04.08.2024
  38


Автор: Мұхтар Шерім

ШӘЙ ІШІП ОТЫР ЕДІМ…

 


 


Түн. Негр түн. Айнала қап-қараңғы. Биік ағашқа өрмелей шықтым да, қытай қорғанындай биік дуалға секіріп түстім, есекке отырғандай жайғасып, жан-жағыма көздерімді қуалап жібердім.Сосын, ішке қарай өзімді лақтырып жіберіп, доптай домалап, жерге топ ете қалып едім, арсалаңдап, есектей иті кесектей тілін шығарып, ия, иті құрғыр жүгіріп келеді екен. Аулада жарық самаладай, тұра қаштым. Өзі біртүрлі, жүз жасаған шалдың әжім-әжім бетіндей берекелі пошымы бар ит мені басып озды да, дәл алдыма шоқиып отыра кетті. Үрмейді. Соған қарағанда, менен үрейі ұшып, тілі байланып қалды-ау деймін… Кері бұрылып, ат шаптырым ауласы бар үйді айнала қаштым. Ит тағы да мені басып озып, алдыма шоқиып отыра қалды… Не үрмейді, не күлмейді… Қазір бас салса, ішек қарынымды сылп-сылп жұтып жататыны көз алдыма елестеп, «Құдай-ай, байдың үйін тонауға неге келдім екен?!» деп кері бұрыла қаштым. Сарай тұр, соның есігін тартып едім, ашылмады, есіктің астында кішкентай тесік бар екен, содан өтпек болып, басымды сұға қойдым. Сұққанымды қайтейін, басым кептеліп, не ары, не бері өте алмайтынымды ұға қойдым… Енді жетіп те қалған шығар? Қазір құйрығымның жартысын жейді… Жүрегім тоқтап қала жаздады… Алдыма қарасам, иті құрғыр шоқиып отыр… Тілін таза ауаға шығарып! Сөйтсем, сарайдың бергі беті соғылыпты да, арғы беті әлі ашық дала екен!


–Кешіріңіз, бір тойып алайын деп келіп едім…—дедім мен жыламсырап.


–Оқасы жоқ,–дегендей болды ит. Деді ме, солай елестеп кетті ме, ойбайлай басымды суырып алдым да, тұра қаштым. Жүгірген бойы есігі ашық тұрған коттедждің ішіне қойып кетіп, есігін жауып алдым. Есікті тұтқасынан тартып тұрып,      артыма қарасам, тура сондай есектей ит шоқиып отыр! Беті


 


біртүрлі… Адам қорқады… Қай жақтан кіріп кетті екен?   Есікті ашып қалсам, алғашқы көрген итім басын шұлғыды. Бұтын көтеріп, зәр сындырды… Есікті тарс жаба қойдым. Төбе шашым тікірейіп кетті. Шортик киіп шыққан болатынмын, бір кезде, балтырым жылы-ы-ып сала берді. Көз қиығымды салсам, әлгі ит балтырымды жалап жатыр! Тұра қашып, екінші қабатқа шықтым. Ит артымнан қумады. Тентек иттер ме деймін. Екінші қабаттағы холы керемет екен.           Жарықты сөндірмепті. Ортада су бұрқақ, арқардың мүсіні… Керемет енді… Қорыққаным басылайын деді.                                                       Жұп-жұпсақ қоңыр теріден жасалған диванға отыра бергенмін, диван дегенім қозғалып кетті де, мен ұшып тұрдым. Сөйтсем, дә-әу иттің үстіне отыра кетіппін! Терісі қоңыр, аузын кере есінегенде, алтын тістері жарқ-жұрқ ете қалды. Үрген жоқ… Өзімді қайрап, бетімді шапалақтап жібердім де, тез есімді жидым. «Ашбек Жалаңашұлы! Есіңді жи! Сен өміріңде тұңғыш рет миллионердің үйіне ұрлыққа түстің! Алтындарын ал да, тайып тұр!» Аяғымды еппен басып, бір бөлмеге кірдім. Жарықты жағып қалып едім, ойбай! Бір ит шоқиып отыр! Жүрегім зу ете қалды! Осымен, төртінші ит! Пародасы бөлек иттер әйтеуір! Ұрғашы болса керек, құлақтарына алтын сырға тағып қойыпты! Кеудесінде бриллиант моншақ… Мүләйімсіп келіп, аяғыма арқасын үйкеледі. Тапжылмай тұрмын. Көзімді тарс жұмып алдым. «Құдай-ай, қайда тап болдым өзім?» Тұра қаштым. Қашып бара жатып, асханасына кіріп кетіппін… Тоңазытқышын ашып қалсам, ойбо-ой, мұнда не жоқ десеңші! Бәрі бар ғой, бәрі бар! Дереу дастархан жайып жіберіп, терлеп-тепшіп, шәй ішіп отырғанмын. Бірінші қабаттан әлдекімдердің даусын естігендей болдым. Асханадан шығып, келесі бір бөлмеге кірдім де, олардың жатын бөлмесі болса керек, жалпақ диванның астына жата кеттім. Бір кезде ерлі –зайыптылар ішке кіріп, диван үстіне құлай кетісті.


–Күзетшіні қуу керек, қыдырып кетіпті,–деді әйелі.


–Төрт ит тұрғанда, қандай ұры келсін? Ұры келсе қуанар едім!—деді күйеуі. –Неге?


–Абырой ғой!


–Швед иті он мың доллар, ағылшын пародасы сегіз мың доллар, өңшең қымбат иттерді сатып алғанымызды туыстарымыз көре алмайды!


–Үндістаннан сатып алған итімізге құда түскен кәсіпкер Ырылбайды білесің ғой. Бір кафеде құдайы берген боламыз да, ол ішіп отырған қымызға у қосып беруді жоспарлау керек.


–Ия, у беріп өлтірейік. Сол кісі маған жақпайды.


–Мұнайды жасырын жалап, байып отырғанымызды білесің. Оның да мұнай жалағысы келеді екен! Шетелге жасырын уран сатқаны аздай…


Мына сөзді естігенде, еңіреп жыладым. Танымасам да, Ырылбайға жаным ашып кетті.


–Сыңсылап жылаған сен бе?—дер сұрады күйеуі.


–Ия. Шешем марқұм есіме түсіп кетті…—деді әйелі. Менімен қабаттасып жылағаны қандай жақсы болды! Бір кезде күйеуі жатып алып, темекі тарта бастады. Темекіні сорды да, саусағына қыстырған күйі қолын төмен салбыратты. Мұрнымды құрт жеп бара жатқандай, менің де темекі шеккім


 


келім кетті. Саусақтар арасындағы темекіге аузымды тосып, бір-екі сорып үлгердім. Бір кезде қымбат темекіге қатты қызығып кетсем керек, қожайынның қолындағы темекісін емес, саусағын сорып алыппын. Бәсе, түтін шықпайды… Қожайын атып тұрды. Әйелі шыңғыра қашты.


–Әй, сен кімсің?–деп сұрады ол еңкейіп.


–Кешіріңіз, практикант ұры едім…–деп ақталдым мен.


–Танысқаныма қуаныштымын!—деген ол мені төсек астынан суырып алып, бетімнен сүйді. Ұра жөнелетін шығар, немесе атып тастайтын болды –ау деп ішімнен ойлап тұрғанымда, қашып кеткен әйеліне ертіп апарып, мені таныстырды.


–Қатипаш, бұл біздің үйге алғаш түскен құрметті ұрымыз екен. Басына ақ құйып шығарып салуымыз керек…


Мені үйіне кіріп кеткен жылан деп ойлады ма, әйелі басыма бір кесе кефир құя салды…


–Ой, дура, шутит еткенді де прямой түсінесің. Қонаққа тамақ әкел…


Не керек, маған дастархан жайып, құрмет көрсетті. Аң-таң болсам да, тамаққа тыңқиып тойып алдым. «Болды, рахмет…» десем де, үш қайтара тамақ жегізді… Қарныма иненің ұшын сәл тигізсе, тырс етіп жарылардай тойдым! Өмірімде бірінші рет… Қолыма он мың доллар ұстатып, қожайын есік алдына дейін шығарып салды.


–Біздің үй осы, біз жоқта ұрлыққа келіп тұрыңыз,–деп әйелі де жымиды. Жылағым келіп кетті. Не деген мейірімді жандар еді! Қимай қоштастым… Қимай кетіп барамын… Не олар ноқалай, не мен ноқалаймын…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу