file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Баталар ✍️

  20.03.2025
  17


Беташар

—Ал айтайын асқандай,
Дария тулап тасқандай.
Таң қаларсың, әлеумет,
Келіншек бетін ашқандай.
Сұлулығын айтайын,
Базардағы паршадай,
Кілем жапқан наршадай,
Суын туған тұлпардай,
Торға қонған сұңқардай.
Татымды ауыз таңдайлым,
Жырта қарыс маңдайлым.
Бүлдіршін көйлек білектім,
Үлпілдеген жүректім.
Әйкелі моншақ тағынған,
Беті оттай қабынған,
Опа далап жағынған,
Иісі жұпар аңқыған,
Қорғасындай балқыған.
Оймақ та ауыз, қиғаш қас,
Жазық та маңдай, ұзын шаш
Бір асылдың саны екен.
Жақсы болса келіншек,
Ерте тұрар әрдайым.
Ауыл үйдің түндігін
Аша тастар ол дайым.
Жаман болса келіншек,
Тал түсте тұрар ербиіп,
Төбе шашы сербиіп.
  Жұмсағанда бұл кәпір,
Тіл алмай жүрер кірбиіп.
Сіз демеңіз, біз деңіз,
Инені жіпке тізбеңіз.
Күйеуіңіз кетсе алысқа,
Күйеуден күдер үзбеңіз.
Ел ішінде жақсы көп,
Көз алартып жүрмеңіз.
Айт, келін-ау, айт келін,
Атыңның басын тарт келін,
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін,
Ата-енеңді бақ келін,
Ата-енеңнің төсегін
Ертеңді-кеш қақ келін.
Қағып-сілкіп болған соң,
Дұрыстап жинап қойғайсың.
Жұрт айтса да, сен айтпа
Ауыл үйдің өсегін.
Жасы жеткен кемпір-шал
Жолдас болар дейсің неше күн.
Жақсы болса келіншек,
Май тығылар ұртына.
Жаман болса келіншек,
Қамшы тиер сыртына.
Топырақтан көп жел сөздің
Қайсы бірін айтайын.
Иіліп сәлем ете бер,
Қаумалап тұрған жұртыңа.
Ана тұрған атасы,
Қара бір жердің жотасы,
Ықыласпен бергенде,
Қабыл болады дейді батасы.
Атасына бір сәлем!
Ана тұрған енесі,
Қара бір жердің кемесі.
Келін түсті оң жаққа,
Жасау жиып төр жаққа.
Жайылып бір отыр денесі,
 Көкке жетті ғой төбесі.
Енесіне бір сәлем!
Ана тұрған қайын аға,
Қайнағаның алдында
Саған айтқан ақылым,
Біреуменен ойнама.
Көрімдік берсең, мықтап бер,
Қайнаға шабар пайдаға,
Қайнағаға бір сәлем!
Ана тұрған абысын,
Абысын емес, аңдысын.
Бір-біріңнің қолыңнан
Сақина жүзік алынсын.
Алдыңғы келген жеңгелер,
Соңғы келген келіндер,
Осылайша айтайын
Татулықтың белгісін,
Абысынға бір сәлем!
Ана тұрған қайнысы,
Қайнысы деген қай кісі?!
Атан түйе бәйгесі,
Әр жерден шыққан әйгісі.
«Ағам қатын алды» деп,
«Маған теңдік қалды» деп,
Жылмаңдайды байғұсы.
Қайнысына бір сәлем!
Ана тұрған бикеші,
Жібектен ескен шүйкесі.
«Менде осындай болам» деп,
Құрып отыр жүйкесі.
Арқасын жүкке тақайды,
Бетін ашқан кісіге
Теңгелігін қадайды.
Бикешіңе бір сәлем!
Базардағы бөзім-ай,
Кездеп те сатқан өзім-ай.
 Сағынып көрген келінжан,
Сәлем етші өзіме-ай!
Астыңа мінген қара-ай кер,
Қара-ай кердің жалын өр.
Сыйың болды осымен,
Тұр да орныңнан жүре бер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу