Баталар ✍️
Беташар
—Осы отырған әлеумет
Жиналып келдік бәріміз.
Сөзіме құлақ салыңыз,
Келін келді көріңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Ала-құла демеңіз,
Түсін айтып қойыңыз.
Келіннің несін сұрайсың,
Әкесінің баласы,
Шешесінің қарасы.
Еңіреген де жылаған,
«Бала бер» деп сұраған
Жаратушы Алладан.
Үйлер тігіп, мал сойып,
Сөйтіп берген баласы.
Ұзатпақ Алла бұйрығы,
Міндетінен құтылып,
Алып келген анасы.
Оймақ ауыз, бота көз,
Құдағайдың асыраған баласы.
Баласына қарасам,
Қырғандай да жойғандай.
Келініме қарасам,
Ішпей-жемей тойғандай.
Иман жүзді, ибалы,
Халық риза болғандай.
Ана отырған атасы,
Асқар таудың жотасы.
Неше күн бір сандалып,
Ала алмай жүрген ақ тауар
Алдына келді матасы.
Ана отырған енесі—
Дарияның кемесі.
Келіні келіп түскенде,
«Балам екеу болды» деп,
Көкке жетті төбесі.
Ана отырған қайын аға,
Ақшаны мыңдап байлаған.
Келіні келіп түскенде,
Жүз теңгесін сайлаған.
Ана отырған абысын,
Абысын бермейді табысын.
Аларын алып болған соң,
Абысын сені не қылсын?!
Ана отырған бикеші,
Жібектен ескен шүйкесі.
Өз малына жете алмай,
Кісі малына бата алмай,
Құрып отыр діңкесі.
Ана отырған қайнысы,
Қайнысы деген қай кісі?!
Жеңгесі келіп түскенде,
Атаның бұл бәйгесі.
«Ағам жолдас алды» деп,
«Теңдік маған қалды» деп,
Жылмаңдайды байғұсы.
Беташар тойдың жосын-ай,
Айтамын аздап осылай.
Осы отырған көпшілік,
Риза бол осыма-ай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter