­герiп кететiн қазақтың дарынды ба­­лалары аз емес. Бес саусақ бiр­дей болмайтыны тағы бар. 1-сыныпты тауысса да, әлiпбидегi “а” мен “ә”-нi әрең ажырататын үлге­рiмi нашар балаларымызға қиын-ақ. Бiр әрiбi бiрнеше дыбысты беретiн ағылшынның әлiпбиi ойын баласының ойын ойрандап тастамаса жарар едi. Үздiк оқиды деген оқушының өзi ендi ата-ана, аға-әпкенiң көмегiнсiз үй тапсырмасын өз бетiнше орындай алмайды.


Ендi бала-шаға қамы деп таңнан кешке дейiн зыр жүгiрiп жүрген әке-шешенiң ағылшын тiлiн үйрететiн мекемелердi жағалауына тура келiп тұр. Орыстанудың қамытынан арылып үлгермей жатып ағылшындануға тап болғанымызды қарасайшы.


    Қалай десек те, 1-сыныпқа келген жас бүлдiршiн ана тiлiнде ғана бiлiм алуға тиiс едi. Өйткенi бұл – табиғи заңдылық. Тiл заңдылығы. Ұлт бола алған, мемлекет бола бiлген әрбiр елдiң, әрбiр халықтың басынан өткерген заңдылығы. Тарих заңдылығы!


Ал ендi бiз осының бәрiн ысырып тастап, жоққа шығарып, өз бүлдiршiндерiмiзге неге үш тiлдi ұсынып отырмыз? Қазақ тiлiнiң, “қазақ” деген ұлттың обал-сауабы жоқ па сонда? Обал-сауабы болса, неге ойланбаймыз? Қазақтың тiлi де, дiнi де, өзi де қашанғы эксперимент болады? Құдай бiздi эксперимент үшiн жаратып па едi?!


Орыс халқының ұлы педагогы К.Д.Ушин­скийдiң айтуынша, кез келген бала 10 жасқа дейiн өз ұлтының тiлiнде ғана оқуы керек. Содан кейiн, бұл балаға екiншi бiр тiлдi оқытуға болады. Онда да баланың талабы мен ынтасы болса! Егер бала қызығушылық пен бейiмдiлiк көрсетпесе, онда екiншi тiлдi оқытудан мiндеттi түрде бас тарту керек. (Мұны Ахмет Байтұрсынұлы да айтқан).


Бiз осы мәңгiлiк педагогикалық заңдылықты неге арзан саясатқа айырбастаймыз? Бiздiң билiктегi шенеунiктердiң орыстарға, шетел­дiк билеушiлерге ұнауы үшiн жасап жатқан қойыртпағын неге қоғамға, өмiрге ендiремiз?...  


 


Жас Алаш №62 (15728) 9 тамыз, бейсенбі 2012


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу