Өлеңдер ✍️
Қоштасу
Ақ өрмек жолын құрайын,
Еркелеп кімге тұрайын.
Ақылға дана, жеңеше-ау,
Ақылды кімнен сұрайын.
Ақ көйлек кидім белдемше,
Ойнаушы едім өзгеше.
Айналайын, жан апа-ау,
Есен-аман бол көргенше!
Есіктің алды шоғайна,
Шоғайна теру оңай ма?
Бір шет жерге барғанда,
Адам болу оңай ма?
Есіктің алды талды ғой,
Төрімнің алды қалды ғой.
Бермеймін деген жан ағам,
Мойныма құрық салды ғой.
Бермеймін, бермеймін дегенге,
Бермейді шығар деп едім.
Бірге туған бауырды
Қимайтын шығар деп едім.
Ақ үйден тамған тамшыдай,
Қолға ұстаған қамшыдай.
Айналайын, жан әкем-ау,
Жат елге бердің жалшыдай.
Ақ үйге салған дөдеге,
Әуеден ұшады бөдене.
Өз үйіңнен кеткесін,
Көрген күнің немене?
Жылқы ішінде көп қулық,
Алтын да жүген, жез сулық.
Қызыл орамал түсіріп,
Ақ жаулық салған не сұмдық?!
Әуеде ұшпас жапалақ,
Ағаш бір қидым жаңқалап.
Айналайын, бауырым,
Артымнан келші апалап.
Қоғалы көлден қой өтер,
Қоғасын жайпап жел өтер.
Айналайын, жан әке-ау,
Қадірің сенің енді өтер.
Базардан келген асыл тас,
Айналайын, замандас.
Ел жайлауға барғанда,
Өзің бір келіп амандас.
Қара қойым қашаған,
Алтын да менің босағам.
Босағамнан аттатқан,
Құдіреті күшті Жасаған.
Базардан келген үш кілем,
Үшеуі де түс кілем.
«Шеше-шеше» деуші едім,
Есен-аман бол, шешелер!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇