Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.04.2025
29

Гүл әкелдім мен бүгін қабіріңе
Мама, бүгін аналар мерекесі,
Сен едің ғой бағымның берекесі.
Сегіз көктем саған сыйлық бермегелі,
Біраз болды басыңа да келмегелі.
Кешір ана келмедім көптен бері,
Сен кеткенде дәл осы көктем еді.
Сегізінші наурызды жек көремін,
Сенсіз қалай мереке өткеремін.
Қабіріңе гүл әкелдім ренжімеші,
Еркелетіп баяғыдай елжіреші.
Гүл сатқан қыз: -Гүл ал,-деді- анаңызға,
-Анам жоқ-деп айта алмадым ана қызға.
Барсың ана тірісің жүрегімде,
Ғашық едің қайтейін бұл өмірге.
Бір құшақ гүл сыйлаған күн есімде,
Қуанып ең сол күні білесің бе?
Гүл әкелдім мен бүгін қабіріңе,
Көнемін ғой Алланың әміріне.
Өте берер,мәнсіз боп жылдарым да,
Жаның болсын жұмақтың гүл бағында.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇