06.08.2024
  138


Автор: Болатбек Төлепберген

Осы жұрт Махметті біле ме екен?

 


 


Жоғарыда айтып кеткендей жасырын саяси партиялармен қатар жекелеген жас азаматтар да астыртын іс-қимылға көшті. Сондай саяси лидерлердің бірі - Махмет Құлмағамбетов еді. Ол елдегі жүргізіліп жатқан мемлекеттің саясатына өзінің қарсылығын ашық білдірді. Махмет Құлмағамбетов 1962 жылы Қостанайдың Рудный қаласында тұтқындалып, 58-баппен 10 жылға сотталады. Махмет бостандыққа шыққаннан кейін Сібірдің газ тарту құрылысында еңбек етеді, кейін шет елге шығып кетуге мүмкіндік алып, Кеңестер одағының басты жауы Американың «Азаттық» радиосында қызмет етіп, кеңестік коммунистік қоғамды қатты сынға алған материалдар беріп отырды.


Осы ретте айта кетерлігі, сексенінші жылдары кеңестік жүйеге деген наразылығы іште қыз-қыз қайнап жүрген қазақ интеллегенттері ашық күреске бармаса да, өз саласында халыққа қажетті деген істерді тындыруға тырысты. Айталық, жоғары билікте жүрсе де Өзбекәлі Жәнібековтің қазақтың рухани дүниесін түгелдеуде біршама жұмыстар атқарды. Өзінің сенімді әрі озық ойлы әріптестерімен бірге 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімімен жазықсыз отыз жетінші жылдар репрессиясының құрбандары болған ұлтымыздың біртуар арыстары, Алаш қозғалысының көсемдері А. Байтұрсынов, М.Дулатов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев, Ж. Аймауытовтарды алдымен саяси жағынан, кейінірек азаматтық жағынан ақталуларына үлкен ықпал етті. Бұл қылышынан қан тамып тұрған жүйені мойындатып, ұлы тұлғаларды халқының рухани айналымына қайта қосу айтарлықтай жаңалық әрі жанқиярлық еңбектің нәтижесі еді.


Дегенменде қазақ зиялыларының ішінен есімі Хельсинкидегi саяси тұтқындар тiзiмiне кірген екі қазақтың бірі Махмет Құлмағамбетов болса, екіншісі жиырма үш жасында саяси диссидент атанған Хасен Қожа Ахмет.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу