Өлеңдер ✍️

Сыңсу
—Ақ отауым тіккен жер майдан болсын,
Ақ жүзімді көрерге айнам болсын.
Кісі әкесі кісіге әке дейді,
Айналайын әкемдей қайдан болсын?!
Ақ ат мініп боз атқа жеттім, әке,
Көп көргенің мен болсам, кеттім, әке.
Тоғыз қабат торқа екен сіздің үйіңіз,
Торғай басым сыймастай кеттім, әке.
Шымылдықтың етегін серпісін шешем,
Көздің жасын аямай төксін шешем.
Көздің жасын аямай төге жүріп,
Бір міндеттен құтылдық дерсің, шешем.
Серпе сал шымылдығын, көрсін әкем,
Көл қылып көздің жасын төксін әкем.
Жылайық өксіп-өксіп өп-өтірік,
Құтылдым бір міндеттен дерсің, әкем.
Қолымда сақинам бар бармақ-бармақ,
Сәукеле, басқа түссе, ауыр салмақ.
Басымды балапандай малға сатып,
Бар ма екен өз әкеңдей жаһил қалмақ.
Салмайды қоян жатақ құм болмаса,
Жақтырмайды қызды әке ұл болмаса.
Кетеді бергеніне құл да болса,
Айтсайшы бермеймін деп тым болмаса.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter