file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Баталар ✍️

  20.03.2025
  16


Беташар

—Бетіңді, келін, ашқаным,
Жаңа жұртқа қосқаным.
Жасы үлкенді сыйлап жүр,
Құрмет қылып жасқанып.
Балалық күнің өтті енді,
Аналық күнің жетті енді.
Жаңа дәурен есігі
Алдыңнан енді ашылды.
Бәйбішелер келтіріп,
Шараларын толтырып,
Шашулары сатырлап,
Есіктен төрге шашылды.
Айт, келін, ау, айт, келін,
Атыңның басын тарт, келін!
Қыз көңілден қайт, келін,
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін!
Күйеуіне шақ келін,
Ел-жұртыңа жақ, келін!
Өзің бір ақыл тап, келін,
Ата-енеңді бақ, келін!
Кісі келсе үйіңе,
Киізіңді қақ, келін!
Атаңды бұрын жатқызып,
2. Түндігіңді жап, келін!
Сүйгеніңнен сүйсініп,
Адалдан бала тап, келін!
Қалдырмай ақыл айтайын,
Құлақты, келін, саласың.
Қатасы болса сөзімнің, Осы отырған, әлеумет,
Сынға салып қарасын.
Құлағың салып тыңдап тұр,
Келінжан, менің тілімді!
Әдеп жолын үйренбек,
Жас кісіге білім-ді.
Ақылсызға айтқан сөз—
Далаға кеткен шығын-ды.
Жырға қосып айтамын
Бар өсиет, сырымды.
Бұрынғы күнің—балалық,
Ер жеткен күнің бүгін-ді. Өзім айтқан сөз емес, Осылай деген бұрынғы.
Келін боп келмек оң жаққа,
Ата-ананың мұрасы.
Бұрынғы үйің бекер-ді,
Мекенің осы тұрысы. Өз үйінде тұрмақ жоқ, Ұл боп тумай әуелде,
Қыз болған соң ырысы,
Келін боп келген қиын іс
Жаңа өспірім балаға.
Қызмет қыл иіліп,
Ата менен анаға. Өзіңнен үлкен адамның
Бетіне тіке қарама. Үлкен кісі келгенде,
Қатарласып отырмай,
Кейін отыр панада.


Лажы болса шығып тұр,
 Қайтқанынша далаға.
Бар айтқаным бұл емес,
Құлағың салып тыңдап тұр,
Сөзім бар айтар жана да.
Тұратын болса ата-анаң,
Отырып қалма орныңда.
Тұрып барып есік аш,
Еріп шықпа соңына.
Орамалын алып бер,
Ұмытып кетпе оны да.
Бұрынғыдай ойламай,
Сабыр етіп, шыдам қыл
Құдай қосқан еріңе.
Күле сөйлеп жауап бер
Оның айтқан сөзіне.
Тең құрбыңнан артық боп,
Үлкен емес, кіші емес,
Қосылыпсың теңіңе.
Еріңнен асыл адам жоқ,
Қарасаң ата-тегіне.
Күйеуің үйге келгенде
Қағып көрпе салып бер
Отыратын жеріне.
Бір нәрсеге жұмсарда,
Алыстан «ай» деп айтқызба.
Төсегін салып шешіндір,
Ерте тұрса, киіндір,
Киімін тұрып алып бер,
Белбеуін байла беліне.
Менің айтқан бұл сөзім—
Бәрі саған керек іс.
Абайлап қара ұғынып,
Сөлекет болып отырма,
Еркектей болып жүгініп.
Бір тізелеп жөн отыр,
Төмен қарап бүгіліп.
Қатты қылып сөйлеме,
Ақырын сөйле мүдіріп.
Майдалығы сөзіңнің
Кеткендей болсын үгіліп.
 Бір нәрсеге барғанда,
Көп кешікпе, кідіріп. Үй арасы болса да,
Қатты жүрме жүгіріп.
Бозбалаға қарама,
Артық аса тігіліп.
Сыпсың болып біреумен, Өсекке жүрме ілініп.
Жасырынбақ жаман ат,
Ақыр бір шығар білініп.
Жаман атың бір шықса,
Кетеді елің түңіліп.
Тәжім етіп, сәлем бер, Үлкен үйге кірерде.
Сыртыңнан шық иіліп,
Есіктен шығып жүрерде.
Бір қиын іс дүниеде,
«Пәленше келін сондай»—деп,
Сыртыңнан әркім күлер ме!
Ерте тұрып түндік аш,
Ерініп жатпай төсекте.
Мезгілсіз келген ұйқыны Өзіңе жақын дос етпе.
Жаңа түскен жас келін
Жақын болар өсекке.
Қатынға кәрі айып жоқ,
Мінсе де теріс есекке.
Сөйлеген кезде еркектей,
Дауысыңды қатты кенеме.
Жұмыс қылсаң, жылдам қыл,
Шұбалаң келін атанба.
Тастама белбеу беліңнен,
Жүріп жұмыс қылғанда.
Бәрімен ұста қолыңның, Ұстама жалғыз жеңіңмен.
Қасыңа бала келгенде
Қабағың түйіп, тыржиып,
Жылатпа түртіп қолыңмен, Орынсыз жаман іс қылып.
Жұртыңа жақ еліңмен.
 Бар айтқаным бұл емес,
Құлағың салып тыңдап тұр,
Айтылар кейін қалғаны.
Жаулығыңды шұбалтпай,
Дұрыстап сал басыңа.
Астынан шығып жүрмесін,
Ие боп жүр шашыңа.
Қолын ұстап, бетін сүй,
Бала келсе қасыңа.
Қайныңды сыйлап қадірле,
Қарама үлкен, жасына.
Жасы құрбы екен деп,
Жаманға болма ашына.
Ойынның жөні осы деп,
Әркімге берме шашыла.
Біреу жаман айтты деп,
Болымсыз іске жасыма.
«Пәленше бүй деп айтты» деп,
Жарыңа сөзді тасыма.
Естісең де жаман сөз,
Жүргенің жақсы жасыра.
Көңіліңе келіп жүрмесін,
Айтты деп сөздің қиынын.
Бұл күнде жаман көргенмен,
Көңіліңе теріс келгенмен,
Бәрі де саған пайдалы
Ағаңның айтқан жырының.
Айт, келін, тағы айт, келін,
Атыңның басын тарт, келін!
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін!
Келін, келін, келіншек!
Алдыңғы түйе итіншек,
Итіншек түйе екен деп,
Басқа соқпа, келіншек!
Артқы түйең тартыншақ,
Тартыншақ түйе екен деп,
Басқа соқпа, келіншек!
Өзің жатып төсекте,
Қасыңда жатқан байыңа
 «Тұр-тұрлама», келіншек!
Қаптың аузы бос тұр деп,
Құрт ұрлама, келіншек!
Жаман болса келіншек,
Күлкісін тіпті тыймайды.
Кісі келсе даладан,
Көсілген бұтын жимайды.
Көрінгенмен ұрсысып,
Ауылдың бәрін былғайды.
Қырыстанып үйінде,
Беті-қолын жумайды.
Ел қыдырып іңірден,
Кісінің үйін тыңдайды,
Шақырсаң үйде тұрмайды,
«Көргені жаман екен»—деп,
Есіткен ауыл шулайды.
Жақсы болар келіншек, Ондайларды қылмайды. Осынша айтқан ақылды
Демегейсің, келіншек,
Қайнаға—ақын, тақылдап
Мұнша неге жырлайды...
Ал бітірдім жырымды,
Айтып болдым сырымды!
Төрде отырған бабалар,
Қара сақал ағалар,
Жапсардағы аналар—
Жамағатқа бір сәлем! Үлкен болғай дәулетің,
Әлемде асқан сәулетің, Ықпалың жүрген шағында,
Таңдап қонған нәубетің.
Бектікпенен ағарды
Қара сақал қауметің! Өзі теңдес адамнан
Мырзалығын асырған.
Көрген жан қолын қусырып,
Сәлем беріп бас ұрған.
Жақсылығын жайылтып,
 Жамандығын қашырған,
Жақсы кісі атанған
Мырзекеңе бір сәлем!
Тай-құнанын мақтаған,
Шөбі көп жерді жақтаған,
Сексен сомға бір атын
«Сат!» десе де сатпаған,
Жазы, қысы өмірі
Жайлы жерге жатпаған,
«Көрімдік бер» деп айтар деп,
Жан-жағына бақпаған—
Сараң байға бір сәлем!
Бедеу атқа жем берген,
Тылдадан дабыл өңгерген,
Нан тілесе, май берген,
Бай кісі мен байғұсты
Бәрін бірдей тең көрген.
Шөлдеп келген кәріпке
Бал, қант қосып шай берген
Жомарт байға бір сәлем!
Таз үлкені Құлшықпай,
Кейбір таздың бастары
От шықпаған құмшықтай.
Жүсіп таздың бастарын
Төрт-бес құрт келіп шымшыпты-ай!
Таздың аты—Батырбай,
Кей таздардың бастары
Шөп шықпаған тақырдай,
Түгел тазға бір сәлем!
Даладан отын тасыған,
Орақпен бұтын қасыған,
Насыбай атып түкіріп,
Аузы боқтай сасыған,
Көмекейі ашыған,
Отырып көрмей еш рақат,
Ертеңді-кеш жүгіріп,
Бейнет көріп жасыған,
 Бетінің нұрын қашырған.
Қапыл қалған ақылдан,
Бұрынғы өткен нақылдан,
Дүниеқорға бір сәлем!
Арғымақ мініп жемдеген,
Пайдасы жоққа ермеген.
Өз айтқаны болмаса,
Бөтенге тіпті сенбеген.
Мың рет өтірік айтса да,
Жалғыз сөзден өлмеген.
Халайық «жаман» десе де,
«Өзімдікі жөн!» деген.
«Пайда ал»,—десе,—үш тиын,
Сом бермесе көнбеген,
Бақылдыққа бір сәлем!
Сықпа кетпес өреден,
Ата-енеңнің салты сол,
Сен де бол, қарғам, береген.
Сиыр берсін қарадан,
Қатығы кетпес шарадан.
Төс алдыңа келгенде,
Төстігін бөлек кесіп ал.
«Бет ашқан құрбым қайда?»—деп,
Сонда мені есіңе ал!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу