Өлеңдер ✍️

Сыңсу
—Басында керегенің қара далбай,
Өсіп ем жан әжемнің тілін алмай.
Жан шешем, мені өзің өсіріп ең,
Кеттім ғой ақ сүтіңді ақтай алмай.
Арқада жылқым жатыр жиылмаған,
Үстімде ноғай бешпент қиылмаған.
Құдай-ау, қызды мұңлық неге қылдың,
Топырақ өз елінен бұйырмаған?!
Базардан алған тарағым,
«Жылама,—дейсің,—қарағым».
Жыламай қайтіп кетейін,
Жат елден болды тұрағым.
Тауға бір шықтым қабындым,
Батсайы шапан жамылдым.
Батсайы шапан сөкпелі,
Мен әжеме өкпелі.
Өкпелі демей не дейін,
Бір жаз маған көп пе еді?
Ат шапса, тұяқ тигендей,
Құс ұшса, қанат күйгендей.
Айналайын, жан әже,
Не жазығым бар еді,
Алыста ай жерге бергендей.
Есіктің алды мың шыбық,
Ішінен алдым бір шыбық.
Айналайын, жан апа,
Басыма түсті мұңшылық.
Есіктің алды қоғалы,
Қоғасын жайпап мал өтер.
Айналайын, бауырым,
Қадірің маған енді өтер.
Ақ үйге салған үзігім,
Қолыма салған жүзігім.
Айналайын, бауырымның
Көре алмай кеттім қызығын.
Базардан алған түр кілем,
Масатыдан несі кем?
Тірі бір кеттің демесең,
Өлгеннен мұның несі кем?
Базардан алып келген палау қасық,
Сындырдым әдіренің сабын басып.
Кешегі өткен айдың он бесінде,
Айырылдым жан бауырмен амандасып.
Базардан алған құйысқан,
Тарамай шашым ұйысқан.
Жылама деп маған айтасың,
Жылатады екен туысқан.
Мінгенім көш алдынан нарша тайлақ,
Жібердім жайылсын деп шағылға айдап.
Бірге өскен кішкентайдан, жаным бауырым,
Жүрмедім жеңешеммен бір жыл да ойнап.
Есіктің алды шоралар,
Аяғыма оралар.
Енді айналып көргенше,
Қош-аман бол, жоралар.
Тау-таудан теріп жедік тәтті-ай мейіз,
Тіккенім орамалға қошқар мүйіз.
Біреуін қошқар мүйіз жаңылыппын,
Алыста жан бауырымды сағыныппын.
Кереге жайдым қапсыра,
Ақ көйлек кидім жапсыра.
Айналайын-ай, жан аға,
Әжемді кеттім тапсыра.
Адасса, жолға ала жүр,
Шаршаса, атқа сала жүр.
Басынан (өскен жердің) су тартайын,
Бір ұшын арқанымның шұбалтайын.
Есіме сен түскенде, жаным бауырым,
Өзімді өлең айтып жұбатайын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter