Өлеңдер ✍️

ТАҒДЫР СЫЙЫ
Кездер көп кейде өзімді түсінбейтін,
Тағдыр ма екен адасып жүрсін дейтін.
Ауыртпалық жүрекке түскендей ме?
Бұрын бұлай жүрегім күрсінбейтін.
Күрсінбейтін, кезде де жазалаған,
Уақыт емші, жүректі тазалаған.
Ұмыт болған уақытпен нəзік сезім,
Қайта оралып жүректі мазалаған.
Мазалаған, ғайыптан пайда болған,
Уайымдатып, түбі жоқ ойға салған.
Екі қайық ортасында қалғандаймын,
Кешіккен, ерте келсе қайда қалған.
Қайда қалған, болды ма шын жырақта?
Жауап таппай іштегі мың сұраққа.
Шешімі жоқ уайымға салып қойып,
Əлде мені бұл тағдыр сынамақ па?
Сынамақ па?
Шешімін таба ма деп,
Таба алмаса дұшпанға табала деп.
Көп көргенмін тағдырдың тауқыметін,
Қинамақшы жанымды тағы да кеп.
Тағы да кеп, мезгілсіз сезім сыйлап,
Өмірімнің алаңсыз кезін тыймақ.
Гауһар, алтын біреуін таста дейді,
Қалай ғана тастауға көзім қимақ.
Еркін Оралбайұлы 16/01/2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇