
Ақылсыз атқа мiнсе...
Бүгiнгi билiк тоқсаныншы жылдарда әлi жеткендердi қанап, «қанын iшкен» кiлең «сен тұр мен атайын!, сайдың тасындай сенделген бұзықтардан құралған рэкеттiк топтарды ерiксiз еске түсiредi...
Теңгенiң дiңкесi құрып, доллардың дәуiрi жүрiп, “үйдегi есептi базардағы нарық бұзған” қазiргi қымбатшылық шақта елдiң ырысын ұрлаған ұлықтар мен дiкеңдеген дөкейлердiң ұпайы түгел. Керiсiнше, “үй аламын, көлiк аламын” деп тартып жеп, үнемдеп жиған теңгесi құнсызданып, ұқсата алмай тыраштанып жүрген қарашадан маза кеттi. Өз бетiнше әрекет етiп күн көрудi үйренген қазақтың бұл күнi қайраты кемiп, билiкке де, болашаққа да сенiмi жоғалғандай. Тамағын әрең ажыратып жүрген зейнеткерлер мен төмен жалақы алатын көпбалалы отбасылар қайыршылықтың аз-ақ алдында тұр. Ал тауарларын қымбаттатқан өндiрушi, таратушы фирма директорлары, жалға беру құнын көтерген базар басшылары, қалтасында қаражаты, қолында билiгi бардың түгелi дерлiк елдiң қалтасын қағуға кiрiсiп кеткелi қашан.
Заңды белiнен басқан кешегi рэкеттердiң бiразы жер астына кетсе, бiразы темiр тордың аржағында отыр. Елдi зар жылатып, ақысын жегендердiң орны сол жақта, әрине...
Қысқасы, “ақылсыз атқа мiнсе, атасын басып кете жаздайдының” керi келiп тұр. “Аз ғана асым, даусыз басым” деп жүрген момын қазақтың төбесiне шығып, асып-тасқан рэкетир билiкке Құдай ынсап берiп, тәубасына келсе жарар едi. Әлде осы күнiмiзге де зар қылар заман туғызар ма екен? Жаратқан, өзiң жарылқай гөр, басқасынан қайран болмай тұр.
Жас Алаш №20 (15894) 13 наурыз, бейсенбі 2014
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇