
Жаңа Қазақстанның жүрдек пойызына қашан отырамыз?
«Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» немесе «Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты» деп басталатын мемлекет басшысының жолдауларынан үміт күтуден шаршадық. Жаңарған,жаңғырған түгіміз де жоқ. Жаңа дәуірге де қадам баспадық.Ысқырығы жер жарған баяу жүрісті «есек пойызда» әлі келеміз. Терезесінен кең жазира жерімізден жайқалған жемқорлықты ғана көруге болады.Басқа дым жоқ. Сол баяғы жөнделмеген жолдар, құрылысы басталмай жатып тұралап қалған нысандар, миллиондар жұмсалып аяқсыз қалған жобалар, тағысын-тағы. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен қайран дүние.
Емі жоқ жемқорлықтың дертіне шалдыққан әкімқаралар мен арсыз мердігер компаниялар айылын жимаса, барлық шаруасы тендерге байланған мемлекеттің дамуы,президент тапсырмасының орындалуы екіталай . «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» демекші, көретініміз - бітпей тұрған мектеп пен сапасыз салынған көп қабатты үйлер, шала төселген асфальт пен шешілмеген ауыз су мәселесі. Алданған салымшылар,алаяқ мердігерлер, шулаған халық. Қай салада да сыбайлас жемқорлық дендеген.
Басыбайлы баспанасы жоқ отбасыларға, жұмыссыз жүрген жастарға, жатақханаға жарымаған студенттерге,алқымнан қысқан қымбатшылыққа қарап отырып қаның қайнайды. Қайнаған қаныңа тұншығып,қос қолыңды төбеңе қойып,безіп кеткің келеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жыл сайынғы есебінен -жемқорлықтың арам шөптей жұлған сайын қаулап өсе беретініне көзіміз жетті. Арман Бердалин: «Тоқтауын білмес жемқордан, Оттауын білер мал артық!» деп дәл айтқан.Бұлай жемқорлықтың жең ұшынан жалғаса беруі-ұлттығымызға сын.«Ұрымен жақын болсаң,ұятқа қаласың» дейді халық .Ел байлығын ұрлап, халық несібесін жеп жүргендер - біріміздің туысқанымыз,туғанымыз,біріміздің құдамыз, досымыз. Сингапур көсемі Ли Куан Юдің «жемқорлықты жеңуді қаласаңыз, туыстарыңыздан бас тартыңыз» дегені еске түседі осындайда.
«Жемқор қазақтың өзінен шыққан,«Же» және «қор» деген сөзінен шыққан.» дейді ақын Абдрахман Асылбек. Расымен де тегімізде бар қасиет екен. Әйтпесе, он екінші ғасырда өмір сүрген Майқы би бабамыз «Парақор биге ісің түспесін,Сараң үйге кісің түспесін» демес еді-ау. Намысың келеді.Намыстан булығып жылағың келеді.
Ағылшын жазушысы Джон Рескин «Құлдық сананың белгісі — параға сатылу» дейді. Жемқорлығымыз- құлдық санадан арыла алмай жүргендіміздің бір дәлелі.Ендеше, құлдық санадан құтылу үшін тағы қанша жыл керек?
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Параны алған да, берген де тозақылық»– деген. Әзірге «стоп-кранды» баса беретін егеуқұйрық-шенеуніктер иә тозақтан, иә түрмеден қорқатын түрі жоқ.Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай да сөзі бар: «Егер адамдар қоғамда жамандықты көре тұра, оның алдын алмаса, Алла тағала оларды күнәһарлармен бірге жазалайды» дейді. Сол үшін, сіз бен біз болып бірге күресейік.Қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру,алдын алу әрбіріміздің міндетіміз болса игі.
Кім біледі,сағатына 603 км жүретін Жапонның пойызын басып озатын Жаңа Қазақстанның жүрдек пойызына да отыратын шығармыз. Оған толық моральдік құқымыз бар. Әзірге,көмейде Ақтамбердінің «Күлдір-күлдір кісінетіп,Күреңді мінер ме екеміз?!» деген арманға толы толғауы ғана.
Жас Алаш,29 қыркүйек 2022 жыл №77
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇