Баталар ✍️
Беташарға бата
—Салт болған келін түссе бетін ашқан,
Ежелден елге мұра шашу шашқан.
Әруақтың аты шыққан арна едіңдер,
Өрбіген орталықта өскен бастан.
Айт, қайным, насихатты алып теңнен,
Күлкіні тамаша ғып, ойын кеңнен.
Алғыс ал, мерекеңе ертең барып,
Үмітпен келдім саған, болам жеңгең.
Дегесін жазбаққа мен мәжбүр болдым,
Сөз қарап тарабынан барлық жолдың.
Шашылған назым сөздің басын қосып,
Бітірдім көмегімен екі қолдың.
—Қыз келіп, келін болған елдің сәні,
Құттықтап жатса халық бар ғой мәні.
..................................................*
Өлең-жыр, тамашамен жас пен кәрі.
Өзгерді еркеліктер жасыңдағы,
Орамал аққа айналды басыңдағы.
Міне, сіз, келін деген атақ алдың,
Күйеуің анау тұрған қасыңдағы.
Тәрбие керек келін бала жастан,
Жассыңдар он сегізден жаңа асқан.
Бір үйдің гүл жайнаған еркесі едің,
Сіз үшін жазылды бұл біздің дастан.
Тату бол жұбайыңмен алып келген,
Сөйлеңіз ой өрісін салып кеңнен.
Әуелгі қызығыңыз бұл кездескен,
Бақытты дәуірің бұл сүйсең теңмен.
Адамның аңсайтұғын арманы осы,
Түзелсе оңға басып жігіт қосы.
Дүниеге адам ұлы алаңдамас,
Ұнаса қыз бен ұлдың тапқан досы.
Жат жерге келдің, келін, елімізге,
Мәдени сөйле тілмен елімізде.
Тап-таза әдепті бол кішіпейіл,
Халқыңның тілегі осы қойған сізге.
Қамқор бол бір-біріне жанасқандай,
Тірліктің саласында жарасқандай.
Ашумен тілге сақ бол халық сыншы,
Ұшынған сөздерден қаш жол асқандай.
Сын бергін бір атаң бар сексен жаста,
Сөзі тең көпшілікке, кәрі-жасқа.
Тараған аз да болса мақалдары,
Шешендік тілді берген әуел баста.
Жазы-қыс аяғына етік киген,
Шықпайды семьядан, ұзап үйден.
Жаздырма сәлеміңді келе қойса,
Сау қалмас тірескендер оған тиген.
Шырағым, тағы бір сөз ойға тоқы,
Мәсілі бір атаң бар асқан сопы.
Аңлаусыз сәлеміңді бермей қалсаң,
Кешірім бермейтұғын діннің соты.
Әзірше бір атаң бар ауыл биі,
Ашуы тіл ұшында келер жиі.
Ақкөңіл ата жолын көп біледі,
Қаншама жұлқынғанмен жұмсақ иі.
Таяғын ұрмағанмен қайымдайды,
Өзі ерке, інілері қайырмайды.
Сәлем ет, ертең келер, бұл жерде жоқ,
Жолынан өкпелеудің тайынбайды.
Бірақ та бір ата бар аузын баққан,
Байсалды ауырлығы алты батпан.
Басына білік, бақыт қонса дағы,
Шашпайды сырын сыртқа іште жатқан.
Татулық белгісі ғой оған көнген,
Атақшы шынжыр қатар ордалы орын.
Шығарат сөйлеп кетсе сөздің зарын,
Сәлем ет бұл атаңа да кездескенде!
Атаң бар ішкі затқа бастық болған,
Бір түйір зат бермейді заңсыз қолдан.
Даурығып ақыл айтып мазалайды,
Шындықтың туралығы оған қонған.
Шырағым, адаспаңдар тура жолдан,
Қыр қазып, аралаған ойды, орман.
Бір сәлем сол атаңа да істеп жібер,
Кездесіп қала қойса оң мен солдан!
Көп жылдар района басшы болған,
Жастармен мұртын қырып жасты болған.
Сәлем ет, келін бала, үлкендерге,
Уақтында көпшіл сауық жақсы болған.
Ұлықтың жақсы болар сөзіне ерсең,
Бес жүздей қайнағаң бар сәлем берсең.
Абысын, апа, бикеш, жездең де көп,
Қайның да мыңға барады санап көрсең.
Келінжан, азғантайдан қалар өкпе,
Шырағым, жетсін дағы қолың көкке.
Ең соңғы сәлеміңді істеп жібер,
Жиналған халайыққа—осы көпке!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter