Өлеңдер ✍️

  20.03.2025
  131


Автор: Сыңсу

Сыңсу

Ақ киізді басамыз түңлік қылып,
Қызды Тәңірі жаратқан мұңлық қылып.
 Өз елімде жүруші ем билік қылып,
Енді қайтіп жүремін сәлем қылып.
Өз елімде жүруші ем барқыт пішіп,
Қалай жүрем жат елде сарқыт ішіп?!
Әкемнің қызы болмай ұлы болсам,
Жүрер ем өз елімде билік қылып.
Ағажан, кетер болдым рудан,
Амал жоқ мойын бұрудан.
Шашыма таққан теңгелер
Қалады-ау, қайран жеңгелер!
Босағада шашылып инем қалды,
Кішкенеден жинаған дүнием қалды.
Мен жыламай Тәңірге кім жыласын,
Алты жасар артында інім қалды.
Қалайы сандық кілтім,
Кетпеймін деуші ем, үмітім.
Кетерге басым байланды-ау,
Енді аман бол, ел-жұртым!
Үркерден шыққан жұлдыздай
Бірге жүріп тұрушы ем,
Жаңа ұстаған құндыздай.
Ажыратты дүние-ай,
Үркерден аққан жұлдыздай.
Туып бір өскен жерім-ай,
Қалды қайран елім-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу