Өлеңдер ✍️
ЕРТЕГІ ҒҰМЫР
ЕРТЕГІ ҒҰМЫР
Көз алдым толды сұраққа,
Көп арман көшті көбіктей.
Қозы-лақ қуып қыратта.
Балалық қалды еліктей.
Ертегі ермек ғұмырым,
Желкенін жайған жақсы үміт.
Көктемдей бүршік көңілмен,
Күтіп ем сенен жақсылық.
Күдігім де бар көп күнге,
Жанымның дерті асқынған.
Ерназар әке жоқ кімде,
Жаны үшін жауға тапсырған.
Қайдасың, қайда, бал-мұңым,
Кесесін жанның шайқаған.
Жалмауыз кемпір тағдырым,
Есейгенімді байқаған.
Ойламас бастың пайдасын,
Кінәсіз аңқау шақтарым.
Асырса кімдер айласын,
Басқамын соның қақпанын.
Жеті қат жердің мәңгілік,
Астына кете жаздаған.
Ертөстікпін бе, деп қалам,
Жалмауыз кемпір арбаған.
Көргеннің бәрі пырақ дер,
Таңдайын қағып тамсана.
Шалқұйрық сынды бір ат бер,
Сыйлар ем бақыт баршаға.
Жалмауыз ойла, мың айла,
Тоса алмас енді мұнар күн.
Ертөстіктей ақыры,
Жер бетіне бір шығармын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter