Өлеңдер ✍️

  07.09.2024
  242


Автор: Жібек Ысқақова

Қалатыны сыйластық деп түйген ем

Өмір деген өте шығар қас қағым,
Ашық етіп, бірде бұлт қып аспанын.
Ынтымақ пен бірлік болсын шынайы,
Жаздай жайнап тұрсын десең жас жаның...

Ашу дұшпан, өкпе, реніш бәрі де,
Кері әсерін тигізеді сәніңе.
Зіл батпандай тасты арқалап жүрерсің,
Көңіл толмай тіршіліктің бәріне...

Дөрекілік, ұрыс, жанжал таласу,
Бір-біріңе бергеніңді санасу.
Жеткізбейді биік таудың шыңына,
Жағымпаз боп, мақтауменен жанасу.

Жасап жатыр табиғатым дүрбелең,
Ойлай қалсам біртүрлі боп, күйге енем.
Бүгін бармыз, ертең жоқпыз, сондықтан,
Қалатыны сыйластық деп түйген ем!

Сезінейік өмірдің біз рахатын,
Шүкір айтып әрбір таңға ататын.
Ризалықпен бірге өмір сүрейік,
Сөздер айтпай жанымызға бататын!

Бір ортада көңіліміз жарасып,
Сыйласайық, күйімізге қарасып.
Бас қосайық ең бақытты жандар боп,
Кездескенде татулықпен тарасып...

Жібек Искакова




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу