06.08.2024
  117


Автор: Болатбек Төлепберген

«Жас қазақ» ұйымы ұлтының жігерін жаныды

 


 


Жетпісінші жылдары Алматы қаласында жастардың жасырын «Жас қазақ» ұйымы жұмысын мақсатты түрде жүргізе бастады. 1972 жылдан бастап Қазақ елі өз алдына дербес әрі саяси тәуелсіз мемлекет болуы қажет екенін азаматтар санасына сіңіру бағытында мақалалар жазып, үнпарақтар таратуды қолға алады. Тек сол кездегі одаққа қарайтын Қазақстан ғана емес, басқа да елдердің өз егемендігін алуы қажеттігін қалаған әрі алға қойған мақсаттарына толыққанды жетуі үшін олармен де байланыс орнатуға тырысады.


Осы тұрғыда 1973 жылы коммунистік билік жүйесін халықпен санасатындай ету үшiн және де халықтың тұрмысын жақсарту үшiн әрбiр республикада қатарына демократияшыл азаматтар кіретін «бақылау комитеттерiн» құруға шақырады. «Жас қазақ» ұйымы аталған комитеттердің міндеттерін төмендегіше белгілейді:


Азаматтардың праволарын конституция бойынша қорғау. Соғыс бюджетiн азайттыру.


Ұлттық   кемсiтушiлiкке,   орыстандыруға   тыйым   салу.   Оқу орындарын, мекемелердi мүмкiндiгiнше ұлттық тiлде жүргiздiру.


Халықтың еңбегiн дұрыс бағалап, жалақысын дұрыс төлеттiру. Заттарға дұрыс баға қойылуын және қымбаттамауын қадағалау. Қазақстанда өндiрiлетiн заттарды өз халқымыздан артылған


жағдайда ғана экспортқа шығару керек.


Табиғатты қорғау: мөлшерден тыс жер жыртуды тоқтату, мал жайылымын көбейту. Химикаттармен, орыс қаруын сынаумен ауаны уландыруға тыйым салу.


Байқағанымыздай ұлттық мәселелермен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты жайттарды шешу жолдары талап етілген. Мұнымен қатар «Бақылау комитетiнiң» маңызын халыққа түсiндiру үшiн және комитеттi әдiлетсiз үкiметтiң таратып, жазалуынан қорғау үшiн барлық жерлерде демократияшыл азаматтардың ұйымдарын құру керектігін бастама етіп көтереді. Бұл ұйымдарға азаматтар ант арқылы қабылдану қажеттігін де ескертеді. «Жас қазақ» ұйымы демократиялық ұйымға қабылданатын азаматтарға төмендегіше мiндеттер жүктеуді де ұмытпайды:



  1. Бақылау комитетiнiң мiндеттерi әрбiр ұйымдағы азаматтың да мiндетi болып табылады.

  2. Жаңа заңдармен мiндеттердi дауысқа салып бекiту және өз пiкiрлерiн айту.

  3. Ұйымға жаңа азаматтарды тарту.

  4. Орыс үкiметiнiң шовинистiк, отаршылдық, соғысқұмарлық саясатын әшкерелеп, халыққа түсiндiру.

  5. «Демократияшыл азаматтар ұйымының» қажетi үшiн барлық ұйым мүшелерi айлық жарна төлеуге мiндеттi.



  1. Әрбiр ұйым мүшесiнiң қажеттi әдебиеттерден, тарихи материалдардан және үкiметтiң әдiлетсiз iстерiн әшкерелейтiн лекциялардан құрылған кiтапханасы болуы керек.


«Жас қазақ» ұйымы одақтас елдердегі демократиялық ұйым құруға мүдделі азаматтарға осындай үндеу тастай отырып, тоталитарлық режиммен бірлесіп күресуге шақырады. Әйтпесе түптің түбінде кеңестік қызыл империяда бір ғана ұлт қалып, қалғандары жер бетінен жойылып кету қаупі зор екенін ескертеді.


Ал, елдегі қазақ ұлысына «Жас қазақ» ұйымы «Оян, қазақ! Оян, елім!» деп ұран тастап, бірлікке қана емес, ерлікке шақырды. Өзiн намысы бар азамат деп санайтын ұлтжанды ұландарға: «... Ойланатын уақытың жеттi, бауырлар. Туған жер тоналуда. Ана тiлiмiз, мәдениетiмiз ұмытылуда. Орыс шовинистерiнiң осы саясаты өзгермесе, қазақ ұлтының жер бетiнен жойылар уақыты да алыс емес. Тарихтың бұл тәлкегiнен тек күресу арқылы аман қалуға болады. Отанымыздың тәуелсiздiгiн, Қазақ елiн жойылудан сақтау үшiн бiз, қазақ елiнiң азаматтары, орыс отаршыларына мынадай талаптар қоямыз» - дей келе төмендегі мәселелерді төтесінен қояды:


1.Бiр ұлтқа табындыру, орыстандыру саясаты тоқтатылсын. 2.Орыстарды қазақ жерiне қаптатып қоныстандыру тоқтатылсын. 3. Қазақстандағы барлық оқу орындары, мекемелер ұлттық


тiлiмiзде болсын.



  1. Ядролық қарулар сынап, химикат «тыңайтқыштармен» улап, қазақ жерiн шөлге айналдыру тоқтатылсын.

  2. Қазақ жастарына зорлықпен қой бақтыру тоқтатылсын.

  3. Ұлт азаттығы үшiн күрескен саяси тұтқындар түрмелерден босатылсын.


7.СССР     Конституциясының    125-бабында    айтылған:     сөз бостандығы, баспасөз бостандығы, жиналыс жасау бостандығы, т.б. праволар iске асырылсын.



  1. Шет елдердегi қазақтарға және Түркiстандық басқа да ұлттарға Отанына қайтуға рұқсат берiлсiн. Олар қудаланбасын.

  2. Қазақстаннан тоналып Россияға жөнелтiлетiн барлық заттарға шек қойылсын (мұнайға, етке, астыққа, т.б.).

  3. Орыстар Конституциясындағы «Әрбiр Одақтас Республиканың СССР-ден еркiн бөлiну правосы сақталынады» делiнген 17-бабын естерiнде сақтасын.


Ұлт бостандығы жасасын! Бiз жеңiске сенемiз!»


 


Осындай оптимистік рухта істерін жалғастырған қазақтың бостандық сүйгiш азаматтарының «Жас қазақ» ұйымы 1973 жылы аталған ұран-талаптарын бұхара халықтың арасында үнпарақ ретінде тарата бастайды. Ондағы мақсат жоғарыда айтып кеткендей ел азаматтарын, әсіресе жастарды ойланту мен ояту еді. Бұл жұмыстардың қылышынан қан тамып тұрған сол кездердегі кеңестік жүйе уақытында қаншалықты қатерлі екені айтпаса да түсінікті. Мұндай көзсіз ерлікке сол қызыл империя тұсында бару батылдық қана емес, жүрек жұтқандық еді. Осындай қауіп-қатер жағыдайында болса да, қатарларына қалың жастарды тарту «Жас қазақ» ұйымының басты мақсаты санатындағы негізгі ісі іспетті. Бұл ретте олар ұйымға мүшелікке өтетін өрендер үшін ант қабылдау міндетін жүктеп, төмендегіше мәтінін дайындайды.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу