22.07.2024
  139


Автор: Ермұханбет Қуандық

Арман болған бақ құсым

Бүгінгі жұбайым Зурамен бір курста, бір топта оқыдық. Оны, ең алғаш, ҚазМУ-ға оқуға түсіп, студент атанып, ауылшаруашылық жұмысына барғанда көріп-таныстым. Ол кезде солай еді ғой, бі-рінші курстықтарды оқу бастала салысымен, жеміс-жидек, көкө-ніс өнімдерін жинауға, жиын-терімге жіберетін. Сол жылы оқуға жаңа түскен тарихшылардың орыс-қазақ бөлімдерінің барлық сту-денттерін Алматы облысының Қызыл ту деген аулына апарды. Жі-гіттерді бөлек, қыздарды бөлек – бір баракқа орналастырды. Ерте-сі, таңертеңгілік жұмысқа кетіп бара жатсақ, мүсіні талшыбықтай бұратылған бір қызға сыртынан көзім түсті. Адамда «алтыншы сезім» деген болады деп жатады ғой, сол сәтте «Менің болашақ жарым – осы қыз!» деген түйсік санамда жарқ еткендей болды. Әл-әзір атын да білмеймін, бет-жүзін де дұрыстап көргенім жоқ...


Көкөніс егілген үлкен егістік басына жеттік, помидор жи-найды екенбіз. Шаруашылық бригадирі мен алып барған мұғалім: «Пәлен гектарлық осы егістіктің помидорын сұрыптап жинап, бүлдірмей апарып тапсырасыңдар», – деп, қолымызға бір-бір ше-лектен ұстатып, жүйек-жүйекке бөліп, жұмысқа салды. Аздан соң, мен ақырын қиыстап, манағы қыздың маңына келдім. Үш-төрт қыз шелектерін төңкеріп үстіне отырып алып, помидор жеп, бір-біріне лақтырып ойнап отыр. Бәрі ақсаусақ, қаланың, бастықтардың ерке қыздары екені көрініп тұр. Сол жерде танысып, түр-келбетін көріп, «Зура» деген атын білдім. Шымкенттік екенін естігенде, онан сайын ішім жылып қоя берді. Іштей, өзімше бәрін кесіп-пішіп, иемдене бастағандаймын. Есімді білгелі анамның көп сырқаттана-тынын көңілге түйіп өскендіктен болар, «Шіркін, апама бір дәрігер қызды келін етіп түсіріп берсем» деген құпия арманым болатын. Бірақ аяқастынан Зура аруды ұшыратқан сол сәтте, ол ойымның мәні көмескі тартқандай еді.


Осылайша, ойламаған жерден, таныстығымыздың алғашқы күнінен басталып кеткендей болған махаббат «машақаты» оқу басталған соң маздай түсті. Жаспыз, сезімімізді аңдатып, хат жа-замын, өзімше өлең жазамын. Сөйтсем, бұл да облыс деңгейіндегі бір бастықтың отбасынан шыққан қыз екен. Қалада өскен, орыс-шаға жетік... бірақ қазақшаға шорқақ. Менің жан-жүрегіммен «те-біреніп» жазған өлең, хаттарымды «аударып, түсіндіріп берші» деп, құрбысына оқытатын құсайды. Айтып отырмын ғой, өзімше сырттай иемденіп жүргеніммен, қол ұстасып, бірге киноға, театрға бару деген арман ғана. Оның үстіне, бірінші курс болғандықтан, аса көп бос жүріс жоқ, есіл-дертіміз – оқуда! Жақындасудың орайы келмей-ақ қойды.


Бірінші курсты бітірген жылы ССО-ға – құрылыс отрядына барғанымызда, біздің бұлықсыған ерке қыздар барған жоқ. От-рядымызға мединституттың Шынар дейтін қызын дәрігер етіп қосып берді. Қаршығадай жалт-жұлт еткен жігіт кезіміз. Қарап жүрмей, «Апама дәрігер келін болуға қалай екен» деп, Шынардың да «тамырын басып» байқадым. Мен ойлағандай «келін» шықпай-тындай көрінді де, ол ойымнан айныдым.


Екінші курста оқып жүрміз. Алаулаған жастық қызумен көңіл құрғыр әртарапқа алып қашқанымен, Зура қыздың бейнесі жүрек төріне мықтап орнығып алған. Бір топта оқимыз, аудиторияның арт жағына таман жайғасып аламын да, ту сыртынан телміріп қа-раймын да отырамын. Сәл көзден таса бола қалса, жалтақтап іздеп тұрамын. Бірақ бетпе-бет кеп қалғанда, тек, ыржалақтап күлгеннен артыққа бара алмаймын. Қатар жүріп, әңгіме құруға жүрексінем. Сөйтіп, өзіммен-өзім іштей арпалысып жүрген күндердің бірінде, Зура аудиторияға келіп:


 


– Алдағы қысқы демалыста Шымкентке баратындарың бар ма? – деп сұрап қалды. Қысқы сессияны тапсырып біткен соң, ауылға жиналып жүргем.


– Мен барам!.. Не керек еді? – дедім жұлып алғандай. Не айтса да құлшынып, дайын тұрмын ғой.


– Біршама заттарымды беріп жіберсем, үйге апарып бересің бе?..


– Жарайды! Апарайын!.. – деп, алақайлап жіберуге шақ қал-дым. Келесі күні бір сөмке заттарын алып кеттім. Үйлері Шымкент теміржол вокзалының маңында екен. Зура берген адрес бойынша іздеп тауып бардым. Қоңырауын соққан ем, есігін, сіңлісі болу ке-рек, жас қыз ашты. Зура телефон шалып айтып қойған болса керек, «Үйге кіріңіз!..» – деді де, жүгіріп барып мамасына телефон соқты. Ол кісі: «Ешқайда жіберме, қазір келем, кетіп қалмай мені күтсін», – депті. Сосын, жаңағы кішкентай күлегеш қыз қонақ бөлмесіне кіргізді. Әкесі үйінде болмады. Айналама ақырындап көз салсам, мен сияқты ауыл баласы көре қоймаған дүние-жиһаз, еденде жұм-сақ, түкті кілем. Әсіресе, сөрелердегі самсаған кітаптардан көз тұнады!.. Орысша-қазақша әлем әдебиетінің классикасы, Комму-нистік идеяның көсемдері Маркс-Энгельс-Лениннің алтын жа-латқан көптомдықтары!..


Бөлменің ортасында ұзын стол жасалынып қойған. Екі жерге қойылған әсем вазаларда алма, жүзім т.б. көздің жауын алатын же-містер сықап тұр...Үлбіреген таза матамен беті жабылған. Осының бәріне тамсанып қараған сайын «Апырмай, арман болған Зура қыз менің теңім болмады ғой!..» деген өкініш күшейіп, көңілім түсіп бара жатты.


Қолыма әр кітапты бір алып, ашып қараған боп жүргенімде, есік ашылып, анасы келді. Орта бойлы, қыр мұрынды, ақ құба, сымбатты кісі екен. Орысша-қазақша араластырып сөйлейді. Шап-шаң қимылдап, дайын тұрған дастарқанның бетін ашып, шай жа-сады. Мені төрге отырғызып, дәм ұсынды. Ананы-мынаны сұраған боп, әңгімеге тартады. Мынадай үйде, мынадай дастарқан басында әңгіме айту қайда, «иә-жоқпен» қысқа ғана жауап берем. Онсыз да алабұртып, өзімнен-өзім қымсынып отырған ғаріп басыма: «Елің кім? Әке-шешең қайда, кім болып жұмыс істейді?» деген сауалдар ыңғайсыз, ауырлау тиеді. Намыстанатын сияқтымын, қызарақтап, қитығып қалам. Іштей: «Ее, бұлар үшін, менің әкем мен шешем де өздерімен терезесі тең, кемі, облыс деңгейіндегі қызмет жасайтын адамдар болуы керек қой...», – деймін де: «Қазақтың баласымын!» – деп, сырғақсып жауап берем. Ол кісі жылы жымиып күледі. Бірақ дастарқан басынан тұрғанымызша, ек-үш рет қайталап сұрағаны есімде. Мен де сол жауабымнан айнымадым. Бәлкім, ол кісінің ойында, ана ретінде, менің жөнімді білгісі келгеннен өзге бөтен ой болмаған да болар. Есесіне, жарқыраған бөлмедегі жинақылық пен тазалық, сөредегі том-том кітаптардан ескен сән-салтанаттан есім шығып отырған мен бейбақтың көз алдыма, бұл сұрақ қойылған сайын, алыс ауылдағы топырақ көшесі шаңытып жататын, шағын үй-жайымыз, «он баланы қайтсек ел қатарынан кем қылмаймыз» деп, қысы-жазы қара жұмысқа қос-қабат жегіле жүріп те тұрмысын бір түзей алмаған әке-шешемнің қажыңқы жүздері келе береді.


Қалай болғанда да, сол жолғы көрген-сезгенім ішкі жан-дүние-ме үлкен соққы болды-ау. Демалыстан соң, оқу қайта басталғанда, аудиторияда Зураның оңаша қалған сәтін бағып тұрып, сол өкінішті сезінісімді өзімше тұспалдап жеткізіп, қоштасқандай болдым. Ол менің өзіне деген сезімімді, өзін сыртынан «меншіктеніп» жүрге-німді біле ме, білсе, «мақұл көре ме, жоқ па?..» онда шаруам жоқ. Екеуіміздің әулетіміздің әлеуметтік жағдайының сәйкес еместігі жаныма қатты батып кеткен ғой, қайтейін!..


Бір жағынан жастық «жындылықтың» әулекілігі бар, екінші жағынан, Зураны ұмытудың сылтауы бар, сол жылдары ғой, басқа қызға «ұрынып» жүргенім де. Сол жылы күзге қарай Зура да тұр-мысқа шығып кетті...


1989-да қамақтан босап шыққан соң, оқуға қайта қабылдан-бақ болып, әрекеттеніп жүргенмін. Бұрынғы курстастарым маған комсомолдық мінездеме мен «ходатайство» жазғанда, жақын құр-бы-досы, қол қойдырамыз деп, Зураның үйіне алып барды. Бір топ қыз-жігіттер бірге барғанбыз. Есігінің алдына шығып жолықты. Бұрынғы, қылтиған қаланың қызы емес, Зура кең-мол пішілген сары ала гүлді көйлек киген, ана болған. Ортамызға күлімсірей келіп, жылы амандасты. Арамыз екі-үш қадамдай ғана. Жылдар бойғы кеудемде тұншығып, ынтызар қылған бейнесіне көзім-ді суарып, жанарыммен ғана аймалап, ыржиып тұрдым. Тілім жұтылған... Жан-дүниемде аласапыран арпалыс... Мен ғой, талай тауқыметті бастан кешіп, тар қапастан жаңа шықтым. Қайта қа-былданар-қабылданбасым да, осылардай оқу бітіріп, арманыма жетер-жетпесім де белгісіз. Ал бұлар болса, 5-курсты тамамдап, алды диплом жұмыстарын қорғап жатыр... Сол бір санаулы сәттер-де шарқ ұрған сансыз ойлар санамды шабақтап, кеудемде қоздаған шоқ өн бойымды шарпып жатты...


Сол кездесуден соң, бір-бірімізден тағы да көз жазып қалдық. Оқу бітіріп, өз өмірінің ағысымен ол кетті. Соқпағымды шиырлап мен жүрдім.


Олжас Сүлейменовтің тапсыруымен болған Мамашевтың зор азаматтық көмегінің арқасында, Алматыға оралып, оқуымды қай-та жалғастырдым. Оқуды бітірген соң, көңіл орнына түсіп, өмі-рім қалпына келе бастағандай, біршама жеңілдендім. Бір қызығы, тағдырдан тартқан аз-кем тауқыметтің тартуы ма, маған оқу жеңіл берілді. Үзбей кітапханаға барып жүрдім. Қоғамдық жұмыстарға бұрынғыдан да белсенді араласатын болдым. Университетте-гі, факультеттегі жұмыстар өз алдына, отырып келген өзіміздің «желтоқсаншылардың» бас қосуларынан, қозғалыс, партия құру жұмыстарынан қалмай, барлық іс-әрекеттің басы-қасында жүр-дім. Оған, сол, зонада отырғанда заң саласы бойынша өз бетімше оқып, ізденулерімнің, айналадағы күнделікті өмірден көрген-түй-ген, жиып-терген іс-тәжірибелердің көп пайдалы әсер-ықпалы бо-лғаны анық...


Бірақ арқамды аяздай қаритын бір жағдай – үлкендердің ара-ша түсуімен қайта қосылған жарымызбен арамыз қайта шиеле-нісіп, уақыт озған сайын қатты салқындап бара жатты. Баланың тағдырына алаңдағандықтан ғана, ол да, мен де бірге тұруға төзіп жүрдік...


 


Мен кейінгі бірге оқыған курстастарыммен жақын араласып кете алмағам. Алғашқылары менен бұрын бітіріп кетсе де, сон-дағы группалас қыз-жігіттермен хабарласып, кездесіп, араласып тұрдым. Сондай бас қосқан кездерде Зураға: «Әріпбаева, әлі күнге шейін сен менің түсіме кіресің...» – деп, ойын-шыны аралас әзіл-дейтінмін. Ол да, басқалар да күледі де қояды. Көріскен сайын сөй-тіп айтамын да, көзімді ала-алмай, ыржиып қарап отырам. Одан артыққа бара алмаймын... Оның да, менің де балаларымыз өсіп, есейіп келе жатты. Содан: «Зура, екеуіміз қосыла алмай, арманда кеттік. Енді, сенде қыз бар екен, менде ұл бар. Екеуін үйлендіре-йік, құда-құдағи боп араласайық», – деп әзілдеген де кездеріміз болды. Жылдар жылжып өтіп жатты.


2007 жылдың көктемінде, Зура ұялы телефоныма қоңырау шалды.


– Ермұхан, маған жедел қомақты қаржы керек боп қалды, жағ-дайың болса, көмектесуге қалайсың? – дейді. Зура жанымды сұра-са да «мақұл!» деуге әзірмін ғой!..


– Бар! – дедім, – қанша керек? Қазір, екі сағатта жеткізіп бе-рем!– деймін аптығып.


– Екі сағатта емес, кешке дейін тауып берсең жарайды, – дейді ол.


Мен ол кезде коммерцияға кетіп қалғам. Жұмысым дүрілдеп жүріп тұр. Бірнеше үй-жайым, екі дүкенім бар...


Сонымен мәшинеге отырдым да межелеген жерге, ақшаны апарып бердім. Қытайға барып мебель алған екен, сол үй жиһазы мерзімінен ертерек келіп қалыпты. Соның жол өтемінен қысылып тұр екен... Ол кезде өзі де шетелдік компанияда жұмыс істей-ді. Қосымша шет тілін меңгеріп алған... Сол сәтте ақшаны неге алғанында жұмысым жоқ. Өзімнің оның қажетін шығарып, әжеті-не жарағаныма қуанып жүрмін. Сондағы бар ойым – «осыдан соң, жиірек қатынасып, жиірек көрісіп тұруға мүмкіндік туады» деген есеп менікі. «Пәлен уақытта қайтарам» деген, сол уақытында қай-тарды. Бірақ сол «пәлен» уақыт ішінде мен де оған оны-мұны сыл-тауратып, «пәлен» рет телефон соғып тастадым. Бар қуанышым, үлкен олжам сол болды, мен үшін...


 


1997 жылдары Зура Тастақта жұмыс істейтін. Кездейсоқ біліп алғам. Гүл алып, офисіне барам. Өңшең сары роза гүл алып ба-рамын. Сары түс – меніңше, ғашықтардың «қоштасу» гүлі. Сосын, ол гүлді үйіне апармайтынын, сол офисінде қалатынын білдім. Орыс тілділердің ашық сөйлейтін әдетімен, бір күні:


– Сен студенттік кездегі өкінішіңді қайтарып, менімен жақын-дасқың кеп жүр ме? Қайта-қайта гүлмен келесің, – дегені бар емес па?! Оны көргеніме мәз боп жүрген басым, мына сөзінен қорқып кеттім. Оның отбасы, күйеуі бар, балалы екенін білемін. Содан кейін баруымды бірден доғардым. Сөйтіп, қайтадан, ескі курс-тастармен қандай бір жағдайда боп тұратын сирек басқосуларда ғана көріскенімізбен, жақындасып сөйлесе де алмаймыз.


Міне, сөйтіп, арада он жылдай өткенде барып, сұраған ақ-шасын апарып беріп, байланысты қайта жалғағандай болдық. Соған дейін де, сол кезде де қолын ұстауға қорқамын. Болмашы ренжігендей қалып танытып қалса, маған бүкіл аспан төңкері-ліп кететіндей көрінетін... Ақырындап, қатынасымыз жеңілдей бастағандай болған соң, кейде бірге тамақтанатын, қаланың ішін-дегі көрікті жерлерге аз-аздап серуендейтін болдық. Бірақ не оның, не менің отбасыларымыз туралы сөйлеспейміз. Сансыз сұрақ кө-мейімде тұрғанмен, «ренжітіп аламын ба?» деп, сұрауға батылым бармайды.


Бірде психологиялық тренингке қатысып жүргенін кездейсоқ біліп қалдым. Оған дейін бейхабармын. Сейфуллин мен бұрынғы Киров көшелері қиылысына жеткізіп салып, күтіп тұрғам. Кеші-гіп, түнге қарай шықты. Егіліп, еңіреп жылап шықты... Әрі-бері жұбатқан болам. Өзі айтпаған соң, себебін сұрауға батылым бар-мады. Бір-екі күннен соң, жаңағы тренингіне тағы апарғанымда, өткендегіден бетер боздап жылап келді. Ештеме түсінбеймін... «Қой-қойлап» отырып әзер жұбаттым. Келер жолы сол жер-ге апара жатқанда, кәдімгідей мазам қашатын болды. «Бұл не жұмбақ?..» – деймін де қоям ішімнен. Өзі ештеме айтпайды. Үшін-ші-төртінші барғанда, бірте-бірте жылауын қойды, әйтеуір. Он-шақты рет барды-ау, ұмытпасам.


 


Содан, соңына қарай, жайлап отырып сұрадым: «Дені-басың сау ма, не боп жүр саған? Бұл не құпия?..» – деп. Сөйтсем, жаңағы тренинг өткізетін психолог-маман, өздерінің әдіс-тәсілдері бар шығар, қабылдап отырған пациенттерінің басындағы ауыр ахуал-дарын өз ауыздарынан айтқызып, бар шерін тарқатып, жылататын құсайды. Мен айтам: «Оған ақша беріп жылап-еңірегенше, басың-дағы проблемаларыңды маған-ақ айтпайсың ба? Сені жылатпай-ақ жолын тауып, өзім шешіп беретін едім ғой», – деп күлемін... Сөйтіп жүріп, өз бетімен ізденіп, оқып, біршама уақыт өткен соң, қосым-ша психолог маманының дипломын да алып шықты. «Жұмысына керек шығар», – деп ойладым да қойдым.


Тамызға қарай, туған күні қарсаңында, дүкеннен сыйлыққа деп, ұшында желкенді кеме бейнеленген алтын алқа алдым. Ол кез-де Зура америкалық компанияда, «Спутник» сауда орталығында, арендаторлар тауып, солармен келісімшарт жасасу жұмыстарын атқаратын. Сол жерден түс ауа алып кетіп, Науаимен тауға қарай өрлеп барып, Алматы өзенінің бойындағы бір саялы бақтың ішін-де тұрған кафеге барып отырдық. Ас-тамақпен қосып бір бөтелке қызыл шарап алдырттым. Официанттарға құйдырту ойға келмеген. Өзім қолыма алып, баяғы студенттік шақтағы құйыспен, бөтел-кенің аузымен екеуіміздің фужерларымыздың ернеуін соққылап тұрып, лақылдатып, толтыра құйғанмын ғой. Зура соны айтып: «Мынау алқаш па, немене... деп ойладым», – деп күледі кейінірек. Фужерді қолыма алып, көңілім толқып, дауысым дірілдеп отырып, құттықтау сөз айтып, сыйлығымды тапсырдым.


– Мынау желкенді қайықты (яғни мені) дүлей дауыл қуалап, қанша сенделткенімен, ол алтын шынжырға (саған (!) байлаулы. Оны үзіп ешқайда кете алмайды, – деп, өзімше ынтызар көңілімді көркемдеп, тұспалдап айтып, алқаны мойнына салдым. Екеуіміз де аз-аздап қана ұрттап отырдық. Мен болса да ішпеймін, оның үстіне рульдемін. Ол қасымда, оңаша отырмыз. Қолын ұстағым ке-леді, әлі де батпаймын сонда!.. Содан, бір кезде, шараптың қызуы бойына тепті ме:


 


– Өте қатты шаршап отырмын, – деді, баяу үнмен. Көзі кіртиіп, расында, жағдайы көрініп тұрды. Аяп кеттім.


– Шаршасаң, кел, менің алдыма басыңды қойып, шамалы де-малсаңшы, – деп едім, тіземнің үстіне орамалын қабаттап төседі де, ақырын қисайып басын қойғаны сол екен, заматта пысылдап ұйқыға кетті. Мен қимылдай алмай, қалшиған күйі отырдым. Бі-рақ дәл сол сәтте менен бақытты адам жоқ еді!.. Жиырма-отыз ми-нуттай тәтті ұйқыда болды. Содан соң барып сергіп, көзін ашып, «қайтайық» деді. Жолда қайтып келе жатқанда:


– Зура, күйеуің бар, үй-жайың бар, осынша шаршап, қинала-тындай не басыңа күн туды? Өзің демалыссыз жұмыс жасайсың, балаларыңа қарайсың, сырттан мебельді де өзің тасисың... Күйеуің қайда, неге көмектеспейді, неге атқармайды сол жұмыстарды?.. – дедім шыдамай. Біраз үнсіз отырып қалды. «Құдай-ай, нем бар еді, неге сұрадым!..» деп жаным мұрнымның ұшына келді...


– Ажырасып кеткенбіз...– деп, басын көтеріп, бірінші рет көзіме қадала қарады... Сонда, ажырасып кеткендеріне 3-4 жыл болып кеткен екен. Екі баласын асыраймын деп, намыстанып, қалжырап-қажып жүргені сол екен...


– Баяғыдан бері айтпайсың ба?!.. Оқыс қойған өз сауалымнан өзім қуыстанып қалдым.


– Ереке, бұл орынды-орынсыз айтыла беретін қайбір қуанышты жағдай дейсің?.. – деген салмақты сөзінен соң, тілімді тістедім...


Шынын айтқанда, анау бір жылдары қайта бас қосқан бірін-ші әйеліммен ұзақ жылдар бойы ырың-жырың болып жүріп, біз-дің де біржола кетіскенімізге біраз болған. Мұғалімдерге тиесілі ипотекалық бағдарламамен алынған «Құлагердегі» үйдің бар ақ-шасын төледім де, жекешелендіріп, атына аударып бердім. «Бұдан әрі тұз-дәміміз жараспайтыны анық болды. Бала 18 жасқа толды, есейді, дипломын өзім алып беремін. Үйлендіріп, оны үйлі-жайлы қылуды да өз мойныма аламын. Енді қай үйде тұрғың келеді, қа-лағаныңды ал да, қиналмай өз өміріңді сүр. Мені қайтып мазалама. Мен де сенімен тұра алмаймын!» дегем... Содан кейін ол әу бастан өз атындағы «Құлагердегі» үйге шығып кеткен. Қажетті қаржысын құйып бердім. Өзім «Ақбұлақтағы» үйді салып бітіргенмін...


Бұл – 2008 жыл, жұмыс тоқырап, техникаларым қаңтарылып тұрған, әлемді жайлаған қаржылық кризис кезі болатын. Бір күнде-рі, ойламаған жерден Оңтүстіктен жолдас балам келді. «Көксарай-да үлкен құрылыс жұмыстары басталып жатыр. Техникаларыңды алып, сонда келсейші, бірлесіп жұмыс жасайық» деп ұсыныс айта келіпті. «Тәуекел» деп, әуелі эксковатор, тракторларымды жібер-дім де, онша-мұнша шаруаларымды реттеп алған соң, өзім де кет-тім Шымкентке. Алматыға келіп-кетіп тұрам. Үйде студент інім – Олжас тұрып жатты. Зураға хабарласып тұрамын, бірақ әйеліммен біржола кетіскенімді, жалғыз тұрып жатқанымды, әуелде мен де айтпадым. Әйелдермен арадағы сойқан «драмалар» басқа тигенді-кі болу керек. Әйтеуір, «өзіме-өзім келіп алайын» деген сияқты ой тежей береді. «Жеке басымның шаруасына бой ұрып жүріп, қолға алған жаңа жұмысымды ақсатып алмаймын ба?» деп те күдікте-нетін болуым керек... Зураға ұсыныс айта қалғандай болсам, «ол мақұл көре қойса жақсы, «жоқ» деп, бас тартса қайтем» деген се-німсіздік те жоқ емес.


Өзіммен-өзім арпалысып жүргенде, «сенің семьяң бар, менің бала-шағам бар, жиі телефон шалып мазалай беруің жарамайды...» деген сөздерді айтып, Зура хабарласудан қашқақтай бастады. Сөй-тіп, күндерде бір күн телефон шалсам, нөмірі өшірулі. Жұмысы-на іздеп барсам, жұмыстан кеткен дейді. Үйіне барсам, есігі құлыптаулы... Шарқ ұрып іздеп, достарынан сұрап білсем, маған айтпай, «Астанаға барып жұмыс істеймін», – деп кетіп қалыпты!..


«Өмірдің маған деген «тарту-сынағы» таусылмаған екен ғой. Арада қаншама жыл өткенде, тағдырдың ғайыптан-тайып ұсынған мүмкіндігінен «әрі-сәрі» боп жүріп, тағы айырылдым ба!?..» – деп, ойсырап, еңсем түсіп кетті. Алматыда бірнеше күн сенделіп жүріп, амал жоқ, шаруаларыммен Шымкентке қайтып кеттім. Ауыр сырғып арада ай өтті... Күдерімді үзе алмай, бір күндері те-лефон шалсам, көздеп барған жұмысы ойынан шықпай, Алматыға қайтып кеп қапты! Естіген бойда ұшып отырып, Алматыға жеттім. Бұл жолы, «енді жалтақтаудың реті жоқ» деп шештім де, бойым-дағы бар батылдығымды жинап, жағдайды ашып айтып, түсіндір-іп, сендіріп, «жүрегімді қолына ұстаттым»!..


«Ақбұлақтағы» үйде Олжас жалғыз тұрып жатқан. Үйге көші-ріп әкелдім...


Аллаға шүкір, содан бері әлі күнге екеуіміз бір-бірімізге «сен» десіп, салқындасқан күніміз жоқ. Зурамен қосылғанымызда, менің ұлдарым есейіп қалған. Зураның ұл-қызы да ержеткен. Ұлдар үйле-ніп, қыздар тұрмысқа шығып, бәрі үйлі-жайлы болды. Екеуіміз бас қосуға шешім қабылдаған күні-ақ бар әңгімені олардың алдарына жайып салғанбыз. Ә дегеннен бәрі бірдей «иә!» деп, қуана қостап кетпегенімен, уақыт өте келе, түсіністікпен қабылдап, бұл күнде әкелі-балалы тату-тәтті бір отбасы мүшелері болдық. Ақырын-ақырын тіршілігіміз қалыпқа түсті деп, нық сеніммен айта аламыз. Қуана күткен немерелеріміз жарық дүниеге келіп, шаңырағымыз шуаққа толуда!..


Зурамен екеуіміздің арамыздағы «ғашықтық хикаяның» шет-жағасын тиіп-қашып естіген достарымызға өз басым әзіл-шынын араластыра: «Біздің махаббатымыз – әлі жазылып бітпеген кі-тап!..» – деп қоямын.


Қандай бір іс-әрекетті қолымызға алмайық, туған-туыс, дос-жолдастармен           қарым-қатынасымызда        да,                                     тіпті,            ұл-қыз-дарымызға қандай бір көмек жасамақ болсақ та – екеуіміз ақыл-дасып отырып жасаймыз. Жасыратыны жоқ, ер-азамат ретінде, әсіресе Зураны бағалайтыным, ол өзінің менің елімнің, менің әулетімнің келіні екенін, менің жарым екенін, ұл-қыздарымыздың Анасы екенін дұрыс түсінеді. Ол – оның әке-шешесінен алған ізгі тәлім-тәрбиесінің жемісі. Бәлкім, одан да терең – атаның қанымен, ананың сүтімен сіңген бекзаттық болмысы! Сондықтан, мен үшін оның қадір-қасиеті арта түспесе, кемімек емес...


Зура – менің көп жылдар арман еткен аңсарым, тәлейлі тағдыр-ды басымнан кеше жүріп қолыма қондырған бақ құсым!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу