Өлеңдер ✍️

Сыңсу
—Байлар киіз салады
Түңлік қылып.
Қызды Құдай қойыпты
Мұңлық қылып.
Қызы болмай әкемнің,
Ұлы болсам,
Өз елімде жүрер ем
Билік қылып.
Қайың құрық,
Құрығымды сындырдым
Тайымды ұрып,
Кететұғын барамын, сыңайланып,
Өлеңіңді айта гөр мүнәйім қылып.
Қызыл сиыр,
Жатқан жері
Сиырдың болар шиыр.
Руымнан барамын кетер болып,
Тамағымнан өтпейді жалғыз түйір.
Ала қарға,
Ұшып барып қонады жаман жарға.
Мал бергенің барады алып кетіп,
Ажыратып алуға шамаң бар ма?
Ойлап тұрсам, жоқ екен қыздай мұңлық,
Бөтен елдің баласын жолдас еттім,
Жиырма бір,
Жиырма бір шапанды жиынға ки.
Жиырмаға келгенше қалың бермей,
Әкеңнің жинаған малы бұйырмағыр!
Қара құндыз,
Қолыңды жауратар ұстаған мұз,
Қолымды қайтсем саған жеткерем-ау,
Ауада сен бір тұрған Шолпан жұлдыз.
Өлеңге ақын болсам іркілмеймін,
Найзагердің атындай зіркілдеймін.
Өздеріңдей жақсыға кез келгенмін,
Алдарыңда желмей-жортпай бүлкілдеймін.
Үстіңдегі киімің—тоның құрсын,
Қарға тұяқ секілді қолың құрсын.
Келген жерден сақина сұрай келдің,
Көргенсіздің баласы, соның құрсын.
Бесті ала қой,
Күшің жетсе, тілімді кесіп ала ғой.
Қолымда ештеңем жоқ, не берейін,
Ертең барып қорадан ешкі ала ғой.
Көк бесті,
Қазанда қалқып жүріп өкпе пісті.
Теңге мірің біздерге ауысқандай,
Сіздер кімге қыласыз өкпеңізді?
Асыр-тасыр,
Тасырлатып жылқыңды таудан асыр.
Азды-көпті қолыңа барып қалдым,
Жаманымды жасыр да, жақсымды асыр.
Қызыл маңлай,
Арқадан шыт келеді, таңлай, таңлай.
Досым екеу болғанда,
Дұшпаным төртеу,
Аяғымды басамын аңлай-аңлай.
Аяғыма кигенім мәсі дағы,
Жаңылғаным өлеңнен жасымдағы.
Жаста болсам өлеңді тауып айтам,
Арғымақтай сүйегім асыл дағы.
Ақ қалпағың басыңда түбіттеген,
Сенен артық бола ма жігіт деген?
Осы тұрған тойларға келмей қойдың,
Ақ сандыққа түстің бе кілттенген.
Мінгенім дәйім менің торы жорға,
Найман кіре салады Орымборға.
Өзге жігіт үш тұрып, үш тұрғанда,
Мына құрбың қасыңа келді зорға.
Пирағынан, қызыл жіп үзіледі сирағынан,
Үлкен жасын кішіртіп өлең айтты.
Сүйреп таста қайын ағаның сирағынан,
Қайын ағамыз, қайын ағамен асық та ойнағанбыз.
Қайын ағаның асығын ұтып алып,
Жолға салып қайын ағаны айдағанбыз.
Көк көбелек,
Көркемшенің,
Жүзі бар дөп-дөңгелек.
Жамандарды жиып кеп,
Айландырып жіберсек шыр көбелек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇