Баталар ✍️
Беташар
—Бісміллә сөз басы,
Ісімді Тәңір оңдасын,
Қусырма жақ, қызыл тіл,
Сырыңды ашып қолдашы,
Қызыл тілім, бұлдашы.
Тасқын судай қайнатшы,
Халқыңа бүгін сайратшы.
Өнер алды—қызыл тіл—
Атаның мұра таңбасы.
Сол таңбадан белгі алған
Біз секілді пендесі.
Шабытың түссе бабына,
Сөйле, тілім, ағыла.
Әрі-бері толғашы,
Біздерден бұрын ертеден
Тайлайлар өтті еңсеген.
Өзгермеген ай мен күн,
Сәулесін беріп өртенген.
Жасарған жалын күнінде
Кім-кімге де парыз деп,
Жолдасты болу тіріңде.
Жетемін деп жалғанның,
Жете алмай төріне,
Өтпеді кімдер арманмен,
Шабыты соқпай сүріне.
Қазіргі, міне, заманым,
Еркі өзінде баланың.
Іні менен ағаның,
Тойға келген құрметін
Сөзбен қарсы аламын.
Ұзақ өмір болсын деу,
Сіздерге батам, қарағым!
Келіп тұрған, жас келін,
Берік болсын қадамың,
Орындалсын талабың.
«Әмин» десем, періште,
Қайырлы болсын қадамың.
Ескектей сөзім есілді,
Қарсы алдым сауық-кешіңді.
Аттай тулап көкірек,
Сөйлеуге көңіл шешілді.
Кешегі жүрген бала едің,
Екі айырып көңілді,
Бұйрығымен тағдырдың
Келгендейсін секілді.
Келін болып ендіңіз,
Өзге жерге келдіңіз,
Ашайын енді бетіңді.
Келін келді иіліп,
Баршаңызға сиынып.
Он жетіге жеткенде,
Тағдыр солай бұйырып.
Мәжілістегі әлеумет,
Беріңіз бата жиылып.
Келіннің жүзін көріңіз,
Үлкен-кіші бәріңіз,
Жеткенінше әліңіз.
Мен үшін емес, той үшін,
Өзіңіздің сәніңіз.
Жарты үлесі келінге,
Деп арнаңыз кемінде.
Мына екі келінге
Берілсе керек делінген.
Ұсынысқа құмар боп,
Сөз шығады көңілден.
Тал шыбықтай бұралып,
Келіп тұрған келінді
Таныстырайын бәріңмен.
Мынау тұрған атаңыз,
«Баламнан» басқа сөзі жоқ,
Ибалық етіп байқаңыз.
Алыстан сәлем етпеңіз,
Алдынан кесе өтпеңіз.
Атаң отыр қуанып,
Балалы болып жуанып.
Атаңызға бір сәлем!
Мынау тұрған енеңіз,
Енемді төмен демеңіз,
Ата-анадай қадірле,
Тәрбиеге бөлеңіз.
Екі айтқызып бір сөзін,
206 ғұрыптық фольклор
«Сенікі жөнсіз» демеңіз.
Енеңізге бір сәлем!
Мынау тұрған қайын ағаң,
Күн нұрындай жайнаған.
Ақылы алтын, сөзі бал,
Қырандай ұшып ойнаған.
Жаңа көріп келінін,
Қуанып отыр көңілі.
Қайнағаңызға бір сәлем!
Мынау тұрған абысының,
«Қызықты күнің бүгін» деп,
«Басымнан өткен күнім» деп,
Бұл да отыр қуанып.
Абысыныңа бір сәлем!
Мынау—қайны сіңліңіз,
Тума деп оны біліңіз.
Тарлықта болар қолқанат,
Тату өтсін күніңіз.
Шашбауы төмен шұбалып,
«Қашан сендей болам» деп,
Ол да отыр қуанып.
Бикешіңе бір сәлем!
Мынау жүрген қайнысы,
Дерсін өзін қай кісі?
«Теңдік маған қалды» деп,
Қолына келіп бар күші,
Қуанышқа бөленді.
Баяғыдан бері қарай
Ағасы үшін бөгелді.
Қайныңызға бір сәлем!
Сөздерімді ұғып ал,
Ақылыңа түйіп ал.
Үлгі етіп айтамын,
Айтқанымды жиып ал.
Ақылды болсаң, шырағым,
Осы орын болар тұрағың.
Өміріңде өшпесін
Жанып тұрған шырағың.
Сен демеңіз, сіз деңіз,
Мен демеңіз, біз деңіз,
Жамандық оңай адамға,
Жақсылықты іздеңіз.
Жолаушы кетсе жолдасың,
Күдеріңді үзбеңіз.
Ертеменен тұрыңыз,
Ұйқыдан көңіл бұрыңыз.
Шайтан болып дұшпаның,
Сөзіне айтқан ермеңіз.
Екі айтқызып қасарма,
Бір айтқызып ұғыңыз.
Үй-үйге өсек тасыма,
Өзгемен болма ашына.
Мұнысы қалай демеңіз,
Бәрі де қалар басыңа.
Үйге келген қонаққа,
Дайын тұр әр уақытта,
Шамаң келсе, шырағым,
Ілеспе теріс бағытқа.
Шаршадым деп жалықпа,
Сөйледі деп қамықпа.
Жалықсаң да ерінбе,
Шағаладай шалықта.
Көршіменен тату тұр,
Сүйкімді бол халыққа.
Ерің үйде жоғында,
Досы келсе орнына,
Құрмет етіп, сыйлай біл,
Үй иесі жоқ деп тарылма.
Ойыңызға жетіңіз,
Ашылды, келін, бетіңіз.
Перзент көрсең, ұлды бол,
Жолдасыңмен тату бол.
Келінге, жұртым, бата бер,
Сосын тарап кетіңіз.
Бетіңді аштым, жас келін,
Маған бір сәлем етіңіз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter