Эсселер ✍️

  16.08.2024
  53


Баланы мектепке дайындаудағы отбасының рөлі

Акишева Назерке Мырзагелдықызы


Ақмола облысы


Целиноград ауданы


Қоянды ауылы №1 жалпы орта білім беретін мектебі


 


Бүгінгі күні баланың мектепке дайындығы  өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазақстан Республикасының  «Білім туралы» заңына өзгерістер енгізіліп, балаларды 1 сыныпқа алты жастан қабылдауға қатысты норманың күшіне енуіне байланысты бұл мәселенің өзектілігі балалардың мектепке дейінгі білімнен мектепте жүйелі оқуға көшу кезеңінде байқалады[1].


Баланы мектепке дайындау бұл  тұтас бір құрылым болып саналады. Ең алдымен мектепке баратын баланың денсаулығы, физикалық дамуы, сана-сезімі, физиологиялық, әлеуметтік және психологиялық -педагогикалықдайындығы, барлық жеке тұлғалық жағдайының ескерілуі қажет. Баланың психологиялық дамуына әлеуметтік және биологиялық факторлар да әсер етеді, сондықтан мектепке дайындау кезінде жай ғана ойлау, зейін, есте сақтау қабілетін дамыту жеткіліксіз. Болашақ оқушының айналасындағылармен қарым-қатынасының бұзылуы, келіспеушілік, оқшаулануы – оның қоршаған ортаға, ұжымға бейімделе алмауының белгісі екенін білдіреді. Мұндай балада болашақта эмоциялық тұлғалық мәселелер болуы мүмкін. Баланың қаншалықты эмоциялық дамуы жоғары болса соншалықты үйлесімді дамиды.


Балаларды мектепке дайындау - бұл баланың өмірінің барлық салаларын қамтитын көп қырлы міндет. Балаларды мектепке даярлау оларда белгілі бір білім, білік және дағдыларды қалыптастырумен ғана шектелмейді, өйткені мектеп жасына дейінгі балалар бойына сіңірген барлық білімдері, әдетте, олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді.


Мектепке баратын баланың белгілі бір танымдық қызығушылығы, әлеуметтік позициясын өзгертуге дайындығы, оқуға деген құштарлығы болуы керек. Бұл қасиеттердің жиынтығы  мектепте оқуға дайындықты құрайды.


Қазақстан Республикасының «Білім туралы » Заңында білім беру жүйесінің негізгі міндеті-баланың даралығын дамыту, тәрбиелеу және оқыту үшін жағдайлар жасау арқылы интеллектісін дамыту, бала тұлғасының рухани және дене мүмкіндіктерін ашу екендігін ерекшелейді [2.] Сондықтан да оқушылардың даму ерекшеліктерін жетік танып білуіміз қажет. Баласы 1 сыныпқа аяқ басып, оқушы атанар уақыт жақындаған кезде кез-келген  ата-ананың мазасы кетіп, қобалжи бастайды, баламыз не біліп, не істей алады деген сұрақтар мазалайды.


Балабақшада  бала санауды, ойлауды, есте сақтауды, зейін аударуды үйренеді. Баланы мектепке дайындауда отбасы,  ата-ана негізгі рөл атқарады. Бұл жерде аса тым күш салып жібермеу қажет. Кейбір ата-аналар балаларын сәби кезден-ақ жақсы оқитын, білгір жасағысы келеді. Ақырында бала зардап шегеді.


Мектепке дайындыққа не жатады? Мектепке дайындалған бала көп білім мен үйреншікті қабілеттерге ие болып, оларды қолдана білуі керек.


Ең алдымен бала физикалық дайын болу керек. Ол ушін денсаулығы мықты болып, мектеп бағдарламасын  өтеуге  лайық болу керек. Ал балада кейбір психикалық ауытқулар сезіліп, көрінсе, денсаулығында өзгерістер, кемшіліктер байқалса,  ата-ана мұны мойындап баланы арнайы түзетуге арналған коррекциялық мектепке беруі керек. Физикалық дайындыққа баланың қозғалыс жүрісі мен саусақ қозғалысы жатады. Бала қай қолда, қалай қалам ұстау керектігін білуін керек. Негізгі гимнастикалық ережелерді ұстану керек: үстел басында дұрыс отыруы, жаттығулар мен тапсырмаларды түсініп, шапшаң орындай алуы және т.б.


Екіншіден, баланың психикалық дайындығы. Бала бірінші сыныпта өзі мектептің ішінде, белгілі кеңістікте жүре алуы, сонымен қатар үйден шығып дүкенге баруы керек. Баланың жаңа білім алуға талпынысының жоғары болуы.  Берілетін білім баланың  есте сақтау, ойлау қабілетіне сәйкес болуы қажет. Жеке тұлға дайындығы өзімен қатар жасты балалармен араласа алуынан, басқаларды бағалап, қиын жағдайлардан шығуынан көрінеді.Үлкенді тыңдап, жақсы мен жаманды айыра алуды есте сақтау керек.


Мұғалімнің қойған міндеттерін қабылдап, зейін қойып тыңдап, түсінбеген жерлерін сұрау керек. Баланың мектепке дейінгі эмоциалды-ерік дайындығы дегеніміз:



  • мектепке не үшін баратынын, оқуға деген қызығушылығы болуы шарт;
  • бала ұнамсыз мінез-құлық, үйдегі еркеліктен арылуы керек;
  • бір орында отыру, берілген уақыт бойы зейін қойып тыңдап, тапсырмаларды  орындап, ешқайда көңіл бөлмеу.

Отбасы мектеп жасына дейінгі бала үшін оның өмірін қоғамдық ортамен байланыстыратын негізгі және бірінші буын. Отбасындағы дәстүрлер, оның ішінде ұлттық тәрбие ондағы болашақ мектеп оқушысының баланың орны, отбасы мүшелерінің оған қатысты тәрбиесі осыған барлығы тәуелді. Көбінесе баланың мектептегі сәтсіздіктері, олардың ұжымға енуі, оқығысы келмеуі немесе оқи алмауы ата-аналардың қателіктерінің нәтижесі болып табылады. Ата-аналар бастысы баланың материалдық қамтамасыз етілуіне басты назар аудара отырып, оның кітап оқуға деген қызығушылығының қалыптасуына, баланың сөйлеуінің дамуына, еңбекке, еңбекті сүюге психологиялық дайындығына аса мән бермейді. Осының нәтижесінде балада білімге деген жағымсыз қатынас қалыптасады. Мектепте оқуға табысты бейімделудің шарты баланың физикалық және атқарымдық даму деңгейі, оның денсаулық жағдайы болып табылады. Әлсіз бала тез шаршайды, оның жұмыс істеу қабілеті төмендейді де оқу жүктемесі ол үшін қиын болып көрінеді. Балаларды мектепке даярлауда олардың күн тәртібіне ерекше назар аудару қажет. Егер сіз балаңыздың қатты шаршағанын, кешке қарай сылбырлық танытып немесе жүйкесі жұқарып, көңіл күйі болмай тұрғанын сезетін болсаңыз оның күн тәртібін дұрыс ұйымдастырсаңыз алдында балаңыздың бойынан байқаған жағымсыз белгілердің ғайып болғанын аңғаратын боласыз.


Мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналары бірінші кезекте келесілерге назар аудару тиіс:


1.Баланың жалпы физикалық дамуы: қалыпты салмағы, бойы, кеуде көлемі, бұлшық ет тонусы, тепе-теңдігі, денесі және басқа да 6 жастағы ер балалар мен қыздардың дене дамуының орташа нормаларына сәйкес келетін өзге де көрсеткіштер. Көру, есту, моторика жағдайына (әсіресе қол мен саусақтардың ұсақ қимылдарының қалыптасуы) ерекше назар аудару қажет. Тиісінше баланың жүйке жүйесінің жағдайы да анықталуы тиіс: оның мінез-құлқы және тепетеңдік дәрежесі, күші мен қимылы. Жүйке қызметінің бұзылуы, ең алдымен баланың денсаулығына сондай-ақ тез шаршауына әсер етеді,



  1. Айналасындағылармен қарым-қатынас жасай білу және қарымқатынасты ұйымдастыра білу. Балалар құрдастарымен бірге әрекет етуге және өмірге дайын болуы керек: басқаларды тыңдай білуге және сөзді бөлмеуге, қиын сәтте достарына көмектесуге, өзгелердің пікірлерін тыңдай отырып, егер ол белгіленген тәртіп ережелері мен нормаларына сәйкес келсе, өз құқықтарын қорғай білуі тиіс. Отбасында қалыптасқан адамгершілік мінез-құлық әдеттері, гигиеналық, мәдени және оқу дағдылары алты жасар балаға оның өмірінің жаңа кезеңіне «күйзеліссіз» көшуге мүмкіндік береді.
  2. Ой-өрісін кеңейтуге көңіл бөлінеді. Негізінен бұл сезімтал тәжірибе, көріністер, кейбір қарапайым ұғымдар («өсімдіктер», «жануарлар», «маусымдық құбылыстар», «уақыт», «саны») және жалпы сипаттағы бірқатар мәліметтер (адамдардың еңбегі туралы, туған елі туралы, мерекелер, сенімі, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар туралы). Білім аясына кеңістік («қашықтықтық», «бағыт», «форма» және «шамасы», олардың кеңістіктегі жағдайы) пен уақыты, оның өлшем бірліктері туралы («сағат», «минут», «апта», «ай», «жыл») белгілі түсініктер кіреді. Алты жасар баланың ой-өрісі сан, сан қатары, жиын, тепе-теңдік және теңсіздік және т. б. туралы қарапайым ұғымдарды қамтиды.
  3. Балаларды мектепке дайындау жоспарында балалардың кейбір дағдыларды, біліктерді және мінез-құлықтың маңызды әдеттері мен дағдыларын: тұрмыстық, өзіне-өзі қызмет көрсету, гигиеналық, мәдени дағдыларды меңгеруіне үлкен мән беріледі. Отбасында мектеп жасына дейінгі ересек балалардың арасында бірінші орында өзіне-өзі қызмет көрсету, екінші орында ойыншықтар мен үйжайларды жинау болып табылады. Балалар өз бетінше, ескертусіз: аяқ киімдерді мұқият сүртуге, сыртқы киімдерді шешіп, оны шкафқа ілуге, төсектерге жапқышты төсеуге, ойыншықтарды дұрыс қалдыруға, шашын тарауға және сыртқы кейпіне назар аударуына қол жеткізу қажет. Үстелдегі тәртіп мәдениетіне ерекше көңіл бөлу: тік отыру, барлық ас үй құралдарды пайдалану, шусыз тамақтану, тамақтану кезінде сөйлеспеу және асықпау. Үй жағдайында жалпы үстел басында өзіне ерекше назар аударуды талап етпеуге, айқайламау, ересектердің сөзін бөлмеуге үйрету керек. Баланың мектепке дайындығының маңызды көрсеткіші олардың байланыстырып, грамматикалық және фонетикалық дұрыс сөйлеуі болып табылады: өзіне тікелей арналған сөзді ғана түсініп қана қоймай, өз ойпікірлерін білдіру үшін өз бетінше сөйлем құрастыра білуі керек. Сонымен қатар сөздерді тыңдау және айту қабілеті, дыбыстарды сөздерден ажырата алу, ұқсас сөз тіркестерін есту арқылы ажырата білуге үйрету қарастырылады.

Қазіргі уақытта балаларды тәрбиелеуде ата-аналар көптеген проблемаларға кезігеді.  Психолог Е. Филоненко мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ата-аналардың жіберетін 5 негізгі қателерін бөліп көрсетті. Бұл қателіктер  қазіргі кезде көп жіберілетін жалпы қателер болып табылады[3].


 1 қателік – баланы гаджеттерге тәуелді ету. Баланы телефонның көмегімен тыныштандыру ата-аналарға оңай болып келеді, себебі бала телефонға қызығып, ештеңеге алаңдамайды, сұрақтар қойып ешкімді мазаламайды, үлкендердің әңгімесіне араласпайды. Ересек балалар электрондық құрылғыға тәуелді болып қалатындықтан, олардан алып қою қиындық келтіреді. Ата-аналардың өздері оларға үлгі көрсетеді, яғни бос уақытта олардың қолдарынан да телефон немесе планшеттері түспейді. Баланың ойлауы әлі қалыптаспағандықтан, оны тыныштандыру үшін телефонды пайдалану үлкен қателік. Баладан телефонды қоюды талап еткенде ол ашуланып, озбырлық танытады.


2 қателік - «баланы ерте дамыту». Қазіргі кезде ата-аналар баланы дұрыс сөйлеуге үйретуден бұрын оқуға үйретуге тырысады. Көптеген атааналар баламен көбірек сөйлесуге, қоршаған ортамен таныстыруға салғырт қарайды, олар бала қоршаған ортаны өздігінен таниды деп ойлайды. Бірақ, күнделікті тұрмыста іс-әрекет барысында балаларды дамыту қажет. Мысалы, түскі ас дайындап жатсаңыз, баланыздан сәбіздің түсін, қанша кесек сәбіз кескеңізді, сәбіз бен орамжапырақтың айырмашылығын, көкөністер мен жемістердің түсін, пішінін сұрауыңызға болады. Өзіңіз тұратын үй, ауладағы көрші үй неше қабаттан тұратынын санауды ұсынуға болады. Мектеп жасына дейінгі балаға аяқ киімінің бауын байлау, күртешесінің түймесін салу қиындық келтіреді. Ерте дамыту – бұл қарапайым дағдыларға үйрету. Ата-аналарға баламен сөйлесіп, әңгіме, ертегі айтып бергеннен гөрі, кітап сатып әперіп, өзін отырғызып қою оңай болып келеді. Аналары әрдайым асығып жүреді, сол себепті баланың киімінің түймесін өздері салып, баусыз аяқ киім сатып алуға тырысады.  Алайда, баланың табиғи дамуы зардап шегеді, бірдеңе жасауға деген ұмтылысы жойылады, сондықтан оны күштеп мәжбүрлеуге болмайды, оның әлемді тануына мүмкіндік беру қажет.


3 қателік – балалар әлеуметінен алыстату. Кейбір ата-аналар баласы балабақшада уақытты босқа өткізеді, яғни ештеңемен айналыспайды немесе жиі ауырады деп ойлайды. Осыған байланысты балаларын түрлі үйірмелерге беруді дұрыс деп санайды. Бірақ, баланы балабақшадан алшақтату – бұл келешекте оның ұжымға бейімделе алмауына және құрдастарымен қарым-қатынас жасауда қиыншылықтарға тап болуына әкеп соғуы мүмкін. Мектепке дейінгі ұйымда балалардың қызығушылықтары бірдей, олар бір-бірімен тең дәрежеде – жанында атааналары болмағандықтан өздері тіл табысуға ұмтылады.


4 қателік – күтпеген жағдайдың орын алуы. Кейде ата-аналар баласының қандай болуы керек екенін елестете алмайды. Мұндай қарамақайшылық орта жастағы ата-аналарда немесе егер олар отбасында жалғыз бала болса немесе отбасының кенжесі болған жағдайда туындайды. Атаанасына бұл бала басқа балаларынан ерекше болып көрінеді, оған жоғары талаптар қоя бастайды, ал балада мен бәрін дұрыс жасап жатқан жоқпын деген ой қалыптасады. Әкелер жиі ұлдарын басқа балалармен салыстырады, оларға ұлдары белгілі бір критерийлерге (әлсіз, әлжуаз, сенімсіз және т.б.) сәйкес келмейтіндей болып көрінеді, оларға шағымдарын айтады, ренжітетін балалардың барлығын ұруға кеңес береді, осындай жағдайда бала қарама-қайшылыққа тап болады. Мектеп жасына дейінгі баланы ересектермен диалогқа қатысуға ынталандыру қажет. Егер ата-аналар баласына күмән келтіретін болса, психологке, тәжірибелі педагогке, тәжірибелі анаға жүгінуіне болады.


5 қателік – баланы еңбек әрекетінен шектеу. Ата-аналар үйде баланы қауіпсіз жағдайлардан қорғау үшін бір іспен айналысуына рұқсат етпейді, бірақ баланың қимыл жасап, қоршаған ортаны тануы қажет. Балаларға шамасы келетін жұмыспен айналысуына мүмкіндік беріп, өзіне деген сенімділігін қалыптастыру, еңбек сүйгіштікке баулу маңызды, нәтижесінде баланың өзіне-өзі баға беруі артады. Ата-аналар баламен қарым-қатынас жасауға көп көңіл бөліп, олармен дүкенге, ойын – сауық орталықтарына бару, саябақта серуендеу, кітап оқу, үйді бірлесіп тазалауды ұйымдастыру қажет.


Баланы отбасында тәрбеилеу – күрделі әлеуметтік-педагогикалық процесс. Ол бала тұлғасының қалыптасуында отбасының барлық ахуалы мен микроклиматының әсерін білдіреді. Баланы мектепке даярлауда отбасы маңызды рөл атқарады. Осы ауқымды және жауапкершілікті жұмысты отбасынан бөлек атқаруға болмайды, себебі ата-аналар бала туылғаннан бастап өмір бойы өз баласының алғашқы және басты тәрбиешілері. Ата-ананың міндеті – баланың өмірінде кездесетін барлық жайттарға қызығушылық таныту, оны жақсы көретіні туралы сендіру және оған қамқор болу.


Баланы мектепке даярлауда бастысы жағымды көзқарасты қалыптастыру керек. Балаға мектепте «қиындық болады, тыңдамасаң бұрышқа тұрғызып қояды, ұрсады» деп айтуға болмайды. Керісінше «мектепте қызық болады, онда жаңа достарың көп болады, онда ол көп нәрсені үйретеді» деп, түсіндіріп баланы қызықтырған жөн. Балалрдың сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда ата-ананың өзін баланың алдында ұстауы үлкен рөл атқарады. Бала үшін ата-ана көркем, мәдени сөйлеудің болып табылады, себебі бала тыңдап, біреуге еліктеп сөйлеуге үйренеді. Нәтижесінде бала дұрыс сөйлеуге және қоғамда әлеуметенуге үйренеді. Белгілі балалар психологы


Сөзімді Л.А. Венгердің мына сөзімен аяқтағым келіп отыр: «Мектепке дайын болу – міндетті түрде оқу, жазу, санау емес. Мектепке дайын болу – осының барлығына үйрену»[3].


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:



  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы
  2. Филоненко Е. Н., 2017 «Большая книга родителей будущих первоклассников», ООО «Издательство АСТ», 2018
  3. Венгер Л. А., Марцинковская Т. Д., Венгер А. Л. В., «Готов ли ваш ребенок к школе» — М.: Знание, 1994. — 192с.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу