Баталар ✍️
Беташардан кейін берілген бата
Ал, ағайын, ағайын,
Бір кәдеге жарайын.
Бетін ашып келіннің,
Көрімдігін алайын.
Келін, келін, келіңіз,
Келіп үйге еніңіз.
Қаумалаған ағайын,
Көрімдігін беріңіз.
Келін, келін келді ғой,
Келін үйге кірді ғой.
Көрімдігін бермесең,
Көрсетпеймін деді ғой.
Алақанға алтын сал,
Етегіме күміс сал.
Ашық қолды халқым бар,
Келін дұрыс сәлем сал!
Аз алтының сен емес,
Аз күмісің тең емес.
Осы тұрған келінің
Ай мен күннен кем емес.
Байтақ елдің гүлі бұл,
Бар ауылдың нұры бұл.
Өскен жердің қызы бұл,
Өнегенің ізі бұл.
Көздерінен нұр тамған,
Көмейінен жыр тамған.
Беті таза айнадай,
Көркі қандай жайнаған.
Үлкендердің алдында,
Қылтыңдама, келіншек!
Жөн-жосықсыз желігіп,
Қутыңдама, келіншек!
От басына барғанда,
Отырып алма, келіншек!
Су басына барғанда,
Сумаңдама, келіншек!
Бозбала көз салды деп,
Тайраңдама, келіншек!
Қонақ келсе үйіңе,
Баланы ұрма, келіншек!
Ағайынды мазалап,
Қиын болма келіншек!
Жолдасыңның анасы,
Аузынан түспес тобасы.
«Сүйем-ау» деп немере,
Немереден шөбере,
Шөбереден шөпшек, немене,
«Келін-ай» деп отырған,
Көтерем деп төбеме—
Енеңізге бір сәлем,
Бір емес-ау, мың сәлем!
Мына тұрған қайын атаң,
Орыны бар сайлаған.
Кеудесінде жұлдызы
Жарқыраған, жайнаған.
Қашан оны көрсең де,
Елдің қамын ойлаған.
Ел ағасы—Ерекең,
Ерекеңе бір сәлем!
Ауылымыздың атасы,
Ауылымыздың батасы,
Ауылымыздың панасы,
Ауылымыздың данасы.
Даңқы елден ары асқан,
Көркі көкпен таласқан.
Елдің көркі қайын аға,
Аталармен жарасқан—
Қайнағаңа бір сәлем!
Ана тұрған қайны апаң,
Орыны бар ойлаған.
Көпшіліктің ішінен
Жұлдыздардай жайнаған
Қайны апаңа бір сәлем!
Адалдықтан нәр алған,
Ақыл, нұрдан жаралған.
Ақ көңілі—гүл бақша,
Ақ жүрегі—ақ орман.
Тыңдайтын сенің сырыңды,
Жырлайтын сенің жырыңды,
Келінжан, қане, танып ал,
Қадірлі қайын сіңліңді—
Қайын сіңліңе бір сәлем!
Мына тұрған қайнысы,
Қайнысы деген қай кісі?
«Ағам әйел алды» деп,
«Кезек маған келді» деп,
Қуанып тұр бұл кісі,
Қайныңызға бір сәлем!
Мына тұрған жеңгеміз,
Талай жеңге көргенбіз.
Бұл кісінің алдында
Жеңгесымақ өзгеңіз.
Жақсы қонақ келгенде,
Төгіліп жатыр теңгелеп.
Қалта қалса жұқарып,
Жеңгемізге сенгенбіз.
Жеңгемізге бір сәлем!
Бетіңді ашқан баламын,
Шырқап әнге саламын.
Толықсыған келінжан,
Құтты болсын қадамың!
Маңдай терім төгіліп,
Көмей етім сөгіліп,
Таныстырған қауымға,
Таныстырған ауылға,
Келінжан, маған да бір сәлем!
Келін, келін, шаршама,
Қол-аяғың талса да.
Иіліп сәлем бере ғой,
Мына тұрған баршаға!
Бәрі сенің ырысың,
Халқым, саған көп рахмет,
Менің бітті жұмысым.
Көпшілікке, көпшілікке бір сәлем!
Халыққа білім үйреткен,
Ақ қағазды сөйлеткен—
Мұғалім қайын ағаңа бір сәлем!
Бозға шыққан бояндай,
Сары құлақ қояндай
Айтмұрат деген қайын ағаң,
Оған да берің бір сәлем!
Атыңа қоржын бөктерген,
Шайтандықты өткерген.
Жаңабай сенің қайын ағаң,
Оған да берің бір сәлем!
Арақ ішсе тоймаған,
Ресторанды қоймаған.
Шишаның қамын ойлаған,
Оған да берің бір сәлем!
Ауыл-елдің ағасы,
Елтірі тонның жағасы.
Пердебай деген қайын ағаң,
Оған берің бір сәлем!
Ақ терек көрсе пұтаған,
Сақал-мұртын тұтаған.
Шаңбай деген қайын ағаң, Оған берің бір сәлем!
Қауын көрсе пышақтаған,
Қатын көрсе құшақтаған,
Базарбай деген құрдасың, Оған да берің бір сәлем!
Атқа мінсе—арыстай,
Жерге түссе—қарыстай,
Сапарбай деген қайын ағаң, Оған да берің бір сәлем!
Қарны буаз байталдай,
Жымыңдаған шайтандай,
Анарбай деген қайын ағаң, Оған да берің бір сәлем!
Арақ десе аузын ашқан,
Жұмыс десе тұра қашқан,
Сұңғат деген құрдасың, Оған да берің бір сәлем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇