Өлеңдер ✍️

  07.09.2024
  55


Автор: Жібек Ысқақова

Арман өмір

Әр адамның ойында бар  арманы,
Армандаумен атады ақ таңдары.
Біреуге арман болса мықты денсаулық,
Ал біреуге саяхатқа барғаны...

Енді бірі армандайды байлықты,
Әр ай сайын екі есе көп айлықты.
Біреулер  жүр жарыстарға бәс тігіп,
Жеңер екен,  деген оймен,  қай мықты. 

Жетімдер жүр ата-анасын көрсем деп,
Құшағына еркелеп мен енсем деп.
Жесірлер жүр, жалғыз басты аналар,
Баласына бар жақсыны берсем деп...

Қарттарымыз жабырқаулы күйде жүр,
Сыйдыратын орын болмай үйде бұл.
Қараттар үйі мекеніне айналған,
Жаны ауырып басындағы күйге бұл. 

Бауырмалдық арман болып барады,
Өкпе, реніш араға от жағады. 
Сыйластық пен бірлік қалып тасада,
Дөрекілік  біздерге жол табады. 

Ақша үшін сатқын жандар  көбейді,
Өксік кернеп, тұншықтырып  көмейді.
Адал достық айналып құр арманға,
Амал достық қанат жайып, кеңейді. 

Ойламайын десем ойлай беремін,
Армандаумен қадам басып келемін.
Бағдаршамдай өзгеретін өмір-ай,
Бәрібірде сені жақсы көремін! 

Жібек Искакова




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу