Өлеңдер ✍️
ҚАЙЫМ АЙТУ, ҚОШТАСУ
Жігіттер аттың үстінде тұрып, ұзатылған қыз отырған үйдің сыртынан айтады:
—Тарының басы тарақты, бикем,
Қыз қылып сені жаратты, бикем.
Борышын кісі қоя ма, бикем,
Қолқа бір салып сұрапты, бикем.
Дүзге де туған баласың, бикем,
Ата-анаң тілін аласың, бикем.
Ата-ана тілін алған соң, бикем,
Жылай да жылай барасың, бикем.
Мінгенім менің қара ат-ты, бикем,
Қаршыға құйрық, қанатты, бикем.
Өксіп бір өксіп жылама, бикем,
Бабалар салған санат-ты, бикем.
Мінгенім менің құла ат-ты, бикем,
Ата-анаң сені жылатты, бикем.
Өксіп бір өксіп жылама, бикем,
Бабалар салған санат-ты, бикем.
Мінген де атым қара ма, бикем,
Ауылың алыс бара ма, бикем?
Өксіп бір өксіп жылайсың, бикем,
Күйеуің сенің кәрі ме, бикем?
Мінген де атым ала ма, бикем,
Ауылың алыс бара ма, бикем?
Өксіп бір өксіп жылайсың, бикем,
Күйеуің сенің бала ма, бикем?
Мінген де атым жиренше, бикем,
Тыпыршып тұрмас мінгенше, бикем.
Өксігің сенің басылмас, бикем,
Әлдилеп бөбек сүйгенше, бикем.
Мінген де атың боз ғана, бикем,
Күйеуің сенің бозбала, бикем.
Өксігің сенің басылмас, бикем,
Әлдилеп сүймей бір бала, бикем.
Қамшының сабы бола ма, бикем,
Жалғанға пенде тоя ма, бикем.
«Бермеймін» әкең десе де сені,
Мал берген жерің қоя ма, бикем?
Сарының басы Сарытау, бикем,
Сәукеле кисең баршабау, бикем.
Тірнектеп жиған мүкәммал, бикем,
Құтты да болсын ақ отау, бикем!
Керегені түріп тастап, үй ішінен жігіттерге қайтаратын қалындық пен қыздардың жауабы:
—Ей, жерім-ау,
Қош-есен бол,
Елім-ау!
Ақ отауым тіккен жер майдан болсын,
Ақ жүзімді көруге айнам болсын.
Ол жақта да қайын енем бар дейді ғой,
Аялаған анамдай қайдан болсын?
Ей, сылқым-ау,
Қош-есен бол,
Жұртым-ау!
Жез шәйнекке су құйсам қайнамайды,
Өгей емес, өз әкем жыламайды.
Жыламаған әкемді жылатайын,
«Неден көңлің қалды?» деп сұратайын.
Ей, жерім-ау!
Қош-есен бол,
Елім-ау!
үйлену ғұрып фольклоры 165
Меруерт басқан сәукеле тағынармын,
Ақ орамал басыма жамылармын.
Еркін өскен елімде ерке басым,
Пенде болып біреуге бағынармын.
Торға түскен торғайдай болғаннан соң,
Екі көзім төрт болып сағынармын.
Ей, сылқым-ау,
Қош-есен бол,
Жұртым-ау!
Қызыл камзол кигенім қиюлаған,
Бермеді әкем рұқсат биыл маған.
Қыздан сорлы жалғанда жан бар ма екен,
Өз елінен ырыздық бұйырмаған!
Ей, ауылым-ау,
Қош-есен бол,
Бауырым-ау!
Тақияма таққаным таналарым,
Алыс-жуық, аман бол, аналарым.
Жыл айналып келгенше кім бар, кім жоқ,
Сағындырмай келіп жүр, ағаларым.
Ей, жерім-ау,
Қош-есен бол,
Елім-ау!
Түндігімнің төрт бауы мақта, ата,
Мен кеткен соң балаңды жоқта, ата.
Жыл айналып сағынып мен келермін,
Бозінгеннің ботасын сақта, ата.
Ей, танам-ау,
Қош-есен бол,
Анам-ау!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter