22.07.2024
  112


Автор: Ермұханбет Қуандық

Жақсылық – өмірлік ұраным!..

 


 


Шынымды айтсам, осы күнге шейін өз өміріме жақсы не жа-ман деп, немесе «қорытындылау» туралы ойламаппын. «Әлі де өмірге беретін-алатынымыз, көретініміз бар» деп ойлаймын.


Меніңше, адамның өмірден көретін қуанышы бар, қиын-шылығы бар – екеуі тең жүреді. Ол – кез келген адамның басынан өтетін қалыпты нәрсе. Өмірден татқан сол ащы-тұщы тағдырын кім қалай қабылдап, өзін қалай сезінеді? Мәселе, міне, осында болса керек... Өзіме келсем, «басымнан кешкен ыстық-суықты ақыл-санамның жеткенінше теңдей қабылдай білдім» деп ой-лаймын. Морт сынатын да сәттер болып, «арғы жағалауларға» барып-барып қайтқанымды да өзім білем. Бірақ сүрінсем де құлап жатып қалмадым. Тұруға ұмтылдым, тұрдым да. Тұрған-да да қалтырап емес, аяғымнан нық тұра білдім деп ойлаймын. Мен – «өмірдің күрес» екенін кітаптан оқып танығандардан емес, шалшық пен балшықты тізеден кеше жүріп түйсінгендерденмін. Өмірден жеген таяқты ауырсынып опынсам да өкінбедім, әлдекім-дерді кінәлап, әлдебіреулерге кіжініп, кек сақтағам жоқ. Өз-өзімді қамшыланып, қатарға қайта қосылдым. Бейбіт бәсекеге бойым-дағы қабілет-қарымымның барын қостым. Қайбір бәйгеде «атым озып келіп», қалтама «он теңге» түскенде, асқақтап тасынбадым. Қалай болдым, солай қалдым. Біреуден асып, біреуді жекіп, кісіге доқ көрсеткен адам емеспін. Қайта, одан сайын кішірейе түскенді жөн көрдім. Өйткені бәріміз де пендеміз, «алып та, беріп те сынай-тын» біздің ырқымыздан тыс және бізден биік құдірет Иесі бар екеніне мойынсұнамыз... Яғни ненің де жауапкершілігі, сұрауы бо-латынын, адам баласы шыр етіп жарық дүние есігін ашқан замат оның пешенесіне тағдыры жазылатынын. Өлшеніп берілген бұ дү-ниелік, қамшының сабындай қысқа ғұмырдың, бар-жоғы, сүйем-дей ғана сынақ мерзімі екендігін түйсініп, мойындаймыз...


Әлбетте, осы күнге дейінгі жүріп өткен өмір-тағдырыма көңі-лімнің толмайтын, өкінішті тұстары да, «тәубе» дейтін кезеңі де аз емес. Сол өкініштің бір иірімі – ерікті-еріксіз жағдайларға байланысты, балаларымды өз қолымда, өз тәрбиеммен өсіруге мүм-кіндігімнің болмағаны. Үлкенім Жақсылық азды-көпті қасымда болды, ауыл-елді көріп, әке-шешем, бауырларыммен араласты. Ал жарық дүниеге келгенінде шын қуанып, өзім үшін дүниедегі ең ар-дақты абзал жан – әкемнің құрметіне «Керімжан» деп, атасының атына үйлестіріп атаған екінші, кіші ұлыммен кішкентайынан жақын қарым-қатынаста бола алмадым... Әйтсе де, Құдайдың қа-расқаны болар, жасы үлкен нағашылары тарапынан тәлімді тәрбие алып өскен Керімжаным, есейгеннен соң табыссақ та, сондай се-зімтал, қағілездігі өз алдына, сонымен бірге, өте білімді, сауатты азамат болып жетілгендігін көрсетіп, жаныма жұбаныш сыйлады. Әкелік махаббатым екі балама бірдей. Қолымнан келген әкелік парызымды атқарып, екеуін де өзім аяқтандырып, үйлі-жайлы қылдым. Өздері таңдап қосылған сүйікті жарлары – ибалы, ізет-ті келіндеріме де көңілім толады! Олар да, міне, немере сүйгізіп, біздің аталық-әжелік қуанышымызды жыл өткен сайын арттырып келе жатыр. Бұған қалай тәубе, шүкір демеске!..


Аяқты шалыс басқан жерлерім де баршылық. Шалыс бастым дегенде, тек «сүрінген» тұстарымды ғана меңзеп отырған жоқпын. Кейбір мүмкіндіктерді (оны «мүмкіндік» деп айтуға келе ма, жоқ па...) айтпағым, «қызмет жолдарында мен өз мүмкіндіктерімді дұрыс пайдаланбаған адамның бірімін» деп ойлаймын. Лауазым-ды қызметтегі адамдармен көп араластым. Мемлекеттік қызмет-ке жұмысқа шақырғандар да болды. Өзімнің түрлі ішкі ой-пі-кір, көзқарастарымның жетегіне еріп – бас тарттым, бармадым... Шынымды айтсам, оған соншалық өкінішім де жоқ, былайша да еңбек етіп, бұйырғаны болып жатыр. Кейде бүгінгі күні қызметі жоғары, бірақ деңгейі белгілі жігіттердің мемлекеттік тұрғыдан айтқан әңгімелерін естігенде, істеп жатқан тірлігін көргенде, ішің ашиды, әрине. Бірде, белгілі қайраткер кісі шақырып алып, маған: «Ақымақ екенсің, сен көшеде айғайлап сөйлегеннен гөрі, осында қызмет етіп, бір қағазды дұрыс жіберсең, халыққа да, мемлекетке де пайдаң көбірек тиер еді!» дегені бар...


 


Кім біледі, солай болып кеткен күннің өзінде, бәлкім, бүгінгі күнде ірі коррупционер болып отырар ма едім?.. Әлде?!..


Осы тұрғыдан келгенде, өмірде өзіңе қатысты қандай бір тір-ліктің болып, не болмай қалуын да, өз басым, тек жақсылыққа балаймын. Жеңісің де, сүрінуің де.., бәрі де – жақсылыққа! Же-бірейлерден үйренеміз, «Құдайға шүкір, ақшамен алғаныңа» деп жылайды дейді ғой олар, ақша жоғалтқанда. Денсаулығым жақсы, бала-шағам, туған-туысым аман деп... Қалай болғанда да, «болып жатқан барлық істі – жақсылықтың бастауы деп қарап, солай қа-былдау керек» деп білем.


«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» – үлкен тағдырымның дәл табалдырығында тұрғанымда, іңгәлап жарық дүниеге келген тұңғыш ұлымның атын «Жақсылық» қойғанда, сол есімді Құдай аузыма бекер салмаған болса керек дегенді айтқым келеді.


Ендеше, Жақсылық – менің ұраным болып келді, солай қала береді!..


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу