file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Баталар ✍️

  20.03.2025
  22


Беташар

Келінге жұрттың көрдім ынтызарын,
Бұл елдің қазақ деген ұлты барын.
Бет ашып бұрын-соңды көрмеп едім,
Болсыншы бет ашудың кілті дарын.
Қазақтың ежелден-ақ салты болған,
Той қылып, мал сойылып, қонақ қонған.
«Бет аш» деп мені халық қаумалады,
Мен дағы шет қалмайын сол бір жолдан.
Бұл елге келін кеп тұр қадам басып,
Осы ел той қылыпты қазанды асып.
Келінжан, көпшілікке бір сәлем қыл,
Алайық көпшілікпен амандасып.
Әлейкум ассалаума, көп жамағат,
Жүрсіз бе ойнап-күліп сау-саламат?!
Ал енді қонысыңыз құтты болсын,
Жуытпа қоңысыңа еш жаманат!
Болады қоңысыңда бір аманат,
Ұрыссаң, жұрт күліп тұрар табалап.
Сылтау қып әр нәрсені қырта берсең,
Бір күні қаларсыздар сан сабалап.
Жақсылар, қоңсыңмен болсаң тату,
Деген сөз—дұшпан жолын бөгеп жату.
«Жемейді біріккенді бөрі» деген,
Баяғы Ізтілеуовтен қалған басу.
Айбат қып арыстанша күжіреймей,
Жөнімен жау келсе де болсын ашу.
Мәз болған мысықтардай бажылдасып,
  Болмасын араңызда бет тырнасу.
Жалғаннан көшпейінше сіз-біз дескен,
Неше бір кездеседі белден асу.
Болмашы бір нәрсеге бет жыртысып,
Ұялып боп жүрмесін желке қасу.
Халық боп отырған соң бір ауылда,
Сіз-біз деп қандай жақсы дидарласу.
Кетпесін көңіліңнен еш уақытта,
Жақсыға жөн іс емес асып-тасу.
Көпшілік, тыңдасаңыз ақыныңды,
Айтайын келінге де ақылымды.
Келінжан, құтты қадам болып тұрсың,
Иманды қылсын Құдай ақырыңды.
Ұғып ал ақылымды әзірлесем,
Біраздап кешірерсің әзілдесем.
Балдарың сендерді де сыйлай білер,
Өзің де ата-енеңді қадірлесең.
Сөйлейін тағы біраз бізді ұқсаң,
Бұрмайын қиялыңды теріс жықсаң.
Көтеріп төбесіне халық сыйлар,
Өзің де сол халықты қадір тұтсаң.
Жасынан үйретеді ботаны да,
Білсеңіз өзің шыққан жота бұ да.
Шығарсың аман болсаң тау басына,
Ете гөр ақ қызмет Отаныңа.
Бұзыққа құлақ салма бұлай десін,
Бұзықтар тасты қауып ылай жесін.
Таң қалып ауыл-аймақ «пәленшенің,
Па, шіркін, келіні мен ұлы-ай!» десін.
Жұмыста бір-біріңді күтіп тұрма,
Ақылын күйеуіңнің ұтып тұрма.
Адам деп үйіңе бір қонақ келсе,
Келінжан, қабағыңды шытып тұрма.
  Күйеуің өзің сүйген асыл жарың,
Ортада болсын тапқан асылдарың.
Келінжан, жүзің әркез жарқын болсын,
Жүзіңді өміріңде жасырмағын.
Дәулетің жұрттан асса, шүкір қылғын,
Қалыптан мінезіңді асырмағын.
Жақсы іс, жақсы сөзге араласқын,
Күніңді құр күйбіңмен батырмағын.
Өзімнің жеке меншік күйеуім деп,
Жұрт барда иығына асылмағын.
Иіліп сәлем қып жүр жас-кәріге,
Беліңді иілместен қатырмағын.
Келінжан, бетіңізді ашамын деп,
Көрінбес жұртқа ерсі бұ тұрғаным.
Маған да бір иіліп сәлем қылсаң,
Келіп тұр шапқан аттай сатырлағым.
Көп жаса, бақытты бол жүзден асып,
Жақсылық үзілмесін, бәле қашып.
Қызығын ұл-қызыңның толық көріп,
Тойларың болсын қылған бізге нәсіп.
Немере, шөпшегіңнің тойларында
Кемпір боп жүретұғын шашу шашып.
Кішкентай тышқақтарын жұбата алмай,
Отырғын ортасында миың ашып.
Иіліп сәлем қылып болған кезде,
Алға жүр тағы төрт-бес қадам басып.
Той бопты қосылған соң екі ғашық,
Бұл келін кірмек алғаш есік ашып.
Қазақтың ежелден-ақ ата салты,
Қонақты күтетұғын етін асып.
Мен дағы беташарды бастап тұрмын,
Бұл тойдың тұз-дәмдері етіп нәсіп.
Келін де біраз жұмыс істеп тұрсын,
Халыққа сәлем қылып екі басып.
Айтайын адамдарым жақын тұрсын,
Жүрмесін там айналып жеке қашып.
Жақсылар, көрімдікті мықтап сайла,
Келінді көрсетейін бетін ашып.
 Қайын жұрт білсең, келін, алтын ордаң,
Шырмалсаң, ажыратар халқың тордан.
Осындай бақытқа сен ие болдың,
Мұндайды көреді жұрт парқы зордан.
Бұл елге бір семья қостың келіп,
Демейді енді ешкім жалқы қорған.
Көңілі шермендеге жәрдем қылып,
Жығылса, шығарыңдар тартып ордан.
Бірігіп қайын жұртпен тірлік қылсаң,
Болады басың ашық жалпы сордан.
Мінезің сұлу болып аққу қаздай,
Тұрсыншы үніңді естіп, балқып орман.
Үш аттап қайын жұртқа үш сәлем ет!
Осындай қазақтың бір салты болған.
Кім жетер ол кісінің бағасына,
Зерлі ішік, алтын тонның жағасына.
Басқарып осы тойды пәленше жүр,
Халықтың қалмайын деп табасына.
Алдына неше түрлі дәм жайдырып,
Бас иіп туыс, жекжат, нағашыға.
Әлтаман зәм-зәм суын тағы берер,
Жетерлік әр адамның шамасына.
Еңбегі ол кісінің ұшан теңіз,
Бір сәлем осы тойдың ағасына!
Көңілі күндей көлем, айдай әлем,
Мақтасам шытырламай көрсін, кәне.
Жүргені қалбалақтап қашан көрсең,
Олардың айтқанына деме «пәле».
Гауһардай қайын енең бар сазандай сай,
Өмірі демеген жұрт «қандай жан ең?!»
Алтындай қайын атаң бар ақ көңілді,
Дейтін жұрт қыздар тапқан жылы пана ең.
Осындай жақсыларға келін болдың,
Екі рет екеуіне қылғын сәлем!
Пәленше қайын ағаңыз екен аппақ,
Көрейін алдыңызда біраз мақтап.
Көркі мен мінезіне тұлғасы сай,
Киіпті әсем киім бойға шақтап.
 Көркіне қарап тұрса адам тоймас,
Шәрбәттің болғанындай-ақ дәмін татпақ.
Кірпігі шымылдықтай жабылғанда,
Көздері сұлу таңдай кіріп жатпақ.
Керіліп кер маралдай жүргенінде,
Әйелдер әзілдейді қисалақтап.
Беттері жаңа піскен әңгелектей,
Жеуге көз қимайтындай нақтап айтсақ,
Сымбаты сынбайтұғын болат сымдай,
Садаққа қойғанындай-ақ жебе саптап.
Мақтасам қайын ағаңыз көрінбейді,
Тұр білем көрімдікке бір мал сақтап.
Осындай қайын ағаңа бір сәлем қыл,
Шырағым, қайын ағаңды тұрсам мақтап!
Келін, шырақ келіңіз,
Иіліп үйге еніңіз.
Абысындар шауып жүр,
Қызметін көріңіз.
Жаманына ермеңіз,
Жақсысына еріңіз.
Пысықтардың ісін қыл,
Салақтардан жеріңіз.
Абысынмен ұрысып,
Тарылмасын теріңіз.
Абысынмен тату бол,
Сонда құрсан еліңіз.
Еш қонақсыз болмайды,
Құтты болса төріңіз.
Қонақшыл ел атанған
Келіп тұрған жеріңіз.
Сөз айтпасын абысын,
«Болған,—десіп,—сері қыз».
Абысынның бәріне
Бір-ақ сәлем беріңіз!
Өмірі жұмыс қылмас шайға ұрынбай,
Тойған соң кісінейді Тайбурылдай.
Сөзіне қарсы келсең, күн бермейді,
 Шырылдап шегірткенің айғырындай.
Өзінің айтқаны жөн, қылғаны жөн,
Басқаның бәрі оған май қырындай.
Жүрсе де мидай тегіс иен далада,
Жолына қоймас оның сай бұрылмай.
Осындай бір адам бар бір сәлем қыл!
Жағалап жорғалайық сайда құрдай.
Бар екен әйелдің де осырағы,
Қарамай жан-жағына отырады.
Жалп етіп отыра сап пыш еткізсе,
Сол жердің бұрқ етеді топырағы.
Егерде бар күшімен тарқ еткізсе,
Шынымен біраз жерді опырады.
Осында пәленшедей жеңгелер жүр,
Осындай бар ұқсайды шоқырағы.
Бір сәлем сол өнерлі жеңгемізге,
Бұдан соң жасырынып осырады.
Сүйек қоймай кемірген,
Майын сорып семірген.
Бейқамдықта жан салмас,
Дәйім жарқын көңілмен.
Азып-тозып шаршамас,
Осылай өтер өмірден.
Бірақ іске жалқаулау,
Жұмыс көрсе ерінген,
Әбден мақтап істетсең,
Тау тұрғызар көмірден.
Дөңгеленіп жүреді
Жардай болып жел үрген.
Жамандасаң, жыртылар,
Не бір жаға, не бір жең.
Пәленшеге бір сәлем,
Салып қалар темірмен!
Ал енді бір қайның бар мақтағандай,
Сом білек, кең кеуделі ақша маңдай,
Көркіне мінезі мен ақылы сай,
Жебені садағына саптағандай.
 Көркіне, қарап тұрса, адам тоймас,
Шәрбәтті көзбен көріп татпағандай.
Қастары қылыш ұқсап қиылып тұр,
Кірпігі келген жаудан сақтағандай.
Көздері кірпіктерін паналайды,
Бір сұлу шымылдыққа тап болғандай.
Беттері ең әдемі алма ұқсап,
Қызарып жаңа пісе бастағандай.
Керіліп кер маралдай жүргенінде,
Келін де басқа түгіл, мас болғандай.
Ішіне інжу, маржан, гауһар тығып,
Тұлғасын алтынменен қаптағандай.
Суретші болсам, анық бейнелер ем,
Боп тұрмын көп бейнесін таппағандай.
Сөзбенен суреттерін салып шықтым,
Шамалап өз бойына шақтағандай.
Өзі де көпті көрген жігіт екен,
Сөзімді ете көрмес жақпағандай.
Пәленше қайыныңа бір сәлем қыл,
Сөзімді келін шырақ жақтағандай!
Сөз айтам тұрған шақта назым өтіп,
Демеңдер көбі қалды, азы кетіп.
Қалып тұр айтылмаған қыздар ғана,
Ескерсек оларды да жазып өтіп.
Әр үйдің қыз дегені гүлі болар,
Тұрады бұлбұл қонса назым етіп.
Қыздардың қызыл гүлдей жайнағаны,
Тұрады жеңгесіне әзілі өтіп.
Қыздардың ақылдысы құда болып,
Береді екі елге бәзім етіп.
Екі елді бір шулатып, бір қуантып,
Қыз кетер мал-мүлігін әзірлетіп.
Оқытып тәрбиелеп ата-анасы,
Береді бөтен елге әзір етіп.
Қыздардың қашатұғын түрі бөлек,
Тұрады жігіт көрсе әзіл етіп.
Көркі гүл, мінезі бал тұрған қыздар,
Жүрмесін іштен қарғап жазым етіп.
Шырағым, бұрын сен де сондай едің,
Бір қойшы қыздарға да тәзім етіп!
 Бақ-дәулетің мал болып,
Баланы көп ертіңіз.
Әлсіреген адамды
Сусындатып желпіңіз.
Әлсіздерге қол берсең,
Ажарланар көркіңіз.
Арзымайтын нәрседен
Бұзылмасын сертіңіз.
Араласса шайтан кеп,
Маңдайына шертіңіз.
Қарыз алсаң біреуден,
Көп ұзатпай бер тығыз.
Салдырама арықтай,
Көлдей болып көлкіңіз.
Шын еліңді тапқан соң,
Боп жүрмесін төркін із.
Дүниеге мастанып,
Деме «елдің көркі—біз».
Дүниеге қызықпа, Ол бір кәрі көрші қыз,
Дүние қыз қашқан күн
Көзден шығар өртіңіз.
Түсіндірдім барлығын,
Не істесең де еркіңіз.
Қалғандарға үш рет
Сәлем етіп, өршіңіз!
Келін, енді құлақ сал,
Ашылды ғой бетіңіз.
Арты үзілмей сүр болсын,
Сөредегі етіңіз.
Бала-шағаң он болсын,
Сегізі ұл, екі қыз.
Ақ сәлделі кемпір бол, Иманды боп өтіңіз.
Сырдан жекжат басталып,
Таудан болсын шетіңіз. Отан түсті басыңа,
Енді, келін, бекіңіз.
Аштық пенен тоқтық бар,
 Оған шүкір етіңіз.
Ақыл сұрап жұрт келсе,
Әділдікпен шешіңіз.
Надан тисе көңіліңе,
Кектелмей-ақ кешіңіз.
Осыларды ұғарсыз,
Бар ғой деймін есіңіз.
Не тілесең қабыл боп,
Ниетіңе жетіңіз.
Жамандарға қалдырған,
Жақсыларға жетіп із.
Отқа майды сал дағы,
Үйге кіріп кетіңіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу