Өлеңдер ✍️

  21.03.2025
  98


Аға, бауыр, қош-қош-ай!

Бұл жалғанда не қатты-ай, ырғай қатты-ай-ой,
Тарлан деген жылқының тілі тәтті, үрия-ай-ай.
Әке менен шешенің мейірі қатты-ай-ай,
Өз баласын жылатып жатқа сатты-ау, үрия-ой.
Әуелеп ұшқан бозторғай,
Ән шіркіннің бұлбұлы-ай!
Аударылды қонысым,
Аға да бауыр, қош-қош-ай!
Әуелеп ұшқан сұр мойын,
Сұр мойын салар бір ойын.
Солдаттағы ағаның
Көрмей де кеттім бір тойын.
Әуелеп ұшқан бұлындай,
Өсірдің, әке, ұлыңдай.
Өсіріп ап ұлыңдай,
Жатқа да бердің құлындай.
Базардан алған тақтайым,
Сындырмай қайтіп сақтаймын.
Әлпештеп баққан ананың
Ақ сүтін қалай ақтаймын?
Базардан алған кілемді-ай,
Шашағын суға матырдым.
Үлпілдетіп өсірген,
Ағаларым, жат қылдың.
 Базардан алған матаны-ай,
Буынса белге батады-ай.
Он төрт жасқа толғанда,
Аяқ та қолым маталды-ай.
Есіктің алды тал ма екен,
Талдан да биік бар ма екен?
Өз елінен айрылған
Қыздан да сорлы бар ма екен?
Есіктің алды жас қайың,
Жапырағын баспаймын.
Есік аттап кеткен соң,
Еркелікті тастайын.
Әуелеп ұшқан бозторғай,
Ән шіркіннің бұлбұлы-ай!
Аударылды қонысым,
Аға да бауыр, қош-қош-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу