
Ұлттың ар –намысына тиетін кино түсіруді қашан доғарамыз?
Өзге елдің неше түрлі сериалдары мен фильмдері шығып жатыр.Таңғалып,таңдай қағасың. «Әй,енді қазақтан қайран жоқ-ау» дегенде,соңғы бір-екі жылда біраз қазақ фильмдері бой көрсетті.Олардың көбі елге DVD диск арқылы тарады.
Ресми деректерге сүйенсек,өткен жылы қазақта 16 кино түсіріліпті.Меніңше ол фильмдердің біразы мынылар: «Жетімдер»(реж.Е.Рақышев), «Қанталапай»(О.Жұмағұлұлы), «Аймалашы мені»(реж.А.Бейсенов), «Дос»(реж.Ә.Арман), «Сиви»(реж.Б.Шарапов), «Қарой»(реж.Исабаева), «Әке қорлығы»(реж.С.Хажиметов), «Бақсы»(реж.Омарова), «Сталинге сыйлық» (реж.Р.Әбдірашев), «Кінаратсыз күнә» (реж.Б.Шәріп), «Қош бол Гүлсары» (реж.А.Әмірқұлов), «Мұстафа Шоқай» (реж.С.Нарымбетов).Бұдан басқа да біраз қысқа метражды фильмдер түсірілген.Енді осы фильмдердің біразына тоқталып,қарапайым көрермен ретінде өз пікірімді айтып өтейін.
«Қарой»фильмінде Санжар есімді жігіт араққа тойып алып,екіқабат әйелді зорлап,хал үстінде тастап кетуі,өз анасын жастықпен тұншықтырып өлтіруі (науқас анасының өтінішімен) ақылға сыйғысыз.Ондай оқиға ел ешінде болуы да мүмкін,бірақ соны кино етудің не қажеті бар? «Бақсы» фильмінде еліміздің рухани астанасы Түркістанды сығандар мен қаңғыбастардың қаласы етіп көрсеткен.
Кешегі мемлекет қаржысына түсірілген «Сталинге сыйлық» фильмінен үлкен үміт күтіп едік.Тарихи-танымдық кино деп ойлағанбыз.Мұнда да тұрпайы эротика ,тартымсыз оқиға. «Әке қорлығы» фильмінде маскүнем әкенің өз қызын төсекке жығуы,оны білген ұлы әкесін пышақтап өлтіруі жаныңды жиіркендіреді.Намысыңа тиеді.
Екі-үш сценаристің ойынан туған дүние осылай өсек-әңгіме секілді салмақсыз болып қала бермек.Қазақты масқара етудің шебері Бораттан еш қалысып жатқан жоқ бүгінгі кинорежиссерлеріміз.Режиссерлерімізде ізденіс жоқ,талғам таяз.Киноның тәрбиелік мәнін ашып көрсете алмайды.Кино қай кезде де жазушының көркем шығармасы бойынша түсірілсе ғана көркем болмақ.Мысалы,Ш.Айтматов повесінің желісімен «Қош бол,Гулсары»,Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесінің ізімен «Кінәратсыз күнә»,Ә.Тарази бастаған үлкен жазушыларымыздың идеясымен «Мұстафа Шоқай» түсірілді.Жоғарыда аталған фильмдердің ішінен іліп алары –осы үшеуі ғана. Демек,киногерлер мен жазушылар арасында байланыс жоқ.Киноға сұранып тұрған романдар мен әңгімелер ,повестер аз емес.Қазіргі қазақ киносының көркемдік деңгейі мүлде төмен.Ал елдің мэдениетін танытатын –оның киносы.Бүгінгі талғампаз көрерменнің көңілінен шығу үшін кино түсірушілер біраз тер төгуге тура келеді.Бірақ,қазақтың намысына тиетін кино түсіруді доғару керек.
Жас Алаш,№27,2 сәуір 2009 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇