
Алыстағы дұшпаннан-аңдып жүрген «дос» жаман
Агресшіл империалисттік пиғылдағы көршіміздің бүгінгі аяқ алысынан еліміздің ертеңі үшін шын алаңдай бастадық. Өз бауырына басқыншылық жасап,әлімжеттік көрсетіп қынадай қырып жатқан елден не үміт, не қайыр! Енді мобилизация әсерінен тепсе, темір үзетін мыңдаған орыстың жігіттері қазақ жеріне ағылуда. Қазақ «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деуші еді,біз оларды құшақ жайып қарсы алып жатырмыз.
Босқындарға ас-суын беріп, жылы қабақ танытып,баспана ұсындық. Жеке сәйкестендіру нөмірін жасап,кейбіреуін жұмысқа да орналастырып үлгердік.Соқталдай тоқырлаған еркек тоқсан күн қарап жатушы ма еді? Бұлар көшеңді сыпырып,құрылыс алаңынан табыла қоятындардан емес.Кілең бай-бағланның балдары.Ертең «Zа единение», «Zа победу», «Сила V правде» деп шықпасына кім кепіл?! Пүтекеңнің екі қоянды бір оқпен атқысы келген жымысқы саясаты болмаса жарар еді.
«Ежелгі досым — орысым,Ертеден бірге қонысың», дейді доспейіл,меймандос халқымыз.Орыс фольклерынан қазақты дос көретін бір ауыз сөз таппайсың. «Сыйласу екі кісіге бірдей» деген, біздің мәдениетіміз бен тілімізге құрмет білдіріп, өзімен тең көретін оңды пікірін қазір де естіп жүргеніміз шамалы. Қабағына жалтақтап,жалпақтай беретін біз ғана.Бар бәле өзімізде ғой.Орыс десе, емешегіміз үзіліп тұрады.Сол баяғы құлдық сана.Қорқақтық психология.Не деген кексіз халық едік ? Кек қуу-тек қана қолға қару алып соғысу емес,ұлттық мүддені бірінші кезекке қою болса керек.«Кек қайтару тек пайдасыз қатігездік деп ойлау қате» дейді француздың филосовы Давид Эмиль Дюргейм. 1731 жылы Петр Біріншінің жесірі, патшайым Анна Иоановна Кіші жүзді Ресей империясының қол астына алу жөніндегі грамотаға қол қойған күннен бері орыста кеткен кегіміз қанша?
Орыстар Қазақстан жерінде халық саны бойынша 2-орынды алатын этникалық топ. Ешбір шектеусіз өніп-өсіп, көбейіп жатыр.Тілін қазақ тілімен тең қолданатын етіп заңмен бекітіп те бергенбіз.1931-1932 жылдары бес миллионнан асатын қазақтың жартысына жуығын бір жылда аштан қырып еді-ау.Ал біз отыз жылда үш жарым миллион орысымыздың үштен бірін қазақша сөйлете алмадық. Кінә билікте ғана емес,әрбірімізде.Оларды қазақша сөйлетпек түгілі,өз тілімізден өзіміз бездік. Орысқұл шенеуніктеріміз көбейді. Жартымыз орысша,жартымыз қазақша сөйледік. Қазір балықшыға анық көрінетін алабұға балықтаймыз.Ұлттық идеологиямыз әлсіз,ұлттық рухымыз кедей.Сондай сорлы халықпыз.
Қазір оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыру бағдарламасы тұралап қалды.Солтүстігімізді қазақыландыру мәселесін билік тездетіп шешпесе, қапыда қаламыз.Ешкім барғысы келмесе,күштеп қоныстандыру керек сияқты. Мысалы,жаза басып құқық бұзып, жауаптылыққа тартылғандар мен сотталғандарды жазасын өтеп болған соң солтүстік өңірлерге отбасымен қоныс аударуды міндеттейтін заң керек-ақ..Айтпақшы, мемлекеттің мүлкіне қол салып істі болғандар аз емес қой бізде. Сол жемқорлықпен құрықталғандардың көбі мемлекетке келтірген шығын сомасын төлеп,қылмыстық жазадан құтылып кетіп жатыр. Мүлкін тәркілеп қана қоймай оларды солтүстікке жер аудару керек
2014 жылдан бастап «Серпін-2050», «Мәңгілік ел жастары-индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істегенмен нәтиже жоқ. Шығыс пен сотүстікте зауыт пен фабрика салынбады, қайнаған қызу тіршілік жоқ. Университетті бітірген жастарды жұмыспен қамту ,баспана беру басқа да іс-шараларды жеделдетіп, сонда орнығып қалуға мемлекет тарапынан барынша жағдай жасау-уақыт талабы.Қайткенде де, қазақыландыру саясатын жетілдірсе екен .
«Алыстағы дұшпаннан аңдып тұрған орыс жаман» деп бабаларымыз баяғыда айтып кеткен. Намысты жанып,рухты шыңдайтын кез келді. Енді оянбасақ, ертең көресіні орыстардан көреміз.
Теңеумен айтқанда ,балық аулау-орыстардың жетік меңгерген кәсібі. «Балық жегің келсе, балағыңды түр» деген.Орыс балағын түрді дей бер.Біз әлі алабұға балықтаймыз.
Жас Алаш, 5 қазан 2022 жыл,№79
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇