24.09.2024
  414


Қасқыр неге көкке қарап ұлиды? ертегісі

Бірде жалғыз жортқан қасқыр байқаусызда адамдар құрған торға түсіп қалды. Сойдақ тістерімен қанша шайнаса да жіп-жіңішке тор жібін қия алмады. Түс ауа бір топ аттылы кеп торды сүйреп әкетті.
Қап-қараңғы жерде екі күн жатқан қасқырды сыртқа бүгін алып шықты. Екіаяқтылар жіп торды темір торға ауыстырды. Алғашында жарықтан көзін аша алмай біраз әуреленген жыртқыш айналасына бағдарлай қараған сәтте, өте аң-таң қалды. Жағалай қойылған темір торға аң патшасы арыстаннан бастап, барлық аңдар қамалыпты.
Сол-ақ екен бұған қыр көрсеткендей бір адам кеп, арыстанды қолындағы жіңішке шеңбер сымның ортасынан өткізіп секірте бастады. Адамға әбден мойынсұнған арыстанның лып етіп кіп-кішкентай шеңберден оп-оңай өтіп, әрі-бері секіргенін көрген қасқыр:
– Аң патшасы, азулы да, ашулы арыстан, адамға қалай бағындың?! Оу, сонда адам аң патшасынан да күшті болғаны ма?! Айлалы деп, өжет деп, патша деп бағынып келген арыстан, қоян секілді қорқақ па едің?!– деп ызалана айқай салды. Темір торды тістелеп қатты аласұрды. Ақыры тынышталып, құйрығын қимылдатып, ызалы дауыспен ырылдап тыным тапқандай болды.
Сол сәт бір адам келіп қасқырдың аяғын қолындағы ұзын темірімен түртті. Қасқыр да арс етіп темірді қауып алмақшы болып еді, торға тұмсығы кептеліп қалды. Енді дыбыс шығармай мұрнын кіржитіп айбат шеге бастады. Қасқырдың әр жерінен бір түрткілеген адам темірді ара-арасында әдейі қатты батыңқыратып та жіберді.
Содан бері қасқыр адамға қатты ызалы. Арада бірнеше күн өткенде темір тордың ішін бірнеше жерден ағаш таяқшалармен бөліп, оның ұшына ет байлап қойды. Етке ұмтылған қасқыр ағаштың үстінен асылып, бірде астынан етбауырлай жата қап жорғалап өтіп, етті жұлып жей бастады.
Қасқырдың бұл қимыл-қозғалысы адамдарды қатты қуантты. “Енді біраз уақыттан соң қасқыр бәрін де бұлжытпай орындайды” деп сенді. Бір апта тұрған ағаштың орнын енді шеңбер сыммен бөлді. Бұл арыстанға қолданған шеңбер сым еді. Қасқыр тым-тырыс жатып алды. Етті де жемеді.
Жыртқыштың бұл әрекетіне таңданған адамдар қалай да қасқырды шеңбер ортасынан өтуге үйреткісі келді. Олар қасқырды тағы да түрткілей бастады. Бұл әрекет бөрінің әбден ызасын келтірді.
Шеңбер ортасынан қасқырды өткізе алмаған адамдар енді оған тамақ беруді тоқтатты. Бұл екі күнге созылды. Ашу мен аштық бойын жайлаған жыртқыш бар ашуын ішіне бүгіп жатып алды.
Үшінші күні қасқырдың таң ертеңнен түс ауғанға дейін қозғалмай жатқанын байқаған адам оны таяқпен түртіп көрді. Қасқыр тырп етер емес. Жыртқыштың айлакерлігін білетін адам таяғын бірнеше жерден батыра нұқыды. Таяқ жанына қанша батса да, қасқыр сыр бермеді. Оның өлгеніне көзі жеткен адам есікті ашып жайбарақат торға енді. Осы кезде арс еткен қасқыр даусы мен сұсты бейнесінен шошынған адам сілейіп тұрып қалды...
* * *
Қасқыр беті ауған жаққа қарай жорта берді...
Іңірде мұрнына бір иіс келді. Мал иісі танауын жыбырлатып барады. Жақын маңда ауыл барын сезді. Ауыл оты көрінгенде қас карайған еді. Ол түннің аууын күтті. Көздегені ауыл шетіндегі саяқ қора.
Апыл-ғұпыл қамыс қораны тісімен қарш-қарш шайнап тесе бастады. Қорадағы қойлар дүр етіп көтерілгендей болды. Ет қызуымен қораның екінші бұрышын тескен қасқыр бір тесіктен жанталаса мұрнын тығып ырылдаса, екінші басынан құйрығын кіргізіп бұлғаңдата бастады. Сайтан секілді тұмсық екінші жерден құйрық боп көрініп, қойлардың “мә” деп маңырауға ғана шамасын келтірген еді.
Қорыққан қойлар бір-бірін таптап бір түнде бес қой бірден өліп қалды. Адамдар аң-таң. Ауылды неше түрлі аңыз аралап кетті. “Қой өлтіретін кесіртке пайда болыпты”,– дейді.
Адамдар арам өлген бес-алты қойды ауыл шетіне апарып бетін кұммен бүркей салды. Қойлар бір аптаға азық болды. Осы уақыт аралығында ауылға қой жегіш “кесіртке” де келмеді. Енді-енді тыныштала берген адамдар бүгін тағы дүрлігіп қалды. Бүл күнгі жемтігі он күнге емін-еркін жететін секілді.
Жалғыз қасқыр жаз бойы осы маңдағы ауылдың түгел мазасын кетірді. Әбден семіріп қор жинап, адамнан мүлдем сескенбейтін болды. Қайта, енді адамдар түнде кезекпен қой күзете бастады.
Қойларды өлтіріп жүрген қасқыр екенін сезген ауыл иттері иелеріне түсіндіре алмады. Оларға қалайда қасқырды ұстап алу керек болды. Кеш бата өте сақ жүретін болды.
Түн ауа ауылға кірген қасқыр бір күзетші итпен кездесіп қалды:
– Ізіңді білдірмейтін қу қасқыр екенсің?– деді салған-нан ит.
– Адам мені қатты зәбірледі. Сол кегімді алып жүрмін!– деді қасқыр.
– Адам – менің ием, мен оған адал қызмет етуім керек. Сондықтан, сені ауылға жібере алмаймын,– деді ит те қалыспай.
Адам – ием деген сөз қасқырдың қытығына тиді.
– Иә, бір кездері мен де арыстанды патша көргем. Сөйтсем, ол адамның қолында түкке тұрмайтын мысық боп қалды. Сен де мен секілді адамды ием деп қателесіп тұрсың. Сенің адамың – менің қолымдағы ұршық. Мен оны шыр айналдырып жүрмін. Сенімен мен іздеген ие ол бөтен сияқты,– деді қасқыр.
Бұл кезде таң бозамықтана түскен еді. Кенет, ауыл жақтан бір күңіренген дауыс естілді. Сай-сүйегіңді сырқыраткан, жан-дүниеңді босатқан сондай бір азалы да, әдемі әуен. Дауыс шыққан жаққа мойын бұрған қасқыр адамның көкке қарап тұрған түрін көріп таң қалды. Дауысты ұйып тыңдап қалған қасқырды ит бас салды. Шаң-шұң төбелесті ауыл адамдары да көрді. Олардың кесіртке деп жүргендері кәдімгі шұбар төс, дәу арлан қасқыр екеніне сол сәт көздері жетті. Бұл хабар ауылдан-ауылға тарап, бәрі қасқырға қарсы шайқасқа дайын отырды.
Сонда ғана адам мен қасқыр арасындағы бітіспес жаулық шын басталып еді.
Түс ауа ауылға қарай құлаған отар дөңге көте-рілгенде қасқыр ту сыртынан тиіп, он-он бес қойды тамақтап үлгерді. Қапталда алаңсыз келе жатқан шопан қой арасында қасқырдың жүргенін білмей де қалды. Аяқ астынан үрке жан-жаққа бытырай қашқан қойларға ие бола алмай: “Айт! Айттап!”– жүргенде қу қасқыр көзіне түспей сайға түсіп кетті. Аңқау қойшының отар соңын-да әр жерде бір теңкейіп қалған өлі қойларды көргенде зәресі ұшты. Қалтырап-дірілдеп, ат үстінде еркін отыра алмай, жүрегі атқақтап, артына алақтап, әйтеуір, қалған қойды ауылға жеткізді.
Қасқыр осы оқиға ұмыт болғанға дейін ауылға бір жоламайда. Керісінше, көрші ауылды шулатып одан әрі кете беретін.
Бір күні көрші ауылдан мынадай әңгіме шықты. “Қой бағып жүрген бақташы анадай жерде ойнақ салып жүрген жалғыз қасқырды көреді. Қасқыр көзге кішкентай секілді көрінеді. Шопан қолындағы сегіз өрім қамшысына сеніп қасқырға тұра шабады. Жақындай бергенде жын ба, сайтан ба қасқыр жоқ боп кетеді. Түсінбей қалған малшыға әлгі қасқыр сопаң етіп тағы бір жерден көрінеді. Қуа жөнелгенде тағы жоқ боп кетеді. Солай қасқыр адамды арбап алысқа апарып тастап, отарды түгел қырып кетіпті” деген әңгіме малмен отырған ауыл-ауылдың үрейін ұшырады.
Араға бірнеше ай салып қасқыр алғашқы ауылға қайта соқты. Бұл кезде қыс түсіп, айнала аппақ қарға оранған еді. Мал – қорада. Шашау шықпайды. Қатты ашыққан қасқыр ауылға тағы да жақындады. Иек астында ауыл оты жарқырайды. Мал иісі мұрынды жарып барады. Көз қарауытып, бас айналып кетті... Кенет! Кенет бір нәрсе жүрегін суырып алғандай болды. Бір алып күш өзін екіге бөліп жібергендей болды... Сарт еткен ащы дауыс құлағын бітеп тастады. Бар екпінімен сырт айналды. Қақпан тізеден жоғары аяғын анадай жерге ұшырып түсірді. Жаны қысылып, аспанға қарап күңірене ұлып жіберді. Сол сәт құлағына өткендегі адамның жан дүниесін идір-ген үні келгендей болды. Ауырсынғаны сәл басыл-ғандай ма-ау! Әлде жан-дүниесінде бір нәрсе тыншыды ма-ау! Ол бір рахат сезімді басынан өткізді. Көктен бір көмек қол созғандай болды. Ол өзін балқытқан үннен айырылып қалғысы келмей ынтыққан үстіне ынтыға тыңдай берді... тәтті сәтті қасына шәуілдеп үріп келген ит сетінетіп жіберді. Дауыс та тына қалды. Артынан дабырлап адамдар да келе жатты. Ол сол сәт адам дауысы деп ойлағаны өз даусы екенін білді. Күңіренген азалы дауыс өз жүрегін қақ айыра шығып жатқанын сонда ғана сезді. Аяғы сынып, өлім мен өмір арасында арпалысып жатса да, өзіне бата алмай шәу-шәу етіп тұрған итке қарап:
– Менің ием көкте! Сенің адамыңның да иесі сонда секілді!– деді. Ит жауап қатып үлгермеді, адамдар келіп қалды. Сол сәт ауыр соққы қақ маңдайға тиіп, қақыратып өтті. Қасқыр сылқ түсті... “Адамдар ақылға шорқақ. Бұл дүниедегі барлық тіршілік иесін өзіне қара күшпен бағындырғысы келеді. Бұл – оның ең әлсіз тұсы. Ақыл иесі, Ол мейірімді, оның шапағатынан тек шуақ шашып тұрады. Ол ештеңені зорлықпен істемейді. Яғни, адамнан да құдіретті біреу бар... адамның көкке қарап бірдеңе тілегенін көргенмін...”
Қасқыр соңғы рет көзін әлсіз ашып көкке қарады, таңғы жұлдыздар әр жерде бір жарқырайды. Бірте-бірте жұлдыздар сейіліп, көгілдір аспанға жұтылып кете барды...
* * *
Содан бері қасқыр атаулы қиналғанда көкке қарап ұлитын болды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу