Өлеңдер ✍️

  21.03.2025
  13


Автор: Сыңсу

Сыңсу

—Қарасуды жағалай қаз барады,
Анасынан айырылған қыз барады.
Қара суға қан құйсаң, ағар, кетер,
Жат кісіге қыз берсең, алар кетер.
Аққу көнбес ешкімнің байлауына,
Қайтар ән сап ақ сұлу жайлауына.
Қыздан сорлы бар ма екен, Тәңір-ай деген,
Мал бергеннің жетеді айдауында!
Уылжымай ақша бет қуарсайшы,
Мөлдіреген екі көз суалсайшы.
Бір жаманға қор болып кеткенімше,
Өліп қана, қыз сорлы уансайшы.
Неге өсті екен қыз сорлы сылауменен,
Талшыбықтай тал белін қынауменен.
Анасынан онан да тумасай-шы,
Өксігенше өмірі жылауменен.
Өлең айтқым келмейді үнім бітіп,
Сыңсу айтып отырмын күмілжітіп.
Әлпештеген біреудің баласы едім,
Әлдекімнің отырмын жүнін түтіп.
Ұзатады бізді қайтып келмесін деп,
Ақжаулық сап бұл үйге енбесін деп.
Шешем байғұс айтпайды-ау әкешіме,
«Үйдің көркі қыз екен, бермеші» деп.
Көйлегімнің етегі қиылмаған,
Не болғанын білмеймін биыл маған.
  Ойлағанға бар мекен қыздай мұңлық,
Өз елінен топырақ бұйырмаған.
Ай да мұндай туа ма күңгірт болып,
Көктемеде мал өлер қылқұрт болып,
Әкемнің қыз да болсам ұлындай ем,
Мен кетсем, қалады-ау жым-жырт болып.
Құдайым, қызды неге жаратасың,
Қайырып арқа шашын таратасың?
Үйренбеген барамын кісі еліне,
Қандай жанның қолына қаратасың?!
Өз елімде жүруші ем барқыт пішіп,
Біреуінен біреуін артық пішіп.
Өз үйімде ішуші ем астың алдын,
Енді қайтып жүремін сарқыт ішіп.
Дүниеде кім мұңлық қыздар мұңлық,
Тұс-тұсына кетеді тұрмыс құрып.
Туысқанын сағынып, аңсағанда,
Жүреді мұңлықтығын сонда біліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу