file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Баталар ✍️

  20.03.2025
  16


Беташардан кейін берілген бата

Келіп тұрған келінге


Өлеңмен шашу шашайын.
Көруге халқым құмартад,
Бетін жылдам ашайын.
Бұрынғының кәдесін,
Жас келінге жасайын!
Қаумалаған келіншек,
Көпшілігі ағайын.
Келіннің жүзін көрсек деп,
Анталап отыр маңайың.
Еліңнен шығып келген соң,
Келіншек болдың тоғайын.
Белдеріне түсіріп,
Сұлулар шашын тарайды.
Қандай келін екен деп,
  Көпшілік сізге қарайды.
Әдепті келін атанып,
Таңдандырғын маңайды.
Жаман келін күніне,
Тізесін бүксе иіліп,
Оны да іске санайды.
Сабыр түбі—сары алтын,
Сабырлы болсаң жарайды.
Қадірлі бол, қарағым,
Өзіңнің келген жұртыңа.
Қатар құрбың сүйінсін,
Өзіңнің мінез-құлқыңа.
Ойнақтама орынсыз,
Әркімнің шығып сыртына.
Сыйлай білмес үлкенді
Бола көрме жырқылдақ,
Көсегің көктеп көгерер,
Атаң менен енеңнің
Көне білсең ырқына.
Орамалың өзгеріп,
Боларсың енді келіншек.
Тұғырыңа байырғы
Қонарсың енді, келіншек.
Келетін жерге келдім деп,
Жылмаңдама, келіншек!
Үлкендердің көзінше
Қылмаңдама, келіншек!
Ерте жатып, кеш тұрсаң,
Боласың нағыз еріншек.
Аяғыңнан алдырма,
Иіліп сәлем бергейсің,
Анда-санда көрінсек!
Шоңқайма кебіс кигенің,
Бәсеңірек жүрмесең,
Ерсілеу болар үйдегің.
Қадірсіз емес халқыңа,
Өзіңнің қалап сүйгенің.
 Жөніменен жұмсасаң,
Қолыңды біреу қақпайды,
Дүниеңді өзің билегін.
Кешігіп келсе жұмыстан,
Күйеуіңе ақырма.
Тауып бер деп жоқ затты, Орынсыз басты қатырма. Ұрмасаң да ұрғандай,
Шымшылап қолың батырма.
Алғыс алып үлкеннен,
Жеңдіргенің жөн болар,
Ашуыңды ақылға. Үйір болып өсекке,
Әңгіме айтып сапырма.
Құдай айдап, тап қылып,
Келтіріп отыр кезімді. Ыссы менен суыққа,
Болғайсың, келін, төзімді.
Құлағың салып, көп тыңда,
Тастамай жерге сөзімді!
Келіп тұрған ақ келін,
Сауысқандай сақ келін.
Қараңғыны түсірмей, Үйіңе шырақ жақ, келін!
Атаң менен енеңді Өлгенінше бақ, келін!
Қысты күні тоңдырмай,
Жылы көрпе жап, келін!
Бедеу келін атанбай,
Жалынды бір ұл тап, келін!
Жиналған жалпы, жамағат,
Жас келінді көріңіз,
Ата-баба мирасы,
Көрімдігін беріңіз!
Шығара алмай ештеңе,
Шықпасын босқа теріміз.
 Бата алмай тұрған бар шығар,
Бастап берің еріңіз.
Мырзаларың көптен бер,
Сараңдарың еппен бер.
Көрімдігі несі деп,
Көргенсіздік етпеңдер.
Ақшамыз үйде қалды деп,
Тойдан шығып кетпеңіз.
Осындай жерде көрініп,
Азамат жігіт өктемдер.
Сараңдарың сазарып,
Бергендерді сөкпеңдер!
Наразын келін жықпаңыз,
Қайын ағасы, қайын інісі,
Көрініп қалың, бұқпаңыз.
Кемпір, шешей, келіншек,
Сақтаулы шығар, тықпаңыз.
Есіңде болсын, көпшілік,
Айтылған сөзді жұтпаңыз!
Ақ сақалды атаңыз,
Қабыл болсын батаңыз.
Бейбастық болма, келінжан,
Кешірілмес қатаңыз,
Енекеңе бір сәлем!
Анау тұрған қайын ағаң,
Қайын ағаңның әдеті—
Құр қалмайтын пайдадан.
Өзінің айтып білгенін,
Алдарыңда сайраған.
Қайын ағаңа бір сәлем!
Толып жатқан абысын,
Өзіңмен, келін, болады.
Абысындарға жағасың,
Көтерсең кейде қағысын.
Қырағы келін атанған,
 Көзіңмен көріп шаласын.
Ауыз бағып, сөз қусаң,
Тұтап тұрған жанжалға
Өзіңді-өзің саласың.
Абысындарға бір сәлем!
Ана тұрған құрдасың,
Құрдай тату сырласың.
Сыйламасаң құрдасты,
Абырой таппас бір басың.
Жөнімен жүріп, жол тапсаң,
Риза болар құрдастан
Еркегі мен ұрғашың.
Құрдастарға бір сәлем!
Шүпірлеген бикелер,
«Шашбауыңды берші» деп,
Келін, жаным, сүйкенер.
«Шығатұғын күйеуге,
Бізге кезек келді» деп,
Құрып отыр жүйкелер.
Бикештерге бір сәлем!
Қайныңыз тағы да келіп тұр,
Келінжан, сізді көріп тұр.
«Ендігі кезек менде» деп,
Өзіне-өзі сеніп тұр.
Қайныңызға бір сәлем!
Айналамда анталап,
Жақсылар бүгін жиналдың.
Алдымдағы келінжан,
Ұялғаннан қиналдың.
Бетін ашып талайдың,
Әлденеше сыйландым.
Бәріңізге бір сәлем,
Нышаны болсын иманның!
Келіп тұрған, келінжан,
Орамалың қызыл-ды.
 Орамалың туғаннан
Ақ болсын деп сызылды.
Әке-шешең риза,
Теңін тауып қостым деп
Қолаң шашты қызымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу